Ардагерлер ардақталды
Қарағандыдағы «Ариста» салтанат сарайында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ел азаматтарымен бірге Жеңістің 79 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерін құттықтады.

Шара басында қатарымызда жоқ ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, бабалар рухына тағзым етілді.
– Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қан майданда парыз бен намысты жоғары қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлер ерлігінің, биік рухының мерекесі. Сіздер бейбіт өмір үшін, ұрпақтың бақытты болашағы үшін отқа түстіңіздер, адам төзбес ауыртпалық көрдіңіздер. Бірақ, сіздер бәрін де жеңдіңіздер. Осынау айтулы мерекеде сіздерге және жақындарыңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт пен шаттық тілейміз, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Облыс әкімі атынан ардагерлерге гүл шоқтары тарту етілді.
Бүгінде облыста 11 соғыс ардагері бар.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz