Долгомыслов меншігін мемлекетке неге қайтармайды?
Қарағандыдағы маңдайалды білім ордасы саналатын Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия аумағында жылдар бойы қараусыз қалған ғимарат тұр. Бұл жер үйсіз-күйсіздер мен жүгенсіз кеткен жасөспірімдердің «жайлы мекеніне» айналған. Екі жыл бұрын дәл осылай жазып едік. Қараусыз ғимарат еш өзгеріссіз, әлі сол қаңыраған күйде. Қазір де мектеп ауласындағы аңғал-саңғал құрылыс нысанына бас соқпай кетпейтіні жоқ екен. Тыйымы жоқ бұзақылар мектептің терезесін сындырып, ғимарат ішіне өрт қоятын көрінеді. Айнала толы қоқыс. Иісі қолқаны қабады. Ең сорақысы, балалар да құрылысы бітпеген ғимараттың ішіне кіріп ойнауға әуес. Жаман айтпай, жақсы жоқ, бала мертігіп қалса, мектеп әкімшілігі жауапты болмай ма? Мектеп пен балаларға қауіп төндіретін жекеменшік құрылыс нысаны не сүрілмейді, не кәдеге жарамайды. Сөйтсек, бұл оңай шешіле салатын дүние емес екен, біз ойлағаннан да күрделі болып шықты. Балалардың қауіпсіздігі – қай кезде де күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бұл тақырыпқа қайта айналып соғуымыз сондықтан.

Нысан кімге тиесілі?
Бұрын да жазғанбыз. Түсінікті болу үшін оқырман есіне сала кетейік. Бұл нысанның 1991 жылы іргетасы қаланған. Үш қабатты, толық салынбаған ғимарат. Иесі – Владимир Владимирович Долгомыслов. Меншік иесі осы уақытқа дейін ғимаратқа көңіл бөлмегендіктен, бұл жер қаңғыбастардың, бетімен кеткен жасөспірімдердің темекі шегіп, ащы су ішетін мекеніне айналыпты. Күйінерлігі сол, нысан мектеп аумағында тұр. Жылдар өтсе де, бір шешімі табылмай келеді. Балалар құрылысы аяқталмаған ғимаратқа үйір. Ішіне кіріп, төбесіне шығып алады. Бұған мектеп әкімшілігі уайым кешіп отыр. Қауіп деген аяқ асты. Қараусыз ғимарат ішінде балалар бірдеңеге ұрынып қалып жатса, мектеп әкімшілігі жауапты. Өйткені, ғимарат мектеп аумағында тұр емес пе?! Осындай қайғылы жайттың қайталанбауына ешкім кепілдік бермейді.
Бұл мәселе балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтын мектеп басшылығы мен ата-аналардың жылдар бойы бас ауруына айналған-тын. Сондықтан, гимназия әкімшілігі мен Қарағанды қаласы білім бөлімі осыған дейін қажетті органдарға (қалалық мәслихат, полиция, прокуратура, Қазыбек би ауданының әкімдігіне) хат жазып, жағдайды жеткізген.
2019 жылы қаланың Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімі ғимарат иесі В.Долгомысловқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы бойынша хаттама толтырған. Осыдан соң сең қозғалғандай болып, В.Долгомыслов өзіне тиесілі аумақты күтіп ұстау және қоршау туралы гимназия директорының атына кепілхат жазды. Алайда, бұл азамат өзіне тиесілі ғимаратты қоршау, күзетші қою, қоқыстардан тазарту туралы талаптарды орындамаған. Содан, әлі де жасөспірімдерге қауіп төніп тұр. Одан қалды, мектеп айналасы қоқысқа толып кеткен. 2021 жылдың жазында балалар ғимарат ішіне, айналасына 3-4 рет өрт қойған. Мектеп әкімшілігі өрт сөндірушілерді шақыртып, сөндіріпті.
Қазір тіпті, мектептің бірінші қабатындағы терезенің әйнегі шағылыпты.
