Бас тақырып

Қариясын қадірлеген ел озар

Бүгін – Қарттар күні мерекесін дүниежүзі атап өтіп жатыр. Халықаралық деңгейдегі мереке 1990 жылдың 14 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясында ресми бекітілген. Келер жылдың 1 қазанында Қазақстанда да тойлана бастады. Ондағы мақсат – қарттардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, олардың өмір сапасын арттыруға назар аударып, қамқорлық таныту.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес 60-74 жас – қарт адамдар, 75-89 жас аралығындағылар – кәрілер, ал, ұзақ жасаушылар қатарына жасы 90-нан асқандар кіреді. Жыл басындағы дерек бойынша елімізде 2,7 миллионнан астам қарт бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 100-ге жеткен және одан асқан 423 адам бар екен. Жасы ең үлкен кейуана 114 жасын тойлады биыл. Ол Ұлытау облысында тұрады. 112 жастағы Павлодар облысының және 110 жастағы Түркістан облысының тұрғындары ең қарт қазақстандықтардың үштігінде. Аймақ бойынша жасы ең үлкен қария Нұра ауданында тұрады. Жалпы, облыста ғасыр жасаған 25 адам бар.

Бұл күні әр отбасы ата-әжелерін, ал, мемлекет болса, барша қарттарын құрметтеп, ілтипат білдіреді. «Қарты бар үйдің, қазынасы бар» деген асыл сөзді халқымыз бекер айтпаса керек. Үлкендеріміз қашан да халық даналығы мен дәстүрін сақтаушы, жас ұрпаққа үлгі көрсететін ақылшы болып қала береді. Бұл күні бізде ғана емес, әлемнің түпкір-түпкіріндегі қарттар айрықша назарда болады. Қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, түрлі жобалар ұйымдастырылады, арнайы мерекелік төлемдер тағайындайды. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бір реттік материалдық көмекпен аймақ бойынша 44 мың адамды қамтымақ. Облыстың 70-тен асқан әрбір тұрғыны жергілікті бюджет және демеушілердің есебінен 10-20 мың теңге аралығында материалдық көмек алады. Сонымен қатар, мереке күні 1 469 адамға мерекелік дастарқан жайылады, 1 674 адамға азықтүлік себеті табысталады деп жоспарланған. Мыңға жуық адам мерекелік шараларды тамашалай алады. Бүгінгі таңда облыста 60 жастан асқан 181 635 адам тұрып жатыр.

Қазір әлемде алпысты еңсерген жандардың қатары көп екені статистикалық деректерде көрсетіледі, әлем халықтарының қартайып келе жатқаны жиі айтылады. Мұның да жақсы, жаман тұсы бар. Өткен жылы елдегі өмір сүру ұзақтығы 75,09 жылға жетті. Өмір сүру ұзақтығы жылдар бойы тұрақты түрде өскенімен, Covid-19 пандемиясына байланысты төмендеп кеткені бәріне аян. Дегенмен, өсу тенденциясы 2022 жылдан қайта байқалады. Сарапшылардың болжамы бойынша 2050 жылға қарай Қазақстан халқының 16,7%-ы 60 жастан асады, яғни, әрбір алтыншы қазақстандық қарттық кезеңге аяқ басады. Әлем бойынша сарапшылардың пікірінше, бұл проблемаларды шешу зейнет­ақы жүйесін реформалауды талап етеді. Халықаралық тәжірибе тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жинақтаушы компоненті бар көп деңгейлі жүйелерге көшу қажеттілігін көрсетеді. Елімізде бұл бағыттағы шаралар қолға алынып жатыр. Зейнетақы жүйесін реформалау бүгінге дейін жалғасып жатыр.

Қалай болғанда да, қарттардың қо­ғамдағы орны ерекше екені даусыз. Әрине, қарттарға дөрекілік таныту, қартайған ата-анасына қамқорлық көрсетпеу жағдайлары кездесіп жататыны жасырын емес. Десе де, түсінген жанға үлкенге құрмет адамгершіліктің белгісі, әркімнің ішкі мәдениетінің өлшемі, жан-дүниесінің айнасы болып қала береді. Қай жаста болсын, ата-ананың разылығы Жаратушының алдында үстем.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button