Осакаров

Қариялар ықыласқа риза

Мереке қарсаңында жер-жерде қарияларға құрмет көрсетіліп, көңіл бөлінгені белгілі. Мереке күні өткен іс-шараларды газет бетіне таспалау мақсатымен, дүйсенбі күні іссапармен Осакаров ауданына редакцияның арнайы тапсырмасымен жіберілдім.

Жолға шықпай тұрып…

Іссапарға баратынымды жиналыс барысында айтты. Апыл-ғұпыл билет алуға вокзалға қарай зырғи жөнелдім. Мен алған микроавтобустың уақыты 11-де. Уақытынан кешігіп келді тұраққа. Сөмкелерін артынып-тартынып алған жолаушылар. Келіп тоқтағанның өзінде де 10 минут кідіріп қалдық. Микроавтобустың жүксалғышы екі сөмкемен толып қалды. Қалған жолаушылар жолқапшықтарын ішке алып кірді. Араларында алпысты еңсеріп қалған қарт ана да бар.

 – Астанаға немерелерімді көріп, сағынышымды басуға бара жатырмын. Анау таксилеріңе мінуге жүрегім дауаламайды. Тыныш қана билет алып осыған міндім. Өзім ауылдан енді ғана келдім. Мынау балалардың қамы ғой, – деп дорбасын аяғының астына қойды.

Іле-шала бақылаушы апай келіп, билеттерімізді көрсетуді өтінді. Барлығы түгел.

– Мына сөмкеңіздің билеті қайда? – деді қарияға. Анамыз аң-таң. Түсінбесе керек.

 – Қарағым-ау, міне, менің билетім. Мына сөмкені алдыма алып отыра берейін бе?

 – Вы такие умные. Отдельно билет купите на багаж. Ничего не знаю, – деп орысша шүлдірлеп анамызды еріксіз жүгіртіп жіберді кассаға. Ауылдан келген қария қайдан білсін оны. Түсіндіріп айтса жарар еді. Талаптың, тәртіптің болғаны, әрине дұрыс. Бірақ, түсіністік танытса да болатын еді ғой. Бүгін Қарттар күні екенін біле ме екен бақылаушы апайымыз. Үлкенді сыйлау үшін мерекенің қажеті жоқ та ғой. Сөйтіп, жолға шықтық.

Әкім ардагерлердің үйіне барды

Әр мереке сайын екі үлкен кісінің үйіне арнайы құттықтап бару – Осакаров ауданы әкімі Нұркен Қобжановтың дәстүріне айналған екен. Үлкенді құрмет тұтатын халық адамы осындай болар. Алғаш болып Николай Чернышовтың шаңырағына аялдадық. Қария еңбек жолын 1960 жылы элеваторда жүргізуші болып бастайды. Соңғы 20 жылда элеватордың жетекшісі қызметін атқарады. 2006 жылы еңбек демалысына шыққан екен. Қазір жасы сексенде. Әлі де ширақ қозғалады. «Бұл еңбектің арқасы» деп мәз. Балалары, немерелері Германияда екен. Қатынап тұрамыз дейді. Әкімге алғысын білдіріп, дастарқаннан дәм ұсынып, шығарып салды.

 Одан кейін Нығметулла Байғабұлов ақсақалдың шаңырағына қарай беттедік. Қазақы көк шапан киген ақсақал құшақ жая қарсы алды. “Әкім келеді деп, әдейі киіп алдыңыз ба?” – дедім әзілдеп.

– Жоқ, балам. Мен дәстүрді берік ұстанатын қазақпын, – деді. Жылқышы болғанымды мынадан байқайсың, – деп екі қамшысын көрсетті. «Мынау тобылғы сап» деп таныстырып жатты.

 Ақсақал әлі де бабында екен. Жетпіс алтыға келсе де. «Кез келген атыңды әкел, қарғып мінемін» деп қояды.

 – Өзім жастайымнан еңбек еттім. Балаларымды оқыттым. Міне, қазір бәрі бір-бір қызметте. Сол төккен маңдай терім мен бейнетімнің арқасында, зейнетті көріп отырмын. Жақсы әкім халқына жақын жүреді. Елеп, ескеріп жатқандарыңызға мың алғыс. Қайда жүрсеңдер де жолдарың болсын, айналайындар, – деп ақ батасын берді.

 Аудан әкімі еңбек ардагерлеріне бағалы сыйлықтарын табыстап, мереке жалғасын таба берді.

Марапат мерейді өсіреді

Ауданның мәдениет үйіне бас сұқтық. Кіре бергенімізде көзіміз көрмеге түсті. Мерекелік кешке жиналған қазына қарттар бір-бірінің қолын алысып, шұрқырасуда. Ауданнан бөлек, ауылдардан да арнайы келгендері бар. Салтанатты кештің ашылуында аудан әкімі Нұркен Қобжанов сөз алды.

