Ардагерді ардақтайық
Біздің облысымызда өзінің еңбегімен елге танылған, қазіргі кезде оларға құрмет көрсетуге лайықты ардагерлер көптеп саналады. Солардың бірі Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, соғыстан соң да әскери қызметте болған, бір кездері Қарағанды облыстық ДОСААФ комитетін басқарып, еліміздің дамуына үлес қосқан, облыс жастарына патриоттық тәрбие беру ісіне өзінің қолынан келгенінше қызмет атқарған ардагер, полковник Қабеш Бекенов еді.
Мен Қарағанды облыстық телерадиокомитетінде қызмет атқарып жүрген кезімде қызмет бабымен жақсы араластым. Өйткені, мен жастар хабарларының редакторы ретінде әскери-патриоттық тәрбие туралы хабарларға Қабеш ағаны үнемі шақырып, ол кісімен тартымды сұхбаттар жасайтынмын. Ол кезде қазақша сөйлеп қоя беретін қазақ өте аз болатын. Ал ДОСААФ қызметінде мүлде жоқ еді. Сондықтан, жағдайдан шығу үшін хабарға Қабеш Бекенұлының өзі келіп жүрді. Біздің сұрақтарымызға барынша нақты жауап беруге тырысатын. Полковник киіміндегі тартымды аға экраннан да өте жақсы көрінуші еді.
Одан соң облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет атқарып жүрген кезімде де Қабекеңмен кездесіп, әртүрлі мәселелер төңірегінде пікір алмасып жүрдік. Сондай сәттерде ол кісі менен жасы әлдеқайда үлкен болғанына қарамастан, тең дәрежеде әңгімелесетін. Өзінің бала жасынан бастап, өмірде көрген-түйгенінің барлығын жасырмай әңгімелеп беретін. Соғыста басынан өткендерін, әскери өмірдің қызықтары мен қиындықтарын майын тамыза айтушы еді.
Соғыс басталғанда Қабекең он алты жастағы бала екен, содан 1943 жылы оныншы класта оқып жүргенде әскер қатарына шақырады. Он сегізге толмаса да, өзі сұранып тұрған соң Ташкенттегі жаяу әскер училищесіне жібереді. Онда алты ай оқыған соң үздік бағамен бітіріп, лейтенант шенін береді де, сол жылдың қыркүйегінде түлектер Мәскеу түбіндегі Димитров қаласында орналасқан 20-шы гвардиялық әуе-десанты бригадасына келеді. Мұнда тиісті қызметтің орны бос болмағандықтан, Иванов облысының Тейково қаласындағы 8-ші гвардиялық әуе-десанты бригадасына жібереді. Мұнда жас лейтенант барлаушылар взводының командирі болады. Бұл жерде 1944 жылдың маусым айына дейін соғыс қимылдарына үйренеді, күрделі жаттығулардан өтеді. Содан соң ғана 21 маусым күні, үш бригаданы Днепр өзенінің оң жағалауына, Могилев, Быхов маңына парашютпен десант етіп түсіреді.
Фашистер бұл маңайға мығым бекініп, Кеңес әскерінің Днепрден өтуіне үлкен бөгет жасауда екен. Әуеден түсіп жатқан десанттарға оң жағалаудан плацдарм алуға жағдай жасап, оларға көмек көрсету тапсырылыпты. Оны соңынан біледі. Сол жерге 17 мыңдай десант түсіру ойластырылыпты. Бұлар соның алғашқы эшелондарына іліккен екен. Бірақ, әуеден таң бозара түскен десанттарды фашистер байқап қалып, зеңбірек, пулемет, автомат оқтарының нөсерімен қарсы алады. Қаруластардың көпшілігі оққа ұшып, біразы өзенге батып кетеді. Аман қалғандары бригада комиссары подполковник Иван Распоповтың басшылығымен жан сала шайқасады. Тек кешке қарай ұрыс саябырлағанда ғана ес жиып, қатарын түгендей бастайды. Сөйтсе, десанттар бригадасының командирі подполковник Удовиченко, оның орынбасарлары, штаб бастығы, сонымен қоса, бригаданың әскери Қызыл Туы, әскери құжаттар мен біршама дүние-мүліктер суға кетіпті. Бұл оқиға туралы:
– Он күннен кейін бізді іріктей бастады. Қатардағы жауынгерлерді басқа әскери бөлімдерге жіберді. Жалпы, әскери тәртіп, Жарғы бойынша, Қызыл Туды жоғалтқан бөлімшелер мен жоғарғы құрамалар (дивизия, корпус, армия) таратылып, басшылық құрамы жауапқа тартылады. Сол себепті 2-3 айдан кейін әскери трибунал біздің штаб офицерлерін соттай бастады. Бригада комиссары подполковник Распоповтың шені майорға төмендетілді. Құрама бастықтарынан аман қалған тек сол ғана болатын. Өзгелер де өз деңгейлерінде жазаланды. Солардың ішінде батальонның барлаушылар взводының командирі болып жүрген мені де қатардағы жауынгер етіп, лейтенант шенімнен айырды. Өйткені, менің взводым әскери бағдарлама бойынша Қызыл Туды қорғау, сақтау жөніндегі коменданттық взводтың дублері еді… Сөйтіп, сол маңайда қайта жасақталған 105-ші атқыштар дивизиясының 459-шы жаяу әскер бөлімшесіне гвардиялық жауынгер-автоматшы болып қосылдым да, майдан жорығымды одан әрі жалғастырдым, – деп Қабекеңнің толғана отырып, әңгімелегені әлі көз алдымда.
