Ардагердің айтары бар
Кеңес әскерінің құрамында интернационалдық борышын өтеп, Ауған жеріндегі қанды шайқастың куәгері болған Еркін Үмітбаев қазір Ботақара кентінде тұрады. От пен оқты көрген ардагер азаматтың айтары аз емес…
– Ереке, бұл соғысқа қалай тап болдыңыз? Оған үй-іші, туған-туыстарыңыз қалай қарады?
– Мен өзім осы Бұқар жырау ауданындағы Үлгі ауылында туып -өскенмін. Бұрын соғысты кітаптан оқып, кинодан көргеніміз болмаса, оған қатысам деген ойда жоқ. Орта мектепті бітіріп, ауылда жұмыс істеп жүргенмін. Жасым 18-ге толғанда аудандық әскери комиссариат Қарағанды қаласындағы ДОСААФ мектебіне оқуға жіберді. Онда бір жыл оқып, МТЛБ (шынжыр табанды тягач) механик-жүргізушісі болып шықтым. 1984 жылдың 18 қазанында мені армия қатарына шақырып, Алматыдан Душанбеге ұшақпен жеттік. Сол жерде бір ай карантиннен өтіп, үш ай Өзбекстанның Сурхандарья облысындағы полигонда әскери жаттығу жасадық. Төрт айдан соң бізді ұшақпен Кабул қаласына алып барды. Қанды қасаптың ортасына түскенімді анам мен туыстарым хатымнан оқыды. Бұйрықтың аты бұйрық. Амандығымды тілегеннен басқа не істей алады олар?! «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, көрмегенді көріп 1987 жылдың ақпан айында дін-аман елге оралдым.
– Әскерге кетіп, соғысқа тап болған екенсіз…
– Ия, шыбын жанды шүберекке түйіп жүрдік қой. Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді емес пе?! Күндіз-түні бораған оқтың астындамыз. Қылт етсең, қағып түседі. Түнде жүру тіптен қауіпті. Біз Кабулдан 200 шақырым жердегі Баграм провинциясында болдық. Мұнда біздің 108-ші гвардиялық дивизия орналасты. Мені 3-батальон құрамына қосып, БТРға (барлаудың ұрыс техникасы) мінгізді. Оған миномет пен пулемет орнатылып, артиллериялық Д-30 гаубицасы тіркелген. Мен әрі жүргізуші, әрі пулеметшімін. Сондағы Джабаль-Уссарадж елді мекенін дұшпандардан тазарту операциясына қатыстым.
Одан әрі бізді Саланг асуына көтерді. Бұл асу Кеңес Одағы мен Ауғанстан арасындағы өмір жолы іспетті. Сол арқылы кеңестік әскери техника, оқ-дәрі, қару-жарақ, азық-түлік жеткізеді. Оларды тиеген колонналар асудағы үш шақырымдық тоннельдің ішімен өтеді. Бұл өте қауіпті тұс. Біздің алдымызда дұшпандар сондай бір колоннаны жан-жақтан атқылап, жолын кесіп тастап, тоннель ішінде кеңестік 176 солдат пен офицер қаза тапқан екен. Осы бағытты күзетіп, қорғау кезінде асудың оң жақ қапталына бекіндім. Жаудың бетін тойтарып, арасында өзіміз де шабуылдап тұрамыз. Кескілескен ұрыстар бір тынбайды. Бізден төменде атақты Пеншар шатқалы жатқан. Онда «Қара майор» Борис Керімбаевтың мұсылман батальоны Ахмад шах Масудпен шайқасып жатыр деп естиміз. Батальон біздің дивизияға кіргенімен, оларды көре алмадық. Өйткені бекітілген аумақты тастап кетуге болмайды. Біз асумен өтетін көлік колонналарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Жан-жағымыз қоршау. Күн күйіп тұрады. Кейде бір жұтым суға зар боласың. Екі шоқып, бір қарамасаң, құрыдым дей бер. Бала кезімнен тышқанды тықырынан танитын сақ едім. Соның арқасында бірде тура келген ажалдан аман қалдым. Постта тұрғанымда артымнан бір қыбырды сезіп қалып, жалт бұрылып мені қарақұсымнан ұрғалы тұрған жауды автоматпен жайратып салдым. Соғыстың заңы солай. Сен жауыңды құртпасаң, ол өзіңді өлтіреді.
– Осынау қиян-кескі шайқастарда қандай ерлік көрсеттіңіз? Сол үшін алған марапатыңыз бар ма?
– Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Адам батыр боламын деп болмайды». Өлім мен өмір арпалысқан сын сәтте сыр бермеу, рухыңды түсірмеу өзіңе байланысты. Көз алдымда оққа ұшқан боздақтарды, жусап жатқан жау өліктерін күнде көріп, етің үйреніп кетеді екен. Әрине, қайтсем де өлмеуім керек деген ой миымнан бір кетпейді. Егер жолдасың жау қолында қалса, қорқуды мүлде ұмытасың. Бір жолы тоннельдің аузында жараланып жатқан қарулас жолдасымды жауған оққа қарамай БТР-мен алып шығып, госпитальға жеткіздім. Бұл бір емес, мұндай сәттер көп кездесіп, қаншама жауынгер жолдастарымның жанын алып қалғанмын. Сол үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерлігі үшін» медальдарына ұсынылғанмын. Бірақ бір де бірін әлі алған жоқпын. Енді соны қозғап, Ресей Қорғаныс министрлігіне хат жолдаудамын. Ал өңірімдегі медальдарым мерейтой, мерекелік күндерде берілген.
– Бұрынғы жауынгер, бүгінгі ардагер ретінде қазіргі жастардың әскери даярлығына, олармен жүргізілетін әскерипатриоттық тәрбиеге көңіліңіз тола ма? Оларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Шынымен айтсам, көңілім толмайды. Қазіргі балалар солдатша адымдауды, еңбектеуді де жөнді білмейді. Спортпен шұғылданып, денесін шынықтырып, жаттығуға ден қоюдың орнына көбісі интернет желісінен бас алмайды. Бірқатары сақал қойып, мешіттен шықпайды. Одан қалды әскерге барудан жалтарады. Ал «Әскер – өмір мектебі» деген сөз әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Әскери-патриоттық тәрбиені балабақшадан бастау керек. Мектептегі алғашқы әскери даярлық пәні мұғалімдерінің көбісі тек пән сабақтарын берумен ғана шектеледі. Баяғыдай «Зарница» секілді әскери-жауынгерлік ойындар өткізілмейді десе де болды. Сондықтан өскелең ұрпақ бабаларымыздың ерлік дәстүрі мен рухында тәрбиелеу күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Өз басым қазіргі жұмысымда да осы қағиданы ұстанамын. Мен жасым 60-қа таяса да, спорттан әлі қол үзген жоқпын. Қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткермін. Кезінде жаттықтырушы болдым, көптеген шәкіртім жүлделі болды. Қарағанды дене тәрбиесі техникумын, ҚарМУ-дің заң факультетін бітіргенмін. Қазір аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінде әдіскермін. Осы қызметімде жеткіншек ұрпақ арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, спорт жарыстарын жиі өткізуге күш салып келемін.
– Әңгімеңізге рақмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы.
Оrtalyq.kz