– Құрметті ардагерлер мен қариялар! Сіздерді Қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі таңда, ауданымызда үлкенге сый, ардагерлерге құрмет білдіру дәстүрі қалыптасқан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі саясатының бірі – қарттарға қамқорлық таныту болып табылады. Себебі, үлкенге «асыл қазына» ретінде қарау – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Осы орайда, бізге сыйлаған жарқын күндер үшін, баршаңызға шексіз алғыс айтамын.Әрқашан, жандарыңызда жақсылық жасай білетін жандар көп болсын!– деп тілегін білдірді аудан басшысы.

Әкімнің құттықтауынан соң ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, экономикалық-әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін ауыл шаруашылығы саласының ардагері Жұмағазы Сапаров, ардагер журналист Елена Врона аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын жүзеге асыруға атсалысып, партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін орындауға қатысқаны және азаматтық белсенділік танытқаны үшін еңбек ардагері Марат Жұмабеков, мәдениет саласының ардагері Надежда Хусаинова, білім саласының ардагері Виктор Правдин «Нұр Отан» партиясы Осакаров аудандық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Айтпақшы, ауданның АХАТ бөлімінің меңгерушісі Айбүбі Бастаубаеваны еңбек демалысына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі кештің тұздығы болды. Әкім ұлттық дәстүрмен иығына камзол жауып, сыйлығын табыс етті. Айбүбі апайымыз осы салада 20 жылдан астам уақыт қызмет істеген екен. Міне, қуаныш!

Осакаров ауданының әлеуметтікэкономикалық дамуына үлес қосқаны үшін Тамара Бердина, Любовь Павлова, Евгений Ермолаев, Иосиф Зиньковский, Василий Бережной, Елизавета Левина, Василий Хижняк, Вера Дорогорченко, Валентина Малыгина, Антонина Смоленникова, Анна Яровая, Ислам Шәкірбеков, Балхан Нұрханов, Владимир Назаров, Абдрашид Шахтеміров, Николай Чернышов, Галина Чернополк сынды әр саланың ардагерлері аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Алғыс хаттарды аудан әкімінің орынбасарлары Руслан Нұрмұханбетов пен Алма Шалабаева табыстады.

Мерекелік кештің тағы бір ұтымды жағы ескірмес, есті әндер шырқалды. Қарияларымыз әннің ырғағына бөленіп, қосыла шырқады. Шәмшінің әндері әуеледі. «Дорогие мои старики», «Украинское попурри», «Анашым – анажаным», «Помолимся за родителей», «Птица счастья», «Өз елім» әндері орындалды.

Қазына қарттарымыздың жүзіне қуаныш ұялатты мерекелік шара.

Ұстаздар алғысы

Мерекелік бағдарламадан соң қарияларға арнап «Таверна» мейрамханасында ақ дастарқан жайылды. Еңбек ардагерлері мен аудан үлкендері осында. Дастарқан басында тілектер айтылып, ән де шырқалды, би де биленді.

Іссапармен арнайы келген соң олжалы болып қайтуды да ойладым. Алда ұстаздар мерекесі. Қос мерекені ұштастырмақ ойда ардагер екі ұстазды сөзге тартқанмын…

Тарих пәнінің ұстазы, зейнеткер Рымкеш Рашова:

– Көп жылғы бейнеттің зейнетін көру – әр адам үшін бақыт. Осы күнге жеткізген еңбектің арқасы. Елбасымызға қарттарға көңіл бөліп жатқанына, аудан басшылығының осындай шараларды ұйымдастырып жатқанына алғыс білдіреміз. Қарттарға арнап үлкен жиын өткізді. Марапаттады. Дастарқан жайды. Ол кісілердің де еңбегі жемісті болсын. Жастарға айтарымыз – бізден үлгі алсын. Алдыңда жақсыжайсаңдардың жүргені ғанибет қой. Үлкен кісілердің барына мың шүкір. Аудан басшылығына үлкен рахмет!

Ардагер ұстаз Бақыт Жұмабекова:

Отбасылық жағдайымызға байланысты 1970 жылы Қарағандыдан Осакаров ауданына келдік. Еңбек жолымда Қарағандыда 13 жыл жұмыс істесем, қалған жылымды Осакаровтағы №12 мектепте істеп, зейнетке шықтым. Зейнетке шыққан күннің өзінде 12 жыл істедім. Мен келген уақытта аудандағы бірде-бір мектепте қазақ тілі пәні болмаған. Алғаш болып, қазақ тілі пәнін оқытып, халыққа насихаттағанмын. Сөйтіп, осы салада еңбек сіңіріп, зейнетке шықтым. Міне, барша қарттарды құрметтеп, осындай мереке ұйымдастырып жатқан әкімдікке ризамыз. Бұл мерекеде ғана емес, аудан әкімі 8 наурызда, Ұстаздар күнінде, әрбір мереке күні қарттарды елеусіз қалдырмайды. Үйлеріне арнайы барып, құттықтап жатады. Әр уақытта Отанымызда тыныштық, бейбітшілік болсын!

«Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сыйлайды» деген халық даналығы қалыптасқан. Сол даналық негізінде жүзеге асқан бүгінгі шаралардың сауабы қаншама?! Осылайша, Осакаров ауданындағы бір күндік сапарым сәтті аяқталды.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button