Иә, Қабекеңнің өзі айтқанындай, қатардағы жаяу әскер бола жүріп, талай сұрапыл соғысты басынан кешеді. Белоруссия мен Батыс Украинаны жаудан тазартуға, Венгрия, Австрия, Чехословакия елдерін азат ету ұрыстарына қатысады. Сөйтіп, 1945 жылы 13 сәуірде Вена қаласын азат ету кезінде ауыр жарақат алады.
Ұлы Жеңістен соң да әскери киімін шешпей, Львов қаласындағы әскери-саяси училищеге түсіп, оны 1947 жылы үздік бітіріп шығады да, лейтенант шенін қайтадан тағады. Бұдан кейін кең байтақ Кеңес Одағының әр жерінде қырық жылдай әскери бөлімдер мен құрамаларда (Орта Азия әскери округінде) қызмет етіп, жас жауынгерлер арасында саяси және ұйымдастырушылық жұмыстарымен шұғылданады. Мәскеуде жоғары дәрежелі офицерлер даярлайтын екі жылдық курсты, Қарағанды педагогикалық институтын (1955ж.) бітіріп шығады. Басшылық қайда жұмсаса да, бас тартпайды, жұбайы Әльфия екеуі үш баласын жетектеп, көшіп жүре берген екен.
Қарағандыға ДОСААФ-тың облыстық комитетінің төрағасы болып, 1969 жылы келіпті. Содан бастап, барлық күш-жігерін, офицерлік білім-тәжірибесін жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Осы қоғамды басқарған он сегіз жыл ішінде ондаған мың жасты әскер қатарына әзірлеп, халық шаруашылығына қажет техника мамандарын даярлауда көптеген игілікті жұмыстар атқарды. Осындай ерікті қоғамдар арасындағы жарыстарда сегіз мәрте бірінші орынға шығып, Ауыспалы екі Қызыл Туды өздерінде тұрақты қалдыру құрметіне ие болды. Асқаралы 60 жасқа толуына орай Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Өзінің өмір мектебінен алған сабақтарын жинақтап, қазақ және орыс тілдерінде «Патриоттар мектебі», «Патриоттардың игілікті істері» атты кітаптар жазып шығарды. Оған қоса, ДОСААФ тарихына арналған «Еңбекте және соғыста» атты көлемді кітап авторларының бірі. «Боздақтар» жинағын жарыққа шығарған редакция алқасының мүшесі болды. Ол кісі зейнеткерлікке шыққан соң бірлесе отырып, бүкіл өмірін қамтыған «Тағдырымның жазғаны» (2002 жылы) атты естелік кітап шығардық.
Қабеш Бекенұлы майдандағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Венаны алғаны үшін» медальдарымен және басқа барлығы 20-дан астам медальмен марапатталған. Бұл марапаттарға кейіннен Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» ордені (2010 ж.) қосылды, «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағына (2005 ж.) ие болды.
Соғыс ардагері, облысымызда жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиемен бел шеше араласқан облысымызға танымал қоғам қайраткері, үлгілі азамат, Қарағанды қаласы ардагерлер кеңесінің алғашқы төрағасы, полковник Қабеш Бекенов егер тірі болғанда 100 жасқа келетін еді. Өмірден өткеніне де он жылдың жүзі болыпты. Міне, осындай ардагерге тиісті дәрежеде құрмет көрсетіп, есімін мәңгі есте қалдыру шараларын ойластыратын уақыт жеткен сияқты. Сондықтан да, Қарағанды қаласындағы бір көшеге Қабеш Бекеновтің есімі берілсе және өзінің бұрынғы тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылса, дұрыс болады деп есептеймін. Менің осы тілегімді тиісті орындар ескереді деп сенемін.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері,
ҚР ақпарат саласының үздігі