Бас тақырыпРуханият

Археологтар Ақтоғай ауданынан ежелгі элиталық жауынгердің қабірін тапты

Қарағанды облысында археологтар сақ дәуіріне тиесілі жауынгердің толық сақталған қабірін анықтады. Бір метрден сәл тереңдікте зерттеушілер оң қолында қола қылыш ұстаған ер адамның қаңқасын тапқан. Оның жанынан жебе ұштары мен алтын сырға да табылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Бұл бірегей олжа биыл жазда Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологтары Ақтоғай ауданындағы Қарабие қорымын қазу кезінде табылған. №1 қорғанның толығымен бұзылмай сақталғаны анықталды – мұндай жағдай сақ дәуірінің ескерткіштерінде өте сирек кездеседі.

– Қабірдің жабын тастарын алғаннан кейін, қаңқаны толық анатомиялық қалпында көрдік. Оның оң алақанында қола қылыш болды. Мұндай олжаға көп жылдан бері жолықпаған едік, – дейді музейдің жалпы тарих, археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Даурен Жүсіпов.

Зерттеушілердің айтуынша, жерлеу біздің дәуірімізге дейінгі VII–VI ғасырларға жатады және ол элиталық жауынгерге тиесілі болуы мүмкін. Ерекше назар аудартқаны – ұзындығы шамамен 30 сантиметр болатын қос жүзді, тұтас құйылған қола акинак. Қару дала жыртқыш құстарының бейнелерімен өрнектелген.

– Мұндай пішіндегі және әшекейлі қылыш Қазақстан аумағынан алғаш рет табылып отыр. Бұл жәдігер сақ дәуіріндегі металл өңдеу мен көркемдік талғамның жоғары деңгейін дәлелдейді, – дейді археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бейсенов.

Қылыштың қасынан табылған бес металл жебе ұшы мен алтын сырға жауынгердің қоғамдағы жоғары мәртебесін айғақтайды. Заттардың көркемдік стилі Талды-2 қорымынан табылған «Алтын адам» бұйымдарымен үндес келеді.

Барлық табылған жәдігерлер облыстық музей қорына тапсырылмақ. Қазір ғалымдар ежелгі жерлеудің сырын тереңірек зерттеу мақсатында металлографиялық, радиокөміртекті және антропологиялық талдауларға дайындалуда. Зерттеу нәтижелері келесі жылдың қысында таныстырылады.

Археологиялық жұмыстар Қарағанды облысы әкімдігінің және облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жүргізілді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button