Архивтің шежірелі ширек ғасыры
Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында «Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 25 жылдығына орай, «Архив – тарихтың бастауы және сақтаушысы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Еркебұлан Ағымбаев пен облыстағы архив басшылары мен қызметкерлері, тарихшы ғалымдар қатысты.
Мақсаты – «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын орындау, архивтер алдында тұрған міндеттер мен іс-шараларды іске асыру, тарихи сананы қалыптастыруға үлес қосу.
Қоры бойынша Алматы мемлекеттік архивінен кейінгі екінші орында Қарағанды архиві тұр. Бұрын бөлімше ретінде жұмысы жүріп тұрған мекемені, 1994 жылы беделді мемлекеттік мекемеге айналдырып негізін қалаған, алғашқы басшысы белгілі Масғұт Шаймарданов.
Сол кезде архивтің қорында 70 мыңға жуық құнды құжат болған. Кейін 2000 жылдардың басында Гоголь көшесі, 34 үйге көшіпті. Алғашында 4-5 адам ғана жұмыс істеген архивке дами келе, іскер басшы Өмірзақ Амантайұлының арқасында, облыстық мәслихаттың қолдауымен 34 бірлік штат бөлінген екен. Қор 1860 жылдардан бергі құнды деректерді қамтиды. КарЛаг, ауыл шаруашылығы, қала құрылысы, Қарақаралы уезі, Ақмола уезі және тағы басқа салалар мен қалалардың тарихынан хабар беретін құжаттар мұқият сақталып келеді. Бүгінде 80 мыңға жуық құжат бар.
- Архивте бұрынғы ғылыми-зерттеу институттарының құнды құжаттары сақтаулы. Қарағанды архиві қорының үлкендігімен және сапасымен басқа аймақтардың қызығушылығын оятып келеді. Бір өкініштісі, қазіргі уақыттағы қала құрылысы мен басқа да өзгерістерге байланысты құжаттар қорымызға түспей отыр. Өйткені Жекеменшік серіктестіктер, құрылыс фирмалары және тағы басқа мекемелер уақытша жұмыс істеп, жабылып қалып жатады. Құжаттары сол күйі жоғалады, – дейді архив саласының ардагері Боранбай Айсанов.
Шара барысында тарихшы ғалымдар тарапынан көптеген тарихи жайттар ортаға салынып, архив саласының алдағы даму жоспары талқыланды. Жиылған көпшілік өздерін мазалап жүрген сұрақтарына жауап алды. Қала тарихы мен архив жұмысына қатысты қызықты деректер мен құттықтау лебіздері жұрттың жанын жадыратты.
Архив саласының қызметкерлерін ширек ғасырлық мерейтоймен құттықтап, оларға еңбекте жеміс, отбасы бақытын тілеген Еркебұлан Ағымбаев «әр адам болашаққа нық сеніммен қадам басу үшін, тарихын білуі керек. Тарихты бағамдау жолында архивтің рөлі ерекше. Тарихи санамызды жаңғырта отырып, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру жолында, аянбай еңбек ету бәріміздің борышымыз» деді.
Сала қызметкерлеріне Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырды.
Жәлел ШАЛҚАР.