Білім

ҚарИУ-де ЖИ кафедрасы жұмыс істейді

Теміртаудағы Қарағанды индустриялық университеті – өңір үшін өндіріске қажет мамандарды даярлайтын іргелі оқу орны. Жасанды интеллект дәуірі басталмай тұрып, елімізде алғашқылардың бірі болып университет ішінде «Жасанды интеллект технологиялары» кафедрасы ашылған. Бүгінгі өндірістік оқу орнының ЖИ дәуіріндегі бет алысы мен бағыт-бағдарын білу үшін кафедраның аға оқытушысы Жанна Титовамен сұхбаттасқан едік.

Сурет Қарағанды индустриялық университетінен

– Жанна Ивановна, әлемде жасанды интеллектпен жұмыс істей білетін мамандарға сұраныс артып келеді. Еліміздегі жоғары оқу орындары ЖИ-мен жұмыс істей алатын мамандарды даярлауға қауқарлы ма? Маман ретінде ой қоссаңыз.

– Жасанды интеллектпен жұмыс істей білетін маман қай салада да маңызды. Шетелдік басылымдардың мәліметінше, 10 техникалық маманның 9-ы өз жұмысында ЖИ-ді пайдаланады. Бұл білім беру жүйесіне де өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетеді. Қазірдің өзінде бүкіл әлем бойынша ЖИ-дің енгізілуімен байланысты техникалық университеттердің оқу бағдарламалары қайта жаңғыртылуда. «Data Science & Artificial Intelligence» мамандықтары енгізіліп, машиналық оқыту, тілдік модельдермен жұмыс істеу курстарына жол ашылды. Ал, университет үшін жаңа технология­ларды үйретумен қатар, студенттерді тез өзгеретін ортаға бейімдеу өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, отандық университеттер, оның ішінде, Қарағанды индустриялық университеті ЖИ саласының мамандарын даярлауда үлкен мүмкіндікке ие. Білімді, талантты студенттер бізде де бар, өндіріс ошақтарымен тығыз байланыс және үнемі жаңартылып отыратын оқу курс­тары сол мүмкіндіктердің тынысын аша түседі. Дегенмен, назар аударатын бір тұсы бар, ол – материалдық-техникалық базаны нығайту, тәжірибелік жобалар жасау. Өйткені, жасанды интеллектпен жұмыс істеу үшін оқу орны соған сай болу керек. Отандық университеттер ЖИ бойынша білікті мамандарды даярлауға қау­қарлы деуге толық негіз бар.

– Жасанды интеллект дәуі­рінде Қарағанды индустрия­лық университеті өндірістік ай­мақты дамытуға қандай үлес қо­сады?

– Университетіміздің тарихы 1963 жылдан басталған. Әу баста Қарағанды металлургия зауытының жанындағы зауыттық-жоғары техникалық оқу орны ретінде ашылған еді. 60 жылдан аса уақыт бойы күні бүгінге дейін өндірістік аймаққа ең қажет техникалық мамандарды оқытып, дайындап келеді. Әсіресе, машина жасау және металлургия салалары үшін біздің оқу орнының маңызы орасан. Мамандар даярлау өңірдегі ең ірі өндіріс ошақтары – «Qarmet» АҚ, «Инкар» ЖШС, «АвтоТехЦентр» ЖШС, «КазПром­Автоматика» ЖШС және басқа да кәсіпорындарымен бірге дуальды оқыту жүйесімен жүзеге асуда. Біздің түлектер осы беделді компанияларда қызмет етеді. Бүгінгі жасанды интеллект дәуірінде де университет көкжиегі одан әрі кеңейіп, сол үрдісті жалғастырып келеді. Әсіресе, ЖИ кезеңінде университет жастары белсенділік танытып, жаңа жобалар жасауда. Мәселен, ҚБТУ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Astana IT University секілді еліміздегі жетекші техникалық жоғары оқу орындарын артқа қалдырып, ҚарИУ командасы жасанды интеллект көмегімен қызметкерлерді іріктеу (рекрутинг) үдерісін автоматтандыруға арналған кейс бойынша І орынды иеленген болатын. Бізде мұндай жобалар көп.

