Бас тақырып

Арманды ана тілі қанаттандырады

Қоғам болғаннан кейін түрлі пікірлер, алуан көз­қа­растар қалыптасатыны анық. Бұл – заңды құбы­лыс. Бірақ, бүгінгі таңда мем­лекет­тік тілдің болашағына сенбей, теріс көзқарас қалыптастырып жүргендер баршылық. Біз айтып отырған көзқарастар мен пікірлердің алаңына айналған әлеуметтік желіде мұндай әңгімелер тыйылмай тұр. Күнделікті диалогтарда да естіп, аңдап жүрміз. Пессимизммен қарау – сәнге айналып бара жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Қазақта басқа Отан, басқа тіл жоқ. Әлемдік карта дүрлігіп тұрған шақта елдігіңді сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасамақ керек. Ұлтты ұлт етіп тұрған тіл емес пе?!

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

«Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайы өтті. Сонда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Ана тіліміздің төңірегіндегі осы мәселені көтерді. Ол «Тілдің болашағына қатысты пессимизмнен арылу керек. Әрине, егемендікті енді алған кезде тіл мәселесі күрделі еді. Сол уақытта тілді сақтап қалу жөнінде түрлі пікірталас болғаны анық. Бірақ одан бері заман оңалды. Қазіргі жағдайды ол кезбен мүлде салыстыруға болмайды. Барды бар деуіміз керек.  Ана тіліміздің қолданылу аясы күн санап кеңейіп келеді. Бүгін дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл болса, соның екі жарым мыңға жуығы жойылып кету қаупінде тұр. Қазақ тіліне қатысты мұндай қатер жоқ деп сенімді түрде айтуға болады. Ана тіліміз тұғыры мықты 80 тілдің қатарында тұр», – деді өз сөзінде.

«Бітіп келе жатқан жарасын тырнай бергеннен асқан ақымақ жоқ» деген даналық бар. Расында, «Өткенге өкпе жүрмейді. Өткенде тек тәубе жүреді» (Әбіш Кекілбаев).

Айтқымыз келген ойды қанық ету үшін бір әңгімені айталық. Өткен айда Қарағандыға белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев келді. Сапарының мақсаты – Аманжол Шөпжанов деген азаматты іздеп табу. Анығын айтқанда, іздеген адамы көзкөргендердің естелігі бойынша 1942 жылы туған. Шамамен 38 жыл ғана өмір сүрген. Кеңес дәуірінде қазақ мектептерінің жабылуына және ұлтты жаппай орыстандыру саясатына қарсы шығып, бозторғайдай шырылдаған деседі. Жай ғана кеуде соғып, атойлаған көптің бірі болмаған.

Арғы-бергі тарихтан хабардар, математикаға ойы ұшқыр, жоғары білімді қазақтың бір зиялысы. Сол зиялы қазақтың бірі болғаны үшін де КГБ-ның қарауылына іліккен. Сұрыптау кентіндегі көзін көрген туыстарының айтуынша, әлдебіреу­лер басынан ұрып, денсаулығына зақым келтірген, жындыханаға тоғытқан. Бірақ, жындыханада ақыл-есінің түзу болғанын, кездесуге барғандарында сондағы күзет ұзақ уақыт сөйлестірмегендерін де айтты. Жамбыл Артықбаевтың болжауы бойынша, мұның бәрі әдейі жасалған. Әділет Жағыпар есімді жас тарихшы екеуі қазір архивтерді қотарып жүр. Өміріне қатысты деректер естеліктерде ғана сайрап жатыр әзірге. Тарихшыларымыздың іздегені табылар деп үміттенеміз.

Ұлт үшін қиын заманда Ана тілінің тірлігі үшін осылай күрес­кен. Халқының артық туған перзенттері өмірін, жастық шағын қиып жіберген. Алаш ардақтыларының да тағдырын еске түсіріңіз. Ал, қазір ше? Шекарамыз шегендеулі, Ата заңымыз, Астанамыз бар. Халқымыз аман, бауырымыз бүтін. Былай қарап отырсаңыз, бұдан артық не керек? Бұл сөзімізден де кілтипан табатындар табылар. Бірақ, жарқын өмір, арайлы болашақ үшін әуелі халықтың өзі талпыныс жасаса, нұр үстіне нұр.

Талпыныс жасалмай жатқан жоқ. Мемлекет басшысы әр Жолдауында, Ұлттық Құрылтайларда сөйлеген сөздерінде осы Ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін пәрмен беріп, қаржыны да бөлуде. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» деген сөзі дәлел.

Мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан қолдау мен атқарылып жатқан жұмыстар аймағымызда да оң нәтижесін көрсетуде. Мәселен, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Салтанат Әбеуованың айтуынша, аймақта мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндердің қатары көбейіп келеді.

– Қазіргі уақытта ересектерге арналған тегін тіл оқыту курстары сұранысқа ие. Әсіресе, мемлекеттік тілді үйренгісі келетін азаматтардың саны кейінгі екі жылда айтарлықтай өсті. Былтыр облыс­та 3500-ден астам адам қазақ тілінің А1,А2 базалық деңгейлерін меңгеріп шықты. Соның ішінде, өзге этнос өкілдерінің саны 2455-ке жетті. Олардың жаппай мемлекеттік тілді үйренуге ниет білдіріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Мемлекеттік тілді меңгеру бүгінгі күні еңбек нарығында да сұранысқа ие. Әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдері қазақ тілін үйренуге ерекше назар аударуда. 2024 жылы облыс бойынша 1 мың қызмет көрсетуші тіл үйренді, – деді Салтанат Әбеуова.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін үйренуі зор маңызға ие» деп атап өткен. «Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі» деп еді.

Еліміз бұл күнде қазақ тілін жаһанға таныту үшін де қыруар жұмысты қолға алған. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларын шет тілдерге тәржімалауда. Бұл – қазақ тіліндегі шығармалар жаһан кітапханаларының сөрелерінен орын тауып жатыр деген сөз. Жаһан оқырмандарының ықыласына бөленген әлем әдебиетінің жауһарлары да қазақ оқырмандарына Ана тілімізде қолжетімді.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button