Саран қаласындағы №2 жалпы білім беретін мектептің Курьянов атындағы жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайы қайта жаңғыртылып, көпшілік назарына ұсынылды. Экспозициялық қорда 900-ден астам орден мен медаль, соғыс жылдарындағы хаттар, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жеке заттары бар.
Мұражайға өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы тұрғын үйлердің де суреттері қойылған.
Экспозиция он бөлімнен тұрады. Оның әр бөлімі әр тарихи онжылдықтың немесе оқиғаның желісінен мол мәлімет береді. Мұражай жас ұрпақ үшін қала тарихына елеулі үлес қосқан адамдардың өмірбаянын да сақтап қалған.
– Қорға қаламыздың еңбек сіңірген ардагерлері Михаил Степанович пен Анна Михайловна Курьяновтардың есімдері берілген. 2012 жылы ашылған мұражайды биыл жаңарттық. Ашылуын қаламыздың 70 жылдығына орайластырдық. Осы жылдар ішінде мұражай барлық экспозицияны жасаған оқушыларға патриоттық, рухани-адамгершілік және азаматтық тәрбие беру орталығына айналды. Әр экспозиция, мұражайдың әр бұрышы мұқият жасалған. Бастысы – өз тарихы бар. Біз оған ардагерлердің жеке заттарын жинадық. Қаламыздың тұрғындары әлі де түрлі қызықты экспонаттарды сыйға тартуды жалғастыруда, – дейді мұражай басшысы Илья Карпов.
Экспозицияның тұсаукесері патриоттық лента таратумен және мектеп аумағына жасыл желек егумен аяқталды. Бұл бесінші мерейтойлық ағаш егу екенін айта кеткен жөн.
Михаил Степанович Курьянов – ҰОС қатысушысы, білім беру жүйесінің ардагері. 1962 жылдан 1964 жылға дейін Саран қаласындағы №2 жалпы білім беретін мектептің директоры болып, абыройлы қызмет етті.
Анна Михайловна Курьянова – Саран қаласының Құрметті азаматы, тыл еңбеккері. Қазақ КСР Ағарту ісінің үздігі. Ол жиырма жылдан астам уақыт бойы Саран Ардагерлер кеңесін басқарған. Педагогикалық жолы басталған №2 мектеп базасында жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайын құрудың бастамашысы болғанын атап айту керек. Заман талабына сай жаңғыртылған мұражай жас ұрпақты патриоттыққа әрі еңбексүйгіштікке тәрбиелей берері анық.
Жәлел ШАЛҚАР,
САРАН
Ortalyq.kz