– Елімізде алғашқы болып Қарағанды индустриялық университетінде Жасанды интеллект кафедрасы ашылғаны белгілі. Оқу орнында студенттерге ЖИ-мен жұмыс істеуді үйрететін маманның өзі жеткілікті ме? Білім алушыларға не үйретіледі?

– «Жасанды интеллект технологиялары» кафедрасы осыдан бес жыл бұрын, 2020 жылы ректор Бақыт Жәутіковтің бастамасымен ашылған болатын. Ол кезде қазіргідей ЖИ жаппай «трендке» айналмағанымен, университет басшысы «ЖИ дәуірін» алдын ала болжағандай екен. Қазір жасанды интеллекттің қарқын алуына байланысты біз жыл сайын осы білім беру бағдарламасына оқуға түсетін студенттер санын арттыруға баса мән берудеміз. Әзірге ЖИ-ге арналған жаңа білім беру бағдарламалары көп емес, десе де, жалпы қазақстандық университеттер секілді студенттер өз кәсіби саласында AI алгоритмдерін қолдана білуге үйретіп жатырмыз. Әсіресе, ЖИ-дің базалық аспектілерін, сондай-ақ машиналық және терең оқыту модельдерін әзірлеуге баулимыз. ҚарИУ студенттері Coursera онлайн-платформасындағы лицензиялық курстарды белсенді меңгеріп келеді. Бізде Huawei академиясы ашылды. Университеттің барлық студенті жасанды интеллектке негізделген AI-Sana бағдарламасына қатысады. Бұл студенттерге нақты бизнес-кейстермен жұмыс істей отырып, өз стартап-жобаларын жасауға мүмкіндік беріп отыр. Біздің кафедра AI-Sana бастамаларына белсенді қатысады. Кафедра студенттері мен оқытушылары хакатондарға, жобалық байқауларға қатысып, серіктестермен бірлесіп өндірістік жобаларды жүзеге асыруда.
Мамандардың дайындығына келетін болсақ, кафедра оқытушылары біліктілікті арттыру курсынан өтуі міндетті. Мәселен, биыл жазда оқытушылар Data Group (Астана) – Artificial Intelligence Group ұйымдастырған алты айлық курсты аяқтады. Онда олар Python тілінде бағдарламалау, машиналық оқыту (ML), терең оқыту (Deep Learning), PyTorch-пен жұмыс, сондай-ақ тілдік модельдердің (LLM) негіздері мен жеке ЖИ жобаларды әзірлеу сияқты негізгі құзыреттерді меңгерді. Мамандар айтарлықтай көп емес, біз ЖИ тілін білетін мамандарды даярлайтын басқа оқу орындарымен ынтымақтастық орнаттық. Мақсатымыз – университетке шақырып, бірлесе жұмыс істеу.

– Жаңадан енгізіліп жатқан цифрлық технология өндірісті өркендете ала ма? Өнімділікті қалай арттырады? Әсіресе, техникалық саланың қай тұсына тиімді?

