Таным

Ардагер шахматшылар серкесі

Аужекеңмен, Аман Жанғожин шахматшымен 2012 жылдың желтоқсанында «Мир» балалар мен жеткіншектер клубында ойын үстінде кездестік. Әлі есімде, мен қарамен ойнап, Сицилия қорғанысының «айдаһар вариантын» қолданып, шиеленіскен ойын болды. Қараймын, Аужекең теориямен жақсы қаруланған, мен де қара жаяу емес едім. Армияда жүріп талай шахмат жарыстарына қатысқам. Жарты сағат қана берілетін, «рапид» деп аталын шапшаң шахмат сайысында кейде партияның соңына қарай уақыт жетпей, шахматшылар тілімен айтқанда «цейтнотқа» түсіп қаласың. Солай болып, қарсыласым қателесіп кетті де, мен жеңіп шықтым. Ойыннан кейін партияны талдап, бір-бірімізбен жете таныстық.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Аужекең шахматпен бала кезінен, 8-сыныптан бастап айналыса бастапты. Пионерлер сарайының шахмат үйірмесіне қатысып, шеберлігін шыңдай түскен. Тіпті, сыныптасы Кенжетай Мамалиновпен бірге облыстың құрама командасына алынып, мектеп оқушыларының республикалық спартакиадасында аймақ абыройын қорғаған. Кейін сол сарайдағы үйірмеге өзі жетекшілік етіпті. Жаңаарқалық зейнеткер азамат Бақтыбай Есендәулетов деген кісі қолдары бос бұрынғы белгілі шахматшыларды жинап, 2012 жылы «Ардагер-2012» деген команда құрған еді. Соның құрамына Төлеу Ақашев, Сағади Үсенов, Төлеу Оразбеков, Николай Прокопец, т.б. спорт шеберіне кандидаттар мен 1-разрядты шахматшылар топтасады. Турнирлер ұйымдастырып, басқа командаларды жекпе-жекке шақыра бастайды. Бақтыбай қоғамдық қор құрып, арнайы есепшот та ашты. Сөйтіп, ресми түрде шахмат ойынын насихаттаумен айналысты. Қыза-қыза облыстың қалалары мен селолық аудандарына шыға бастайды.
Әрісі Жезқазған, Балқаш, берісі Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай қалалары мен селолық аудандарға сапар шегеді. Астана шахматшыларымен де үш-төрт кездесу болды. Осылардың ортасында Аужекең де жүрді, кейін мен де қосылдым.

Содан 2018 жылы Бақтыбай жетекшіміз кенеттен қайтыс болып кетіп, команданы басқару қай жағынан болсын сауатты азамат Аман Жанғожинге жүктелді. Ол Кеншілердің Мәдениет сарайының жертөлесінен бір бөлмені жалға алып, жиі-жиі өзара турнирлер ұйымдастырып, Бақтыбай бастап кеткен істі жалғастырды. Бұл, әсіресе, жер жаһанды жайлаған ковид пандемиясы кезінде «спорттық формамыздан айырылып қалмас үшін» бізге жақсы болды. Әлі күнге дейін саптамыз. Кейінгі кезде облыста шахмат өнері жақсы өрістей бастады. «Senat Open» ашық турнирі, «АMANAT» партиясы қалалық филиалының командалық біріншілігі, облыстық, қалалық ардагерлер кеңестерінің біріншілігі сияқты бұқаралық жарыстар ұйымдастырылып жүр. Аужекең сол турнирлерге кейде өзі қатысып, кейде төрелік етеді. Газеттерге мақала беріп, ардагерлер арасында шахмат ойынын талмай насихаттап келеді. Биыл Сенат турнирі аясында Семейге дейін барып, бақ сынап келдік. «АMANAT» партиясының жарысында екі жыл қатарынан командамыз жүлделі орындарға ие болды.
Мерейлі жасың құтты болсын, шахматшы досым, өмірде де, шахмат тақтасы үстінде де мерейің үстем болсын! 

Білімхан ХАУИЯ,
МХР және ҚР Қарулы
Күштерінің ардагері

Басқа материалдар

Back to top button