Бір жылдары мектептің талабымен қожайын В.Долгомыслов өзіне тиесілі құрылыс нысанының есік-терезелерін кірпішпен жауыпты. Бірақ, бұзақылар өз ыңғайына қайта келтіріп алған-ды. Қараусыз қалған жер жүгенсіздердің «жайлы мекені» болып тұр.
Мектеп мазасын алып тұр
Мәселенің мән-жайын білмекке М.Жұмабаев атындағы гимназияға ат басын бұрып, директор Саян Жекебаевпен тілдестік, мектеп аумағындағы қараусыз ғимаратты тағы бір мәрте көзбен көрдік.
– Қаңыраған бос ғимарат мектеп аумағында болғандықтан, бізге өте қиын, алаңдаймыз. Неше түрлі адам келеді, жүгенсіз кеткен жасөспірімдер де, тіпті, біздің мектептің балалары да кіріп кетеді. Соның ішінде, балалар жүгіріп ойнайды. Мертігіп кете ме деп уайымдайсың. Кейде басқа мектептің балаларын да ұстап аламын, өз мектептерінің мұғалімдеріне хабарласып, дабыл қағамын. Күзетші хабарласа қалса, уақыттың қай мезгіліне қарамастан, алып-ұшып келемін, ғимараттан балаларды шығарып жібереміз. Біз қашанғы алыса береміз, біздің одан да толып жатқан жұмысымыз жетерлік, – деді мектеп директоры Саян Жекебаев.
Білім беру мекемесінің басшысы ғимарат иесі В.Долгомысловты мектепке шақырып, бірнеше рет кездескен екен. Директордың сөзінше, меншік иесі «Құрылыс нысанын салуға қаншама қаражат жұмсадым, енді тегіннен тегін ешкімге бере алмаймын» дейді екен. «Тым болмаса, балаларға зияны тимес үшін құрылыс нысанын қоршап қойыңыз» деген өтініш айттым, қалған шаруа менің құзырымда емес», – дейді директор.
Содан кейін де еш өзгеріс болмаған. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған мектеп әкімшілігі өзі істеуге мәжбүр болыпты. Қалалық білім бөлімінің қолдауымен ғимаратты темір шарбақпен қоршаған. Үңірейген есіктерді темір есікпен бекітіп, жауып қойыпты. Сонда да, әлдебір балалар темір есікті жұлып алардай тартқылайтын көрінеді.
Ғимараттың жеке иесі болғандықтан да, билік органдары қауқарсыз. Мәселе шешімін таппай келе жатқаны содан.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім «біздің тараптан иесіне де бірнеше хат жолданды» дейді. Алайда, еш нәтижесіз.
– Ол ғимаратта не ашылса да, мектепке бөгеті болады. Оның астындағы жер ғана меншік иесіне тиесілі. Бекітілген аумағы да жоқ. Сондықтан, сүрілгені дұрыс, – дейді Есентай Мұқатайұлы.
Күрделі мәселе – депутаттар назарында
Содан бері не өзгерді дейсіз ғой. Шешімін таппай жүрген күрделі мәселе қалалық мәслихат депутаттарының назарына ілігіпті. Депутаттар мектеп аумағында тұрған ғимаратты көзбен көріп, директорымен тілдескен.
13 тамызда Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында М.Жұмабаев гимназиясының аумағында орналасқан қараусыз ғимараттың жай-күйі қозғалып, хаттамаға енгізіліпті.
– Құрылыс нысаны қоршалмаған, қауіпсіздік жағынан да талапқа сай емес, санитарлық норма сақталмаған. Ғимарат иесіне санитариялық-эпидемиологиялық станция айыппұл салу керек. Заңнамаға сәйкес, мектеп маңайы санитарлық нормаға сай таза болуы қажет. Балаларға зияны тиетін болған соң мектеп әкімшілігі айналасын қоршап қойды. Сонда да қауіп сейілмек емес, – дейді қалалық мәслихат депутаты Марат Қанатұлы.
Депутаттың айтуынша, Қарағанды қаласының жер қатынастары бөлімі меншік иесіне ұсыныс жасағанымен, нәтижесіз. Өйткені, ол қирап жатқан ғимаратты қымбатқа сатқысы келеді екен. Бір сөзбен айтқанда, қожайынға ешкімнің тісі батпай тұр.