– Менің ойымша, индустрия­лық секторда, әсіресе металлургия, энергетика және техникалық қызмет көрсету салаларында жасанды интелектті қолдану өте тиімді. Зауыттар мен шахталарда адам шығыны көп болады. Өндірістегі негізгі күш – адамның өзі. Десек те, ЖИ адам орнын алмастырмағанымен, оны тиімді пайдалану арқылы жазатайым оқиғалардың алдын алуға болады. Тіпті, құрал-жабдықтардың істен шыққан-шықпағанын тексеріп, дайын өнім сапасын талдай алады.
ЖИ-ге қатысты мұндай инновациялық шешімдер әлемнің барлық елдерінде бар. Мысалы, Үндістандағы Tata Steel компания­сы металлургияда шығындарды азайтып, өндіріс тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні пайдаланады. Ал, энергетика саласында ЖИ жабдықтардың жұмысқа жарамайтынын тексеріп, апаттардың алдын алуға көмектеседі. Осындай жүйелер Еуропа мен Жапония кәсіп­орындарында қолданысқа енгізілген.
Біздің еліміз мұндай технология­ларды енгізуге алғашқы қадамын басты. Мәселен, 2024 жылы БАӘ-нің халықаралық технологиялық AIQ компаниясы мен «Самұрық-Қазына» ЖШС жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, энергетиканы цифрлық трансформациялау туралы келісімге қол қойған еді. Отандық кәсіпорындарда кемшілікті адамның қатысуынсыз талдайтын және жабдықтардың қыз­мет көрсету сапасын сараптайтын жүйелер қолданысқа енуде.

– Жасанды интеллект қандай техникалық мамандықтарды ығыстырды? Қазірдің өзінде еңбек нарығындағы қай мамандықтарға өң кірді?

– Көпшілік жасанды интеллект адамның орнын басады деген пікірде, бірақ, бұл дұрыс емес. ЖИ қызметкерлерді алмастырмайды. Инженерлердің, операторлардың және сапаны бақылаушылардың кейбір тапсырмалары біртіндеп автоматтандырылып жатыр, бірақ, бұл мамандар саны азаяды деген сөз емес. ЖИ – адамның көмекші құралы. Керісінше, деректерді талдау мамандары, нейрожелілерді әзірлеушілер секілді жаңа бағыттар белсенді дамып келеді.

– ЖИ агенті деген не? Университет үшін тиімділігі бар ма?

– AI-агент – бұл кейбір тапсыр­маларды өздігінен орындауға қабілетті қосымша. Бұл адамдармен қарым-қатынас жасауға ыңғайлы. Мұндай қосымшалар күнделікті өмірімізде де кездесіп, қажетімізді өтеп жүр. Университетте мұндай агенттер әкімшілік жұмыстарды реттейді. Бұл студенттер мен оқытушыларға әжептәуір көмек. Яғни, ол университет үшін басқару мен оқытуда тиімді. Біздің университетте мұндай агенттердің бірнешеуі бар, мысалы, «Абитуриент агенті». Ол талапкерлерге болашақ мамандығын таңдауға және құжаттарды жинап, тапсыруға көмек көрсетеді. Сондай-ақ, студенттер де өздері жасаған жеке AI-агенттерін ұсына алады.

– Студенттердің AI арқылы жасаған, сәтті шыққан технология­лық жобаларына тоқталсаңыз…

– 2024 жылы ҚарИУ аймақта алғаш болып әлемдік бренд – SAP университеттер альянсына қосылды. Былтыр біздің студенттер осы беделді қауымдастық ұйымдас­тырған ірі IT байқауға қатысып, Қазақстандағы SAP тапсырыс берушілері – «Қазақмыс» корпорация­сы, «Qarmet» АҚ, «Bereke Bank» және басқа да компаниялар ұсынған нақты бизнес-кейстермен жұмыс істеді.
Студенттеріміздің сәтті шыққан жобалары бар. Соның бірі – QARI (Qarmet Recruiting AI) деп аталады. Интеллектуалды жобада кәсіпкерге қызметкер таңдау өздігінен орындалады. Яғни, ЖИ көмегімен түйіндеме қаралып, негізгі кілтсөздер жасалып, кандидаттар іріктеледі. Аталған жоба SAP Industry Hackathon хакатонында І орынға ие болды.
Сонымен қатар, студенттер нейрожелілер көмегімен ақауларды тану жобаларын дамытуда. Виртуалды шындық (VR) ортасында виртуалды стендтер жасайды. Бұл стендтер өндірістік оқытуға және диагностика жасауға жәрдем береді.

– Жанна Ивановна, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button