Қарбыз бен қауын сатып аларда нені білу керек?
Бақша дақылдары (қарбыз, қауын) — әсіресе ыстық күндері дәмді және пайдалы өнім. Алайда, егер өсіру, сақтау және сату ережелері бұзылса, олар тамақтан улану мен ішек инфекцияларының көзі бола алады. Қарапайым нұсқауларды орындасаңыз бақша өнімдерін қауіпсіз қолдана аласыз!

Қазақстанда бақша дақылдарын сатуды реттейтін қатаң санитариялық нормалар қолданылады:
- Сатушы бақша дақылдарының шығу тегін, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін және санитариялық нормаларға сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті.
- Қарбыз, қауын таза, жақсы желдетілетін бөлмелерде немесе тікелей күн сәулесі мен ылғалдың түсуіне жол бермейтін шатырлардың астында сақталуы керек. Өнімді жерге паллетсіз (поддон) немесе палубасыз орналастыруға тыйым салынады.
- Рұқсат етілмеген жерлерде қарбыз, қауын сатуға тыйым салынады. Сату арнайы бөлінген орындарда — ресми базарларда және санитариялық рұқсаты бар дүкендерде жүзеге асырылуы керек.
- Барлық сатушылар медициналық тексеруден өтіп, санитариялық кітапшасы болуы керек. Азық-түлікпен жұмыс істейтіндер жеке гигиенаны сақтауы және бір рет қолданылатын қолғаптарды қолдануы керек.
- Механикалық зақымданған немесе жарылған жемістерді сатуға жол берілмейді.
- Дақылдарды сатып алғанға дейін кесуге тыйым салынады, тек жабдықталған аймақта, стерильді пышақтарды қолдана отырып қана кесуге болады.
Тамақтан улануды болдырмау үшін бақша дақылдарын сатып алу және тұтыну кезінде бірнеше қарапайым ережелерді сақтау керек:
- Бақша дақылдаарын тек ресми сату орындарынан сатып алыңыз.
- Кесілген қарбыз мен қауынды алмаңыз: олар тез бұзылады және оларда бактериялар болуы мүмкін.
- Дақылдарды тексеріңіз. Қабығы тұтас, жарықсыз болуы керек. Қарбыздың сабағы құрғақ, қауынның хош иісі бар.
- Өнімді зертханалық тексеру туралы сертификатты немесе анықтаманы тексеріңіз.
- Сыртқы түріне назар аударыңыз: жарықтар, дақтар мен зақымдардың болмауы сапаның маңызды көрсеткіші болып табылады.
- Қолданар алдында жемісті ыстық ағынды сумен және сабынмен жуыңыз
- Кесілген жемістерді тоңазытқышта бір күннен артық сақтамаңыз.
- Егер улану белгілері пайда болса (жүрек айну, құсу, диарея, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі) — дереу дәрігерге қаралыңыз.
Піскен және қауіпсіз қарбыздың белгілері:
- Сабағы құрғақ, бірақ толығымен түсіп қалмауы керек (жетілу белгісі).
- Бүйірдегі сары дақ – бұл жерде жатқан бүйірінде болады (қаныққан болуы керек).
- Шерткендегі дыбысы – ашық, “жаңғырып” тұратын сияқты.
- Қабығы жылтыр және берік, тырнақпен басылмайды.
- Жолақтары анық, күңгірт емес.
Піскен және қауіпсіз қауынның белгілері:
- Күшті жағымды хош иіс (әсіресе бас жағында, “сабағының” түбінде).
- Қабығы қатты емес, бірақ басылған кезде сәл серіппелі болады.
- Жерде жатқан бүйрінің дақтары жеңіл, ашық түсті.
- Сабағы құрғақ, бірақ шірік емес.
- Шерткендегі дыбысы – күңгірлеп естіледі, ашық емес.
Маусымның басынан бастап санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі бақша дақылдарына күшейтілген тексерулер жүргізеді. Нитрат нормаларынан асатын өнім анықталған жағдайда, ол айналымнан алынады, ал бұзушыларға әкімшілік шаралар қолданылады.
Санитариялық қызмет мамандары қарбыз мен қауын сатып алу және тұтыну кезінде сақ болуды ұсынады. Сауда-саттық кезінде санитариялық нормаларды сақтау және тұтынушылардың өнімді таңдауға мұқият көзқарасы ықтимал тәуекелдерді болдырмауға және денсаулықты сақтауға көмектеседі.
Г.Т.ЖҰМАҒҰЛОВА,
Шахтинск қалалық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау
басқармасы басшысының м. а.