Арман Шаққалиев: Қазақстанда «Береке Fest» азық-түлік акциясы өтеді
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыруға бағытталған қосымша шараларды жариялады.
Министрдің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа еліміздің барлық өңірлерінен 80-нен астам ірі сауда желілерінің өкілдері, Қазақстан сауда желілері қауымдастығы, облыс әкімдерінің орынбасарлары және Magnum Cash&Carry, Small&Skif, Anvar, Dina, Dana, Norma, Metro, Toimart, Galmart, INMART, Greenwich сияқты сауда орындары қатысты.

Шаққалиев Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15% мөлшеріндегі сауда үстемесін сақтау қажеттігін еске салды. Бұзушылық орын алса, қатаң шаралар қабылданатынын ескертті. Жыл басынан бері Министрліктің аумақтық департаменттері 2562 әкімшілік қаулы қабылдаған. Оның ішінде 1360-ы – 56,5 млн теңгеден астам айыппұл, 1202-сі – ескерту.
Ет өнімдері нарығына ерекше назар аударылып отыр. Әлеуметтік маңызы бар сиыр етіне үстеме бағаны асырғаны үшін 45 қаулы рәсімделіп, оның 33-і бойынша айыппұл салынған. Бұл бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен мониторингтік топтар құрылуда. Сондай-ақ жасырын қымбаттау схемаларын болдырмау үшін заңнамалық өзгерістер әзірленуде.
Жыл басынан бері аймақтық комиссиялар 747 отырыс өткізіп, 2301 бұзушылықты анықтады. 1956 әкімшілік қаулы қабылданып, 345 делдал нарықтан шеттетілді. Электронды шот-фактураларды талдау барысында 9015 мың тауарлық тізбектің ішінен 823 тәуекелді бұзушылық анықталды.
Бұдан бөлек, «Береке Fest» кең ауқымды акциясы іске қосылмақ. Оның аясында қазақстандық өндірушілердің көкөніс, жеміс-жидек және сиыр еті сияқты өнімдері нарықтан төмен бағамен ұсынылады. Бұл ішкі өндірісті қолдап қана қоймай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтануына ықпал етеді.
Сонымен қатар өңірлерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері көбейіп, тұтынушыларға сапалы отандық өнімдерге тікелей қол жеткізу мүмкіндігі артады.