Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 35 жыл. Осы мақсатта 5451 әскери бөлімінің сарбаздары Ауған соғысының ардагері Нұрлан Дүйсембековпен кездесу кешін өткізді. Түрлі тақырыпта сөз қозғап, сарбаздар көкейдегі сұрақтарын қойды. Сонымен қатар, кездесу кешінде «Ауғанстан-жүректегі жара» атты арнайы бейнефильм көрсетілді.
– Кеңес Одағы 1979 жылы Ауғанстанға әскер кіргізіп, 1989 жылы 15 ақпанда соғыс болып жатқан жерді тастап шыққан. Одан бері, қаншама жылды артқа тастағанымен бұл жара халық жүрегіне өшпес сызат қалдырды. Қаншама қандастарымыз елге оралмай майданда мерт болды. Елге аман келген ағаларымыздың ерен еңбектерін еске алып, сарбардарымызға насихат жасау біздің парыз, – деді 5451 әскери бөлім командирінің ТжӘҚЖ орынбасары, майор Ғабит Өміржан.
Кездесу кешінде Нұрлан Айдарханұлы майдан даласы жайында кеңінен әңгіме етті. Қарулас достары жайында да сөз қозғап, естеліктерімен бөлісті. Жиын соңында ардагер жеке құрамға алғысын білдіріп, тілегін жаудырды.
Әмина МАҒАУИНА,
кіші сержант
ҚАРАҒАНДЫ