Облыста жыл басынан бері 19 мал ұрлығы анықталған
Ауылдағы тыныштық төрт түлікпен өлшенеді. Ал, сол малдың ұрлануы бір отбасының ғана емес, тұтас ауылдың берекесін кетіреді. Соңғы жылдары мал ұрлығына қатысты заң талабы күшейтілді, полицияның техникалық мүмкіндігі артты, бақылау күшейді. Бірақ, мәселе түбегейлі шешілді деуге әлі ерте. «Өйткені, қараусыз қалған мал – ұрыға ашық қалдырылған есік» дейді төрт түліктің жай-күйін бес саусақтай білетін ауылдың малсақ жұрты.

Заң талабы күшейтілді, бірақ…
2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң мал ұрлығына қатысты мемлекеттік ұстанымды түбегейлі өзгертті. Мал ұрлығы жеке бап ретінде Қылмыстық кодекске енгізіліп, ауыр қылмыс санатына жатқызылды. Бұл кезекті қадам емес, нақты сигнал болатын, түсінген жанға.
Қылмыстық кодекстің 188-1-бабына сәйкес, бөтеннің малын ұрлаған адам үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылуы, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе бас бостандығы шектелуі мүмкін. Ал, алдын ала сөз байласу арқылы, ірі мөлшерде немесе қылмыстық топпен жасалған мал ұрлығы үшін жаза одан да ауыр – мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін, ал, кей жағдайда 10-12 жылға дейін түрме жазасы көзделген.
Құқықтық тұрғыдан қарасақ, мал ұрлығы мен адам өлтіру – екеуі де ауыр қылмыс. Бірақ, адам өміріне қауіп төндіретін қылмыстар үшін сегіз жылдан он бес жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, мал ұрлығы үшін ең жоғары жаза – он екі жылмен шектеледі.
Заңгерлер үшін бұл айырмашылық орынды болуы мүмкін. Ал, ауыл адамы үшін бір табын сиырдан, бір үйір жылқыдан айырылу – кейде өмір сүру көзінен айырылумен тең.
Анықтама ұрлыққа бөгет емес
Осы тұста Полиция департаменті ұсынған ресми деректер көңілге медеу болатындай. Нақтырақ айтсақ, Қарағанды облысында 2024 жылы мал ұрлығы 30,5 пайызға төмендеген. Жыл басынан бері 19 мал ұрлығы фактісі ашылып, 4 қылмыстық топ құрықталған. 572 қылмыстық дерек бойынша 89 топ анықталып, 4 588 бас мал заңды иелеріне қайтарылыпты.
Бірақ, ауыл арасындағы әңгіме бұған кереғар. «Көршінің жылқысы жоғалыпты», «Қой қорадан әкетілген», «Сойылған малға анықтама алу оңай болып кетті» деген ел арасында желдей еседі. Алайда, нақты дерек сұрасаң – бәрі жалтарып шығады. Көргенін айтпайтын, білгенін білдірмейтін үнсіздік бар. Ұрыны әшкерелеуден гөрі, тыныш отырғанды жөн көретін психология қалыптасқан.
Бұны қылмыстың көлеңкеде қалуына мүмкіндік беріп отырған ең қауіпті факторлардың бірі деуге келетіндей…

Салғырттық сан соқтырады
Мал ұрлығының тағы бір түпкі себебі – мал иелерінің салғырттығы. Жайылымдағы мал апталап, айлап түгенделмейді. Бір тұрғын екі айдан кейін ғана 29 бас малының жоғалғанын байқап, 20 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас ауылдағы ағайынның трагедиясы.
Ұры үшін бұдан қолайлы жағдай бар ма? Ұрланған мал етке өткізілсе, ізі суыйды. Ал, мал жоғалғанын дер кезінде хабарламау – қылмыскерге уақыт сыйлау деген сөз.
Ақтоғай ауданының тұрғыны Мәкен Серғазыұлы бұл туралы өз ойын ашып айтып, алаң көңілін жайып салды.
– Мал қараусыз қалғанда ұрылардың көзі түседі. Негізінен малды көріп-біліп жүрген адам ұрлайды. Бір-екі қой жоғалса, көңілі кең жайлау қазақтың көбі амалсыздықтан «садақа» деп қоя салады. Ұрылар елдің психологиясын әбден меңгеріп алған. Бұған бейжай қарауға болмайды. Сондықтан, ең алдымен малға қарау керек. Екіншіден, сойылған малға берілетін анықтама қатаң тексерілуі тиіс, – деп атап өтті ол.
Заманауи технология тиімді ме?
Қазір мал ұрлығына қарсы күресте заманауи технология да іске қосылды. 15 қыркүйектен бастап, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда 20 мобильді блок-бекет жұмыс істей бастады. Дрондар арқылы жайылымдар бақылауға алынған.
