Ресми

Қараусыз қалған кент жанданады

Саран қаласында 90-шы жылдары қаңырап, бос қалған РТБ кенті жаңғыртылуда. Мұнда маңызды жобалар іске асып, индустриялық аймақ, тұрғын үйлер қалпына келеді. Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов әлеуметтік желілердегі бейне есебінде шаһардағы өзгерістер туралы баяндады.

– РТБ өнеркәсіптік алаңында көптен күткен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Yutong автобус құрастыру зауыты іске қосылды. Екінші маңызды жоба – шина өндірісі болмақ. Бүгінде зауыт құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Инвесторлар 2022 жылы зауытты іске қосуды жоспарлап отыр, – деді Саран қаласының әкімі. Осы аумақта ел басшылығының қолдауымен индустриялық аймақ құрылды. Оның ауданы – 180 гектар. Бұл инфрақұрылымы дайын тұрған аймақта кәсіпкерлер жобаларын іске асыруына болады.

– Қалада өңірдің экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік, серпін беретін жобалар қолға алынды. Ең бастысы, мұнда жаңа жұмыс орындарының ашылатындығы қуантады. Мәселен, келешекте кем дегенде, 5 мың жұмыс орны ашылады. Алдағы бес жылда РТБ-нің 11 гектар аймағын қалыпқа келтірудің бірегей мүмкіндігі пайда болады. Бүгінде сол жұмыстар қолға алынған, – деп атап өтті Ержан Темірханов.

Көп жылдар бойы бос тұрған көп қабатты үйлерді қайта жөндеу басталды. Биыл екі үйді қалпына келтіру жоспарлануда. 2025 жылға дейін 70-ке жуық көппәтерлі үй қалыпқа келеді. Сондай-ақ, екі аула аумағын, шағын гүлзарды абаттандыру және РТБ шағын ауданының көшелеріндегі жолдарды жөндеу басталды.

Қала әкімі РТБ кентін қалпына келтіру барысы туралы барлық ақпаратты ашық түрде #РТИжизнь хештегімен әлеуметтік желілерде орналастыруға уәде береді.

Ержан Темірханов тағы бір маңызды жоба – орталық қазандық құрылысына тоқталды. Оның айтуынша, биыл құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуы тиіс. Содан соң келесі жылы жабдықты іске қосқаннан кейін пайдалануға беруге болады. Жоба барысы туралы ақпарат әлеуметтік желілерде #СараньЦТИ хештегімен жаңартылады.

Саранның сыртқы келбеті де өзгермек. Биыл Жамбыл көшесін ауқымды қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде жаңбыр суы ағатын кәріз төселді, жол төсемі кеңейтілді, жиектастар ауыстырылды, жаяу жүргіншілер жолы жаңарды.

Бұған қоса, Еңбек, Макаренко, Кошевой, Тимирязев, Шахтерская көшелеріндегі жолдарды жөндеу жоспарланған. Сегізінші орамдағы 24 үйдің ауласы, Ақтас кентіндегі төрт аула аумағы абаттандырылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button