Ардагерлер алғысын арқалаған абзал жандар ордасы
Кеңес жылдары Ұлы Отан соғысынан зардап шеккен майдангерлерді сауықтыру және қатарға қайта қосу мақсатымен елімізде бірқатар шаралар қолға алынды. Елімізде Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің 1947 жылғы 19 қарашадағы № 836 бұйрығына сәйкес Отан соғысы мүгедектеріне арналған госпитальдің ашылды.
Әуелде госпитальде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласы тұрғындары ем-дом қабылдап, соғыстан қалған сызатын емдесе, 3 жылдан кейін аурухана тұтас Қазақстан аумағындағы майдангерлерге өз есігін ашты. Госпиталь көп салалы бейінді мекеме дәрежесіне жетті. Тәуелсіздік алған жылдары мекеме қайта түлеп, ардагерлерін аялайтын аяулы мекенге айналды.
Аурухананың қазіргі таңдағы басты мақсаты – мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Отан соғысының ардагерлері мен қатысушыларына және оларға теңестірілген адамдарға сапалы мамандандырылған медициналық көмек көрсету, Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту. Мәселен, 2023 жылдың 10 айында дәрігерлер тарапынан 3585 науқасқа ем жасалды. Атап айтқанда, терапияда – 1728 науқас, неврология бөлімінде 1464 науқас, оңалту бөлімшесінде 393 ардагер ем қабылдап, төл денсаулығын нығайтты. Күндізгі стационда 517 азамат емделді.
Іле ауданының тұрғыны, Чернобыль ардагері Наурызбаев Сұлтанмұрат «Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық аурухана» мамандарына алғыс айта келе: «1992 жылдан бері осы ауруханада ем қабылдаймын. Чернобыльден кейін денсаулығымды осында түзедім. Әртүрлі сынақтарға тап болып өз жаныма шипаны осы госпительден таптым. Бөлім меңгерушісі Кангужина Алма Рашитовна, старшая медсестра Алима Калдибековна, дәрігер Утегенова Ғалия алғысымды білдіремін. Жолдары ашық болып, өздеріңнің де денсаулықтарыңа күтім жасап, үлкен белестерден көріне беріңіздер. Менің тілегім осы», – деп пікір білдіреді. Алматы облысы Қаскелен қаласының тұрғыны Иманқұл Сейітбек Тұрақбайұлы болса: «Мен осы госпитальге 5-ші рет келіп тұрмын. Госпиталь ұжымына алғыс білдіремін. Ұжымның директоры Жұмасейітова Гаухар Тазабековнаға және бөлім меңгерушісіне, дәрігерлерге ерекше рахмет айтқым келеді. Еңбектерінің жемісін көре бергейсіңдер», – деп ақ тілегін жолдайды.
Бұл біз тыңдаған және санамалап айтқан ақ тілектердің бір парасы ғана. Бүгінде қалтқысыз қызметін ғасыр саралаған госпиталь әрі көп бейінді емдеу-диагностикалық орталығы әрі санаториялық-курорттық үлгідегі мекемеге айналып, ардагерлерін аялаған қара шаңырақ есебінде өз қызметін жалғастырып жатыр.
Дастан ҚАСТАЙ,
Журналист