Археологиялық зерттеу – баса мәнге ие

Қарағанды аймағында тарихи-мәдени мұраны сақтауға аса мән берілуде. Тарихи-мәдени мұраны зерттеп, зерделеуге облыста 245 млн. 972 мың теңге қаражат қарастырылған. Ал, алдағы уақытта облыс көлеміндегі бірқатар тарихи орындарға археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

«2021 жылдың шілде-қазан айлары аралығында Орталық Қазақстанның ежелгі металлургиясына (Алат), Едрей қонысына (Қарқаралы ауданы), Белағаш қорымына (Бұқар жырау ауданы) және Алтын Орда және Қазақ хандарының жерленген жерін анықтау бойынша (Нұра және Ұлытау аудандары) археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіледі», — деді ішкі саясат басқармасы басшысы Ерлан Құсайын.

Былтыр Болған ана кесененісінен алтын тостаған, тасы бар қос сырға, алтынмен кестеленген киімдер табылғаны мәлім. Басқарма басшысы алдағы уақытта зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін «Болған ананың антропологиялық кескін-келбеті (антропологиялық) және табылған киімдердің фрагменттерін қалпына келтірілгеннен кейін, Болған ананың балауыздан жасалған мүсіні Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылатынын жеткізді. Сонымен бірге, қазіргі таңда Талды тарихи-археологиялық паркі аумағындағы ескерткіштерге археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасуда екенін баяндады.

«Талды тарихи-археологиялық паркіндегі Нұраталды 1, Ақкезең, Талды 1 қорымдарына және ежелгі тұрғындарының антропологиялық бейнелерін жасау үшін ғылыми зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар, Талды тарихи-археологиялық паркіне экскурсиялық турды әзірлеу, туристік нұсқаулық дайындау және басып шығару жұмыстары қолға алынды. Бұның бәрі алдағы уақытта ашық мұражай ретінде, еліміздің тарихи-мәдени үлкен орынына айналатыны сөзсіз», – деді Ерлан Бейсембайұлы.