Арманға жетелеген жеңіс
Қарағандыдағы «Мұрагер» мамандандырылған мектебінің оқушылары робототехника бағыты бойынша тынымсыз ізденіс үстінде. Жуырда аталған білім ошағының екі командасы Алматыдағы DARYN FIRST CHAMPIONSHIP республикалық робот техникасы фестивалінде топ жарды. Алдағы уақытта олар Орталық Азия чемпионатында кеншілер өлкесінің намысын қорғауға аттанбақ.
Ауқымды республикалық фестивальға Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды облыстары мен Жетісу облысынан 1200-ден астам саланың үздік оқушысы қатысты.
FIRST Tech Challenge (FTC), FIRST LEGO League Challenge (FLL Challenge) және FIRST LEGO League Explore (FLL Explore) сынды үш бағыт бойынша өрбіген сайыс тартысқа толы болды.
FTC санатында оныншы және он бірінші сынып оқушылары бақ сынасып, роботтарды ересектерге арналған арнайы конструктордан жинап, жүктелген міндеттерді өздігінен орындай алатындай бағдарламалап шықты.
Ал, FLL бағытында 7-8 сынып оқушылары өнер көрсетіп, LEGO конструкторынан роботтарды жинап, бағдарлама енгізген.
Үшінші FLL Explore санаты LEGO-дан бағдарламаланатын роботтарды құрастырған ең жас қатысушылар үшін бөлінгенін айта кету керек.
Жерлестеріміз, «Мұрагер» мамандандырылған мектебінің оқушылары FTC және FLL бағытында бірінші орын алып, мерейімізді тасытты. Аталған екі команданы да информатика пәнінің мұғалімдері Бердібек Қазығұлов пен Жанәділ Шәкәрім дайындаған.
– Фестивальға дайындықты қазан айында бастадық. Балалар бар күшін салды. Олар – бұл байқаудың өте қызық екенін байқап, дайындыққа ерекше ықыласпен кіріскен. Балалар жеңіске жеткеніне қуанышты. Әсіресе кіші жастағылары. Өйткені, олар үшін бұл – ауқымды жарыстардағы алғашқы тәжірибесі. Сайыста соңына дейін берілмей қарым-қабілетін көрсете алды, – дейді Бердібек Қазығұлов.
Бұл жеңіс арқылы жерлестеріміз 2025 жылдың ақпан айында Алматыда өтетін робототехника бойынша Орталық Азия чемпионатына қатысуға жолдама жеңіп алды. Егер қарағандылықтар Алматыдағы ірі фествальда үздік атанса, биыл көктемде АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлемдік турнирге қатысу құқығына ие болады.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»