«Ғимарат иесінің жауапкершілігін арттыру керек. Жылдар бойы құрылысы аяқталмаған бос ғимаратты қаңыратып қойды. Одан келер залал кімге болса да мәлім. Ескерту жасалды, заңнамаға сәйкес ары қарай прокуратура айналысады», – дейді депутат.
Заң не дейді?
Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекiтiлген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес мынадай ережелер бар. Бұйрықтың 2-тарауының 6-шы тармағында «Жалпы білім беру ұйымдарының және білім алушылар мен тәрбиеленушілердың тұратын орындарын ұйымдастыратын объектілердің аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер талаптарына сәйкес барлық периметрі бойынша қоршау болуы тиіс. Қоршау зақымдалмаған болуы тиіс», 7-ші тармағында «Объектілердің аумағында білім беру процесімен функционалдық байланысы жоқ ғимараттарды, құрылыстар мен құрылысжайлар орналастыруға жол берілмейді» деп жазылған.
Ғимарат әу баста балалар бассейні болады деп салынса керек. Ғимаратты кәдеге жаратқанның өзінде білім беру мекемесіне тиесілі оқу орны болу қажет. Алайда, не сүрілмейді, не қолданысқа берілмейді. Мемлекет меншігіне қайтару да оңай шаруа емес екен.
Түйткіл түйіні қашан тарқатылады?
Сонымен ғимарат иесі М.Жұмабаев гимназиясының аумағында тұрған ғимаратты сатып, мемлекет меншігіне бергісі келмей ме? Бұл мәселе қалай шешімін тапқаны дұрыс? Ойын білмекке Владимир Долгомысловтың өзіне хабарластық.
Қожайынның айтуынша, бұл күрделі мәселе екен. «Ғимараттың шаруасы бірден шешіле салатын дүние емес. Бұл жайттан облыс әкімі, қала әкімі де, жалпы тиісті органдар да хабардар. Алдымен әкімдіктен ұсыныс түсіп, келісім жасалды. Мектеп аумағында тұрған соң осы ғимаратты оқу сыныптары немесе балаларға арналған жүзу бассейні ретінде пайдалануға болады. Қала әкімдігі сатып алуға шешім қабылдады, бағалау жасалды. Бірақ, сатып алуға жергілікті әкімдікте қаржы жоқ, ол республикалық бюджеттен бөлінеді екен. Сондықтан, мәселе жабулы күйінде қалды», – дейді меншік иесі.
Ғимарат пен мектептің арасы екі-ақ аттам жер. Әлі күнге дейін ғимарат орналасқан жер мен мектептің аумағы нақтыланбаған, яғни, территория қайсысына тиесілі екені белгісіз. «Бір жердің екі қожайыны болғаны ақылға сыймайтын нәрсе. Алдымен осыны реттеу керек. Мен, тіпті, мектеп аумағына кран кіргізуге де құқығым жоқ», – дейді Долгомыслов.
Бала қауіпсіздігіне барша қоғам жауапты
Бала қауіпсіздігі – қашанда басты орында. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуы керек» деді. Әрине, мектептің іші де, сырты да қауіп-қатерсіз болса құба-құп. Алаңдататыны – қараусыз ғимараттың мектептің аумағында тұрғаны. Онда оқушы жазым болса, кім жазықты?
Мәселе балаға келгенде, оның шешімі табылуы тиіс. «Білім саласы – мемлекеттік стратегиялық мәні бар сала, құзырлы мемлекеттік органдар білім саласындағы мәселелерден сырт қалмауы керек. Өйткені, ел келешегі – балалардың амандығы, оның денсаулығы және сапалы білім алуына барша қоғам жауапты» деген еді Мемлекет басшысы. Ендігі бұл мәселенің түйіні шешіліп, нүктесі қойылатын уақыт жетті.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»
СУРЕТТЕ: Мағжан гимназиясының аумағындағы қараусыз ғимарат