Бас тақырып

Армандар аялдамасы

Қарағанды – Қазақстанның кіндігі секілді. Елорданы айтпағанда, қазақтың биіктерін, тағдыр мен тарих сіңген шоқыларын құшағына алып, көсіліп жатқан Арқа даласының жауһары десек, қателескеніміз емес. Арқаның ғана емес, Алаштың басынан өткен мың жылдықтардың аңызы осы шаһарда жаңғырып тұрғандай. Адамның алпыс екі тамырында айналған қан жүректі айналып өтпейді. Сол жұмыр ет – тәндегі тоғыз жолдың торабы. Қарағанды да солай. Қазақстанның кеудесіндегі жұмыр ет. Дүрсілдеп тұр!

Коллаж Ш.Адамбекова

Қарағанды теміржол вокзалы – осы шаһардың табалдырығы. Табалдырығын қастерлеген жұртпыз. Қарағанды теміржол вокзалы – қоштасқандар мен қауышқандардың пенде түсінбейтін толғаныстары сақталған сырсандық. Ұлы туындыға ұлы сағыныш керек.

Әлемді дүр сілкіндірген «COVID-19» пандемиясына дейін алып құрлықты шарлаған жолаушылар кеншілер шаһарының үстімен өткен. Мәселен, 2019 жылға дейін осы вокзал Қырғызстанның астанасы Бішкек пен Ресейдің Мәскеуін жалғаған екен. №84-ші поезд. Ал, Мәскеуге барар жолда Омбы мен Самараға, Челябинскіге, Новосибирскіге, Томскіге, Новокузнецкіге локомотив басын тіреген. Тізімде Екатеринбург пен Киев те бар еді.

Қарағанды теміржолы аңызға, ақынның жырына, сазгердің әніне айналғалы қашан. Бұқар жыраудың, Қазыбек бидің, бергісі Әлиханның, Әлімханның, Мәдидің, Қасымның және өзге де ұлылардың топырағы деп тәу етіп келген сәулелі жандарды талай тебіренткен. Ғаламторға бір құрық салсаңыз, осы вокзал хақында өлең көп. Бұл да бір мыңжылдықтарға созылатын парақтағы ғұмыр екені даусыз. Перонда тұрып, алысқа жәутеңдеген бойжеткеннің жанары, дірілдеген ерні, бозбаланың аттай тулаған жүрегі… Осында тоғысқан тағдырлардың зілдей вагондардан, соларды байтақ даланың төсімен сүйреп ала жөнелген локомативтерден ауыр салмағы бар.

Теміржол вокзалы 1956 жылы бой көтерген. Ғимараттың жобасын «Ленгипротранс» институты жасаған. Авторлары – П.Ашастин мен М.Бениолинсон. Күту залдары  мүсінші, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген суретшісі П.Антоненконың барельефтерімен ажарланған. Вокзал бір жылда орта есеппен алғанда 1,5 млн-ға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді екен. Жер тұрғанша ағылатын көш. Өмір дейтін ұлы сапарға шақтап берілген жолдорбадай кеудесіне қимастық пен махаббатты сығымдап салған адамзаттың көші.

Қарағандыны шартараппен жалғайтын «Сарыарқа» әуежайының әңгімесі де бөлек. Алыстан келген жолаушы қайда келгенін әуежайдың атауынан-ақ біледі. «Сарыарқа»! Атауының өзі – бренд. Әуежай 1980 жылы пайдалануға беріліпті. Әуежай азаматтық авиацияның халықаралық ұйымының бірінші санаты бойынша әуе кемелерінің барлық түрлеріне қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. 1992 жылы «Сарыарқа» әуежайына уақытша сызба бойынша Халықаралық әуежай мәртебесі берілді. Оның жобалық қуаты бір жылда 2,5 млн. жолаушыға қызмет көрсетуге, 18 мың тонна жүкті және 7 мың тонна поштаны жеткізуге мүмкіндік береді. Халықаралық әуежай Қазақстанның жиырмаға жуық қаласында бар.

1980 жылдың 4 қарашасында алғашқы «ТУ-154Б» лайнері ұшу алаңына қонған. Сол кезден бастап «ТУ-154» және «ИЛ-62» типті ұшақтары бұрынғы Кеңес үкіметінің ірі қалаларына әуе жолын ашты. Мәскеу, Ленинград, Алматы, Сочи, Киев, Новосибирск, Омск, Баку және басқа да бағыттарға рейстер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, көмірмен даңқы шыққан шаһардан Германия (Майнадағы Франкфурт, Ганновер, Кельн, Дюссельдорф, Штутгарт, Нюрн­берг), Стамбул, Шарджа (Біріккен Араб Эмираттары) мегаполистеріне ұшақтар ұшты. Сонымен қатар, Польша, Пәкістан, Сирия, Иран, Таиландқа да бағыт алды. 2002 жылы жаңарту жұмыстары жүргізіліп, жалпы аумағы 30 000 шаршы метр болатын аэровокзал кешенінің ғимараты толығымен қолданысқа берілді. Мұнда «Боинг-747», «ИЛ-86» типті әуе кемелерін қабылдай алатын ені 60 метр, ұзындығы 3300 метр ұшу-қону алаңы бар.

Аймақтарды жалғайтын маңызды тас­жолдар да Қарағандыны айналып өтпейді. Ұшар биіктен қарасаңыз, тарам-тарам тамырлардай көрінетін жолдардың жалпы ұзындығы 1354 шақырымды құрайды екен. Республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 640 шақырым. Ал, облыстық маңызы бар жолдар – 297.

Есілдің бойын ен жайлаған елордамыз Астана мен Алатаудың баурайындағы Алматыны жалғайтын тасжол да іргеде жатыр. Сол жол – ел экономикасының күретамыры. Қарағанды – сондағы кідірмес көшке қуат беретін үлкен шаһар. Есілден басталған толқын Ақсораңның етегінен, Тоқырауын мен Нұраның, Балқаш көлінің жағасынан өтеді.

Қазақстанды үлкен үй делік. Қарағанды сол үйдің дәлізі. Бөлмелерді жалғап жатыр. Бір сөзбен айтсақ, тоғыз жолдың торабы.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button