Арманы асқақ азамат
«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген мақалдың ХХІ ғасырда орынды һәм орынсыз екенін футбол жанкүйерлері айта жатар. Ал, Еуропа командаларындағы футболшылардың жалақысына қарасаң, тозып кеткен спортшы жоқ дер едіңіз. Мәселе онда емес, мәселе – елімізде мұндай дарынды жастар бар ма дегенге саяды. Тәубе, ала доп десе ішкен асын жерге қояр жастарымыз жеткілікті. Айтпағымыз әуесқой спортшылар емес, кәсіби ала доп шеберлері. Мұндай азаматтардың бірі – Ақжол ДӘРІБАЙ.
Қарағанды қаласында кіндік қаны тамған спортшының тұсауын бір кездері әкесінің досы, 1994 жылғы Әлем Кубогінің иегері, былғары қолғап шебері Аркадий Топаев кескен еді. Мұндай ұланның болашақта спортшы болары белгілі болғанмен, кейіпкеріміз боксқа әуестене қоймады. Мұның орнына ол – футболды таңдады. 2 сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ мектепаралық жарыстың жүлдегері атанды. Кейін, облыстағы аула футболы лигасында тұрақты өнер көрсетіп жүрді. Нәтижесінде, 2008-2014 жылдар аралығында аула лигасының жеңімпазы бола тұрып, төрт жыл қатарынан лиганың үздік ойыншысы атанды. Тәңір тарту еткен дарын осы емес пе?
Десе де, Ақжол Рымқасұлы біржақты футболмен ғана шұғылданды десек, ағат айтқанымыз болар еді. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, ол ән айтуды да жақыс көреді. Талап тас жарып, Қарағанды қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыкалық-мектеп интернатына да оқуға қабылданады. Дегенмен, уақыт өте келе таңдау жасауға тура келіп, толыққанды спортшы болу үшін №77 мектеп-балабақша кешеніне ауысып, 14 жасында «Тұлпар» шағын футбол клубының кәсіби футболшысы атанады.
Осылайша, әуесқой спортқа қарағанда, кәсіби спорт кейіпкерімізге Республика деңгейінде өнер көрсету мүмкіндігін бере отырып, жігерін жани түсті. Шама-шарқын түсініп, жігерін жануына жол ашты. Алғашқы жаттығуда-ақ көзге түскен ол 2015 жылы жастар арасында өткен 7 қысқы Спортакиадада қола жүлдегер атанды. Дей тұрғанмен, Ақжол Дәрібай әннен біржола қол үзбеген болатын. Бұған дәлел – оның сайыстарда бақ сынап, «Қарағандының алтын дауысы» атануы. Сол жылы спортшы «Тұлпар» клубы сапында 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы ҚР Чемпионатында 2 орынды қанжығалап, «Үздік ойыншы» деп танылды.
Ақжолды әрмен қарай күткен сын – Әлемдік дода еді. Айтып өткен 2016 жылдың шілде айында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерден құралған ҚР Ұлттық құрамасына шақырылып, Парагвай елінде ұйымдастырылған Әлем Чемпионатында команда капитаны ретінде ел құрамасын бастап шықты. Жарыстың алғашқы голын да соққан Ақжол еді. Сөйтіп, жарыс қорытындысы бойынша ел құрамасы кіші қола жүлдегері атанды.
«Қой асығы демеңіз, Қолыңа жақса – сақа тұт. Жасы кiшi демеңіз, Ақылы асса – аға тұт!» демей ме халық даналығы? Алаштың алтын асығындай болған Ақжолдың бағындырар биігі әлі алда деп сенейік.
Рауан ҚАБИДОЛДИН