Қарағандыдағы «Ана үйінің» көмегімен 371 ана мен сәбиге қолдау көрсетілді
Ана мен балаға қамқорлықты күшейту мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында бірнеше рет әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған еді. Президент тапсырмасы аясында елімізде ана мен баланы қорғауға бағытталған түрлі әлеуметтік жобалар мен қоғамдық бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Бүгінде елімізде әйелдер мен балаларды қорғау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе, өмірлік қиын жағдайға тап болған аналар мен олардың сәбилеріне қолдау көрсету қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін айқындайды. Осы бағыттағы ұйымның бірі – «Ана үйі» қоғамдық қоры. «Ана үйі» қоғамдық қоры қазақстандық меценаттардың қолдауымен жұмыс істейді.
Бұл қайырымдылық ұйымы әлеуметтік түйткілдің алдын алу және балалар үйіне түсетін балалардың санын азайту мақсатында 13 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Қордың басты мақсаты – ананың сәбиінен бас тартуына жол бермеу және баланың туған отбасында қалуына мүмкіндік жасау.
Бүгінде қор Қазақстанның 18 қаласында 20 «Ана үйін» ашты. Оның ішінде, екі орталық онлайн кеңес беруде. Мұнда жаңа туған нәрестесімен өмірлік қиын жағдайға тап болған аналар уақытша тұрып, әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек алады.
Қор қызметінің нәтижелері де айтарлықтай. 13 жыл ішінде 7 843 әйел уақытылы атаулы әлеуметтік көмек алып, олардың балалары балалар үйіне жіберілмей, өз отбасында қалды. Ал, Қарағанды қаласындағы «Ана үйінің» көмегімен 371 ана мен сәби қолдау тапқан.
– Біздің негізгі мақсатымыз – ананы баласынан айырмау. Көп жағдайда әйелдер қиындыққа тап болған кезде қолдау таппай, амалсыз шешім қабылдайды. Біз дәл сол сәтте жанынан табылып, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетеміз. Нәтижесінде көптеген ана өз сәбиін сақтап қалып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік алады, – деді Қарағанды қаласы Ана үйінің координаторы Надежда Жалбаева.
«Ана үйінің» көмегімен қолдау алған ана атын атамауды өтініп, пікірін білдірді.
– Егер мен сол қиын сәтте қолдау таппасам, баламнан айырылып, баз кешіп кетер едім. Бала туғаннан кейінгі алғашқы айлар өте қиын болды. Кейде амалсыз шешім қабылдауға тура келетіндей жағдайлар да кездесті. Бірақ, «Ана үйінің» мамандары әрдайым психологиялық кеңес беріп, қажетті заттармен қамтамасыз етті, балаларым үшін әлеуметтік көмек ұйымдастырды. Бүгін мен өз сәбиіммен біргемін. Болашағымызға сеніммен қараймын, – дейді ол.
Ресми дерекке сүйенсек, қазіргі таңда «Ана үйі» еліміздегі жаңа туған сәбиден бас тарту жағдайларының 69 пайызының алдын алған. Дегенмен, жетімдік мәселесі толық шешілді деуге әлі ерте. Балалар үйлеріне әртүрлі жастағы балалардың келуі әлі де тоқтар емес.
Осыған байланысты, аталған қор 2016 жылы жұмысының екінші бағытын, яғни, Бала асырап алу ұлттық агенттігін іске қосты. Оның негізгі миссиясы – қабылдаушы отбасыларды даярлау, сүйемелдеу және қоғамда бала асырап алу мәдениетін дамыту.
Бүгінде Қазақстанның 20 қаласында кеңес беру кабинеттері жұмыс істейді. Қор мамандары балалар үйлерінен немесе сәбилер үйлерінен бала асырап алғысы келетін азаматтарға кеңес беріп, психологиялық қолдау көрсетеді. Сонымен бірге, әлеуетті ата-аналар Қабылдаушы ата-аналар мектебінде арнайы дайындықтан өтеді. Мұнда олар бала психологиясы, бейімделу кезеңі және жаңа отбасылық қатынастарды қалыптастыру жөнінде маңызды білім алады.
Бүгінгі күні осы агенттіктің көмегімен 1 419 қазақстандық отбасы 2 102 баланы өз қамқорлығына алған. Сонымен қатар, 20 374 азаматқа кеңес беріліп, олардың 6 745-і қабылдаушы ата-аналар мектебінен өтті.
