Жаңалықтар

Ардагер аға ардақталды

АҚ БАСТЫ АЛАТАУДАН АБЫЗ АРҚАҒА АҚЖОЛТАЙ ХАБАР ЖЕТТІ! «ORTALYQ QAZAQSTAN» ГАЗЕТІНІҢ АРДАГЕРІ, ӨҢІР БАСПАСӨЗІНІҢ ӨРЕЛІ ӨКІЛІ АМАНДЫҚ РАХҰЛЫ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІ» АТАНДЫ.

Бұл – жарты ғасырға жуық уақыт қалам тістелеп, қағазға телмірген еңбектің бағасы. Амандық ағамыз – еңбек жолын «Жаңаарқа» аудандық газетінде бастап, бұрынғы Ақадыр, Озерный аудандарының жергілікті басылымдарында басшылық қызметтер атқарды. Жезқазған аймағындағы қазақ басылымдарының қарашаңырағы «Сарыарқа» газетінің тізгінін ұстады. Өзіміздің «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі меншікті тілшісі болып, зейнеткерлікке біздің басылымнан шыққан-ды.

 Жалпы, Амандық ағаны ормандай оқырманға таныстырып жатудың өзі артық. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығымен марапатталған. Тағдырын танығыңыз келсе, «Тарпаң тірлік» жинағына үңіліңіз… Қалай болғанда да, сүйегіне сөз сіңген Амандық Рахұлы – оқырманға да, құрмет-беделге де бай қаламгер.

Қаламының қарымы мен кірпияз кісілігі арқылы әріптестер құрметіне бөленіп жүрген аға қаламгердің ұлт баспасөзіне сіңірген еңбегі мен асқақ абыройы тағы бір ресми марапатпен рәсімделген екен. Құтты болсын! Абыройыңыз тұғырлы, алтын басыңыз ғұмырлы, Аға!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button