Ардагерді АРДАҚТАДЫ
Екінші Дүниежүзілік соғыста Отан қорғаған ардагерлер қашанда қадірлі. Қиын-қыстауда елі мен жеріне қалқан болған ата-әжелеріміздің абзал рухтарына тағзым жасай отырып, арамызда қадау-қадау қалған ардагерлерімізді ардақтау – бізге парыз.
Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагері Жақия Мұсатаев өткен сенбіде 94 жасқа толды. Кешегі сұрапыл соғыстың куәгері, одан кейінгі тынымсыз өмірдің ұзын-сонар сорабынан өткен жан үшін оңай асу емес, әрине. Небір тарихи кезеңдерді бастан кешіп, талай буын өкілдерін көрген ақсақалдың айтар тағылымды әңгімесі де аз болмасы анық. «Сенің атаң пәленбай ғой, ой, ол сондай адам болған» деп айта жөнелетіні бар.
Ардагерді туған күнімен құттықтау игі дәстүрге айналған. Осы жолы да аудан әкімі Халел Мақсұтов бастаған азаматтар қарияға сәлем бере барды.
Аудан басшысы құттықтау лебізін жеткізіп, ардагердің иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады. Жақия ақсақал да риза көңілін білдіріп, үнемі елеп, қадір-құрметке бөлеп жүрген аудан басшылары мен азаматтарға алғысын айтты.
Сағыныш ӘБІЛОВА
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.