Приозерск қаласының «Достық» балалар-жасөспірімдер орталығында ауған соғысына қатысушыларына арналған «Ауған соғысының ардагерлері мәңгі есте» тақырыбында мерекелік шара өткізілді. Қаза болған жауынгерлер бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Приозерск қаласының мәслихат төрағасы Алтай Исатаев жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Әскери антына берік болып, Отан алдындағы борышты абыроймен орындау азаматтар үшін асыл парыз. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, талай қандастарымыз жарақатпен оралды. Ауғанстан – жүректегі жазылмас жара болып қалды. Отан алдындағы борышын адал орындаған, жауынгерлердің патриоттық сезімі мен ерлігі жас ұрпақтың бойына сіңіріп, үлгі етуі тиіс. Әр азаматтың парызы – Отанын сүйе білу, қорғау, еліміздің гүлденіп, дамуы үшін адал еңбек ету. Бүгінгі жауынгерлер соғыста ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен жандар, – деді Алтай Исатаев.
Сонымен қатар, ардагерлерге сыйлық «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл» медалін табыстады. Шара соңында жиналған көпшілік дәстүр бойынша гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Ауғанстан соғысының ардагерлері Б.Ақмұрзаев, К.Викторович сөз сөйлеп, қан көйлек достарын еске алды.
Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz