Жаңалықтар

Қараусыз қалған қос үй

Ақтоғай ауылының орталығындағы қос пәтерлі екі үйдің «Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» болып тұрғанына шамамен бес жылдың жүзі болды. 2017 жылы мемлекет есебінен 30 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылысын «СМУ Ақсай» ЖШС қолға алған. Алайда, бар-жоғы 253 шаршы метр қос пәтерлі екі үйдің құрылысы күні бүгінге дейін аяқталмай тұр.

Одан кейін салынған 12 пәтерлі қос қабатты үй мен өзге де қос пәтерлі ондаған үйге ел қоныстанып үлгерді. Ал, Сана би көшесіндегі бұл қос пәтерлі үй неге тұр? Қожасы кім? Ел ол екі үйдің қаңырап неге тұрғанын да, қожасының кім екенін де біледі. Қысқасы, тапсырыс беруші аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі мен мердігердің арасында өзара келіспеушілік орын алған көрінеді. Даудың арты сотқа жүгінуге ұласқан. Тек, неліктен екені белгісіз, бұл қос үйдің тағдырына алаңдап, іздеу салған әзірге тірі пенде көре алмадық.

Иесіз үйдің терезесін әлдекімдер шағып, анасын-мынасын тонап-талапайлап, есіктерін сыпырып кеткен. Бұлай жалғаса берсе, құрылысы жартылай аяқталып тұрған баспанананың аз уақытта аянышты хәлге түсері анық. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қошантаев былай дейді:

– 2017 жылы мемлекеттік сатып алу шарты бойынша мердігер анықталып, Сана би көшесіндегі қос пәтерлі екі тұрғын үй салына бастады. Өкінішке орай, баспананың құрылысы аяқсыз қалды. 2018 жылы тапсырыс беруші тарап пен мердігер сотқа жүгініп, сот «мердігер аталмыш нысан құрылысын аяқтасын» деген шешім шығарды. Алайда, үй аңғалсаңғал күйде әлі тұр. Бүгінде үйлерге техникалық сараптама жүргізіліп, тапсырыс беруші тарап мердігердің үстінен сотқа шағымдануда. АҚТОҒАЙ ауданы.

Думан ҚАБЫЛ.

Басқа материалдар

Back to top button