«Ана үйінің» көмегімен отбасылы болған бала да өз пікірін және ризашылығын білдіріп, атын атамауды сұрады.
– Мен жаңа отбасымды өте жақсы көремін. Анам мен әкем әрқашан мені қолдап, бірге уақыт өткізеді. Бұрын балалар үйінде болдым, бірақ, қазір толық отбасыда бақытты өмір сүріп жатырмын. Бастысы, менің жаңа өмірімде сүйіспеншілік пен қамқорлық бар. Армандарым үшін күресе аламын, – дейді бала.
Баланың толыққанды дамуы мен тәуелсіз өмірге дайындалуы ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан да, Қор балаларға арналған «Балажан» интернат мекемелерін трансформациялау бағдарламасын да іске асыруда. Жобаның басты мақсаты – мекеме қызметкерлерінің жұмысын балаларды интернатта ұзақ уақыт ұстауға емес, олардың отбасына оралуына немесе жаңа отбасы табуына бағыттау.
Бұдан бөлек, 2021 жылдан бастап, Қор сәбилер үйлеріндегі «Үміт» топтарында балаларын уақытша қалдырған аналармен жұмыс жүргізе бастады. Бұл бастама балалардың уақытша топтардан балалар үйлеріне жіберілуінің алдын алуға бағытталған.
Нәтижесінде 2021 жылдың шілде айынан бері Қордың ресурстық орталықтарының көмегімен интернат мекемелеріне уақытша орналастырылған 1 343 бала туған отбасыларына қайтарылды. Оның ішінде, 53 бала Қарағанды қаласындағы «Ана үйінің» жұмысы арқылы өз отбасына оралған.
Соған қарамастан елімізде әлі де 3 962 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала балалар үйлерінде өмір сүріп жатыр. Олардың арасында денсаулығында ерекшеліктері бар немесе түрлі даму бұзылыстары кездесетін балалар да бар.
Осы мәселені шешу үшін 2022 жылы Қор қамқоршылары ерекше қажеттіліктері бар балаларды қабылдауға дайын отбасыларды қолдау мақсатында пилоттық жобаны іске қосты. Жобаға арнайы қаржы бөлініп, қабылдаушы отбасыларға медициналық оңалту, қажет болған жағдайда ота жасау шығындарын өтеу және қаржылай қолдау көрсету қарастырылды. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында 318 бала көмек алған.
– Әрбір бала отбасыда тәрбиеленуге лайық. Интернат мекемесінде өскен бала қоғамға бейімделуде көптеген қиындыққа тап болуы мүмкін. Сол себепті, басты міндетіміз – балаларды отбасымен қауыштыру және ата-аналарға қажетті қолдау көрсету, – деп атап өтті Надежда Александровна.
Тағы бір айта кетерлігі, Қор жетім балаларға отбасы табуға көмектесу мақсатында әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Instagram желісінде «Отбасын армандаймын!» атты арнайы бейне-анкета базасы құрылған. Онда балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан балалар туралы қысқа бейнематериалдар жарияланады. Пилоттық жобаның арқасында екі айдың ішінде үш бала жаңа отбасын тапқан.
2024 жылы Қор қызметі халықаралық деңгейге де шыққанын айрықша атап айту керек. Құрылтайшылар Айдын Рахимбаев пен Арсен Томскийдің қолдауымен Mother’s Home International Foundation халықаралық бағыты іске қосылды. Қазіргі уақытта Өзбекстан, Украина, Қырғызстан және Малайзияда ресурстық орталықтар жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, Түркияда филиал тіркеу процесі жүргізілуде, ал, Колумбия, Перу, Болгария, Польша және Таиланд елдерінде жобаны іске қосу мүмкіндігі қарастырылуда.
Елімізде ана мен балаға арналған дағдарыс орталықтары аз емес. Дегенмен, «Ана үйі» жобасы – олардың ішіндегі ерекше әлеуметтік бастамалардың бірі. Мұндай орталықтардың барлығы да аналар мен балалардың тағдырына бейжай қарамай, қиын жағдайда қалған жандарға қамқорлық көрсетуді басты мақсат ететіні анық.
Өйткені, ана мен балаға жасалған қамқорлықтың әлеуметтік қолдау әрі елдің болашағына жасалған маңызды инвестиция екенін атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



