Жаңалықтар

Аргентина жеңіліп қалды

Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионатының A, B, C, D тобы үшін алғашқы айналым тәмамдалды.

А тобы

Қатар құрамасы чемпионаттың алғашқы күнінде Эквадорға есе жіберді. Келер күні Сенегал мен Нидерланды құрамасы кездесіп, 0:2 есебімен голландықтардың пайдасына шешілді. Бұл топта фоварит – голландықтар екені шүбәсіз. Жанкүйерлерінің сеніміне селкеу түсірмей, алғашқы кездесуді сәтті өткізді. Қазір бұл топта Нидерланды мен Эквадор құрамасы көш бастап тұр. Қоржынында – 3 ұпайдан.

В тобы

Бұл топта оңай қарсылас жоқ. Алайда, ағылшындардың десі басым екені айтпаса да белгілі. Англия құрамасы ирандықтармен алғашқы кездесуін өткізіп, 6:2 есебімен жеңді. Ағылшындар алғашқы кездесуден-ақ, мінез көрсетті. 2018 жылы әлем чемпионатының жүлделі ІІІ орыны үшін тартыста Белгия құрамасынан ұтылып қалған-тын. Биыл да сондай қарқынмен ойнауға қауқары жетіп-ақ тұр.

Ал, америкалықтар Уэльс құрамасымен тең ойнады. Әзірге ағылшындардың қоржынында – 3 ұпай. ІІ орында – АҚШ құрамасы.

С тобы

Аргентина мен Сауд Арабиясының құрамасы арасындағы кездесу 1:2 есебімен арабтардың пайдасына шешілді. Бұл – сенсациялық ойын. Мұны біз емес, футбол жанкүйерлері айтады. Алайда, «арабтар аргентиналықтарды неге ұтпасқа?» деген сұрақ туындайды. Араб билігі футболды дамыту үшін қыруар қаржы құйды. Спортшыларға жағдай жасауда. Тіпті, жыл он екі ай қыс болмайтын мемлекетте «хоккей кортын салып, хоккей спортын да дамытамыз» деген билеушілердің бұл сөзінен кейін спорт қалай дамымайды? Демек, бұл жеңіс соның бірден бір айғағы емес пе? Араб билеушілері осы жеңістері үшін еліне 2 күн демалыс берген.

Ал, поляктар мен мексикалықтардың арасындағы кездесу тең аяқталды. Мексикалықтар қарсыласынан басым болғанын ойын барысында-ақ көрсетті. Алайда, қақпаға бағыттаған соққылары – нәтижесіз. Мексика мен Аргентина құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатында топтық кезеңнен екінші болып шыққан. Биыл топтық кезеңнің көшін арабтар бастап тұр.

D тобы

Бұл топтағы фоварит – Француздар. Көптің көкейінде «2018 жылғы әлем чемпионатының жеңімпаздары бұл жолы жетістігін қайталай ала ма?» деген сұрақ бар. Десе де, олар алғашқы кездесуін сәтті аяқтады. Бұл топта атап айтарлықтай өзгеріс жоқ. Олай дейтінім, 2018 жылғы әлем чемпионатындағы топтық кезеңде бір топқа түскен Дания мен Австралия құрамаларымен биыл да топтық кезеңде бірге ойнайды. Демек, француздардың топтық кезеңнен еш қиындықсыз шығатыны айдан анық.

Француздар 4:1 есебімен аустралиялықтарды жеңді. Ал, Дания мен Тунис құрамасы тең ойнады. Топтық кезеңнен ІІ орынмен шығуы үшін бәрінің де мүмкіндіктері бар. 2018 жылды еске түсірсек, француздардан кейін даттар топтық кезеңнен суырлып шыққан болатын. Ал, биыл ше?

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button