АймақҚарағанды

Қарбалас шақтағы қамданыс

Облыста көктемгі су тасқынына дайындық жүргізілуде. Соның аясында Бұқар жырау және Абай аудандары аумағындағы Нұра және Өткелсіз өзендерінде жарылыс жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл шаралар өзен арналарында мұз кептелістерінің алдын алып, су ағысының қалыпты жүруін қамтамасыз етуге бағытталған.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Мамандардың мәліметінше, жүргізілген жұмыстар жалпы аумағы 2100 шаршы метрді қамтыды. Жарылыс арқылы мұз қабаттары уатылып, өзендердің су өткізу қабілеті артты. Бұл – көктемгі қар еріген кезде су деңгейінің күрт көтерілуіне жол бермеудің тиімді тәсілдерінің бірі.

Қазіргі таңда өңірдегі су тасқынына қатысты жағдай тұрақты. Төтенше жағдайлар қыз­меті мен жергілікті атқарушы органдар тәулік бойы бақылау жүргізіп, қауіпті учаскелерді тұрақты назарда ұстап отыр. Сонымен қатар, өзен арналары мен су өткізу құрылғыларын тазарту, қорғаныс бөгеттерін нығайту сияқты кешенді жұмыстар да қатар атқарылуда.

Мұндай алдын алу шаралары елдімекендерді су басу қаупін едәуір төмендетеді. Әсіресе, көктемгі кезеңде табиғи факторлардың әсері күшейетінін ескерсек, дер кезінде қолға алынған жұмыстардың маңызы зор.
Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайындық облыс бойынша жүйелі түрде жалғасуда. Тиісті қызметтер кез келген жағдайға әзір болып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button