Шет

Қариясын қадірлеген ел – еңселі

Шет ауданының жастары «Ардагерім – ардағым» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсеткендей, тәрбие ұлттық болмыстан өрбуі керек. Ұлттық тәрбиенің ең асылы – қарттарымызға сый-құрмет көрсету.

Үлкенге құрмет көрсету – қазақтың қанына сіңген қасиет.

Күні кеше аталмыш акция аясында Шет аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары Ұлы Отан соғысының ардагері Мұқажан Ақажановтың үйіне арнайы бас сұқты.

Оқушылар ардагердің соғыс майданында басынан өткерген оқиғалары, болашаққа деген сенімі мен арман-тілектері жайында салиқалы сұхбат құрып, үй шаруасына қолқабыс тигізді. «Батаменен ер көгерер» демекші, жастар ақсақалдың ақ батасын алып, кездесуден келелі ой түйді. Сондай-ақ, ерікті топ Шет ауылының тұрғыны, зейнеткер Ромакер Гельмудтің үйінің ауласын қардан тазалады.

Қарттарын ардақтап, құрметтеп, өнегелерін ұлықтайтын елдің рухы – үстем, шаңырағы – шаттыққа толы болмақ.

«Дүниеге келер бір рет, Дария – кеуде, тау – мүсін. Құрыштан құйған құдірет, Қарттарым, аман-сау жүрші» деген ақынның жырын Шет жастары осылайша қарияларға қамқорлық көрсету арқылы өмірлік ұстанымдарына айналдырған.

Думан ҚАБЫЛ

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button