– Мал ұрлығына қарсы күрес күшейтілді. Блок-бекеттер мен дрондар тиімді нәтиже көрсетуде. Алдын алу шаралары кешенді түрде жүргізіліп жатыр, – дейді полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Алайда, халық арасында бұл шараларға да көңіл толмаушылық байқалады. Кейде адал еңбегімен баққан малын соғымға сойып, әкеле жатқан қарапайым тұрғын сағаттап тексеруде тұрып қалады. Ал, ұрланған малдың еті дер кезінде өтіп кететіндей әсер қалдыратын жағдайлар да айтылады. Демек, мал ұрылары бекет қойылатын нүктелерді және кезекшілік уақытын да бес саусақтай біліп алды деген сөз. Яғни, бұл бағытта әлі атқарылатын біршама жұмыс бар екенін аңғартады…
Шетел тәжірибесіне үңілсек…
Шындап келгенде мал ұрлығы – полицияның проблемасы ғана емес, ортақ жауапкершілік. Мамандар мал иелеріне малды таңбалау, GPS-чип орнату, сенімді бақташы жалдау, құжаттарды толық жүргізу қажеттігін айтады. Шаруашылық иелері де бұған келісіп, жұмыстарды біріге атқаруда. Мал ұрлығы азайып келеді. Десе де, тиылған жоқ.
Атап айтсақ, соңғы дерек бойынша, Осакаров ауданында 55 жастағы тұрғын көршісінің ауласына заңсыз кіріп, екі қойын ұрлаған. Залал 100 мың теңгені құрап отыр. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Бұл ұрлық ұсақ қылмыс болып көрінгенімен, үлкен мәселеге апаратын нақты мысал екенін атап айту керек.
Әлемдегі мал шаруашылығымен айналысатын ең ірі елдің бірі Австралияда мал ұрлығы (stock theft) ауыр қылмыс саналады. Басты құрал – жаппай цифрландыру.
Әрбір ірі қара, қой электронды RFID-чиппен белгіленеді. Ұлттық дерекқор бар. Малдың туған сәтінен бастап, сатылуы мен сойылуына дейінгі қозғалысы тіркеледі. Мал базарлары мен ет комбинаттары чипсіз малды қабылдай алмайды. Мал тасымалдау кезінде полиция автоматты сканер арқылы тексереді. Нәтижесінде, ұрланған малды сату іс жүзінде мүмкін емес.
Қазір ұрлық деректері 2000 жылдармен салыстырғанда бірнеше есе қысқарған. Сала мамандары мал қозғалысын толық цифрландырмай, ұрлықты түбегейлі тоқтату мүмкін еместігін де жоққа шығармайды.
Ал, мал шаруашылығы жоғары деңгейде дамыған Жаңа Зеландияда басты қағида – ұрлықты жасатпау.
Таңба һәм чиппен қатар, фермерлерге мемлекет тарапынан қауіпсіздік стандарттары бекітілген. Қараусыз мал үшін иесіне де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мал жоғалса, 24 сағат ішінде хабарламау – құқықбұзушылық болып саналады.
Есесіне, мал ұрлығы сирек кездесетін қылмысқа айналған. Өйткені, мұнда ұрлықтан гөрі немқұрайлылық үшін жауапкершілік жоғары. Демек, жауапкершілік ұрыға ғана емес, мал иесіне де тең жүктелуі керек деген ұйғарым айқұлақтанады.
Дамыған елдер тәжірибесі мал ұрлығымен күресте түрме мерзімін ұзарту шешуші фактор еместігін аңғартатындай. Негізгі құралдар – толық цифрлық есеп, қоғамның бейжай қалмауы және мал иесінің жауапкершілігін заңмен бекіту. Еліміз үшін де бұл тәжірибелердің басты сабағы – «қараусыз мал» деген ұғымды құқықтық тұрғыда жою.
Түйін
Заң қатайды. Техника енгізілді. Бірақ, мал ұрлығы түбегейлі тыйылуы үшін бұл жеткіліксіз. Қоғамдық үнсіздік, мал иелерінің салғырттығы және бақылаудағы көзге көрінбейтін олқылықтар қылмысқа жол ашып отыр.
Атамыз қазақ «Өз-өзіңе берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген. Бүгінгі жағдайда бұл сөз бұрынғыдан да өзекті. Қараусыз мал – ұрыға ашық қалдырылған есік. Ал, сол есікті жауып жүру – әр мал иесінің, әр ауыл тұрғынының азаматтық парызы. Күз бен қыста мал ұрлығы жиілейді. Себебі де түсінікті. Ендеше, сақтықтан танбайық!
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



