Арман Шаққалиев: «Қарағанды облысында бес базарды жаңғырту қажет»
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Сауда базарлары мен нысандар жағдайымен танысты. Сапар барысында министр базарларды аралап, олардың жаңғыртылу барысын тексерді және инфрақұрылымды әрі қарай дамыту шараларын талқылады.

«Сауда қызметін реттеу туралы» Заңға сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарға дейін елдегі барлық базарлар заманауи стационарлық нысандар форматына көшірілуі тиіс. Бұл мерзім үш рет кейінге шегерілген, сондықтан енді қайтадан ұзарту қарастырылмайды. Қазақстанда 626 базар жұмыс істейді, оның 256-сы жаңғыртуға жатады. Бүгінгі күні 156 нысан қайта құрылды, ал 2025 жылы тағы 100 базарды жаңарту жоспарланған.
Министрдің атап өтуінше, Қарағандыда бес базарды жаңғырту қажет. «Шығыс» базарында жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, нысанды іске қосу 2025 жылдың желтоқсанға жоспарланған. «Тұлпар» базарының аумағында ХҚКО мен автодром салынуда. «Горняк» базары бойынша құны 557 млн теңгені құрайтын жоба жүзеге асырылуда, ол жыл соңында аяқталады. «Алтын арба» базарының басшылығы 20 мың шаршы метрден асатын сауда үйін салуды жоспарлап отыр, құрылыс жұмыстарының басталуы төртінші тоқсанға белгіленген. «Қайрат» базары аумағы қызметтің болмауына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылды.
Министр базарларды инженерлік желілерге қосу, жобалық құжаттаманы келісу және қаржыландыру мәселелері шешімін таппай отырғанын атап өтті. Ол бұл міндеттерді орындау үшін негізгі жауапкершілік базар иелеріне жүктелетінін және белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін қадап айтты.
Сондай-ақ Арман Шаққалиев Қарағандыда халықпен және бизнес өкілдерімен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Министр кәсіпкерлерді қолдау мақсатында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және несиелерді кепілдендіру тетіктері жұмыс істеп жатқанын айтты.
Қарағанды облысында жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құрайтын сегіз жоба мақұлданды. Оның ішінде алтауы – инвестициялық. 2026 жылдан бастап тауар айналымына қатысушылардың барлығы Ұлттық тауар каталогын қолдануға міндетті болады. Бұл «сауданың цифрлық айнасын» қалыптастырып, үдерістердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Аяулым СОВЕТ