Жаңалықтар

Арманды қанаттандырар жоба

Биыл аймақтағы колледждер мен жоғары оқу орындарының 429 түлегі «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша жұмысқа жолдама алды. Жоба аясында бюджет қаражаты есебінен 872 адамды қамту жоспарланған.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Аталған жобаға Еңбек ұтқырлығы орталығында немесе Мансап орталықтарында ресми тіркелген жұмыссыздар жұмысқа орналастырылады. Ал, мемлекет қолдауын пайдалануға 35 жастан аспаған, бес жыл бұрын диплом алған мамандар құқылы.

Жұмыстың ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақы мөлшері кемінде 30 айлық есептік көрсеткішке тең. Бұл – 117 960 теңге. Жолдаманы тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығынан алу керек.

Бұл жобаға қатысушылардың бірі – 23 жастағы Хансұлтан Мақсатұлы. Ол Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетін 2023 жылы бітірген.

– Мамандығым тау-кен және пайдалы қазбаларды өндірумен байланысты. Жоғары оқу орнын бітірген соң өкінішке қарай, мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Ата-анама масыл болмау үшін азықтүлік дүкеніне орналасып, бір жылға жуық жұмыс істедім. Алайда, үнемі мамандығыммен жұмыс істеуді армандап жүрдім. Сонша жыл бекер оқыдым ба? «Жастар тәжірибесі» жобасы арқылы өз мүмкіндігімді жіберіп алмауға бел будым, – дейді ол.

Хансұлтанның айтуынша, ол былтыр қыркүйек айынан бастап, «QazaqGaz Aimaq» АҚ ҚӨФ өндірістік-техникалық бөлімінде жұмыс істеп келеді.

– Жалақымды уақытында аламын, барлық әлеуметтік төлемдер жүргізілуде. Өзімді жақсы көрсетіп, үлкен команданың құрамында боламын деп үміттенемін, – дейді жас маман.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button