Ауыл жастарын қанаттандыратын ауқымды жоба жүзеге асады
Соңғы жылдары елімізде ауыл жастарын қанаттандырып, әлеуетін ашу жолында ауқымды жобалар жүзеге асып келеді. Аймағымызда да сондай ірі жобаның бірі әрі бірегейі «Ұлт қазынасы» жобасы шымылдығын түрді. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен қолға алынған пилоттық жоба ауылдық жерлерде өсіп келе жатқан талантты жастардың мүмкіндіктерін молайтуға, кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған.

Тың жоба ауылда тұратын 14 пен 25 жас аралығындағы жастарға арналған. Қатысушыларды іріктеуге қойылған басты талап – талант пен дамуға деген құлшыныс. Бұл ретте қатысушының қай салаға бейім екені маңызды емес. Жоба жетекшілері шығармашылық, кәсіпкерлік, өнер саласы болса да қолдауға әзір.
– Жастарға тек білім мен тәжірибе ғана емес, сенім де қажет. Біз олардың өз жолын тауып, табысқа жетуіне жол көрсетсек дейміз. Табыс арман жолында еңбектенген адамға келеді. Сол себепті де жастарды еңбекке баулып, оларға әрдайым ақыл-кеңес айтып, дұрыс жолға бағыттау жолында осы жобаны қолға алдық. Облыс бойынша жанданып, қанаттанып кетсе, республика көлемінде де жұмыс атқаруға әзірміз, – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.
Жоба жұмысына әр салада жетістікке жеткен менторлар тартылады. Әрбір менторға үш шәкірттен бекітілді. Ал, дамуға құштар жастар көп болса бес қатысушыға дейін қабылдауға мүмкіндік бар. Олар ауылдарға барып, жастармен кездесіп, үміткерлерді іріктейді. Әр маман жастармен өз бағдарламасына сай жеке жұмыс жүргізіп, кеңес береді, бағыт көрсетеді. Алайда, менторлардың жастарға қаржылай қолдау көрсетуіне тыйым салынған.
– Менің өзім де ауылда туып-өстім. Сол себепті де, ауыл жастарының мен үшін орны бөлек. Олардың көкжиек танымдарын одан әрі кеңейту мақсатында осы жобаға өз қал-қадарымша атсалысқым келеді. Алдағы уақытта шәкірттеріммен бірге биік белестерді бағындыратыныма сенімдімін, – деді ментор, «AMANAT» партиясының Бұқар жырау аудандық филиалының төрағасы Анар Бозаева.
Жоба жұмысы желтоқсан айында қорытындыланады. Үздіктер «Saryarqa-jastary» платформасында онлайн дауыс беру арқылы анықталады. Ең белсенді қатысушыларға «Ұлт үміті», ал, үздік менторларға «Ұлт мақтанышы» сыйлықтары табысталады.
Жобаға қатысқысы келген жастар тұрғылықты жері бойынша Жастар ресурстық орталықтарына жүгініп, менторлармен белгіленген уақытта кездесе алады.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»