Қараусыз қалған үйлер қалыпқа келтірілуде
Бұқар жырау ауданы, Доскей ауылдық огругінің коммуналдық меншігіндегі алты бірдей бесқабатты үй қараусыз қалған. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қолдау тауып, оларды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Әзірге үш үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Оның екеуіне, яғни, №36 және №37 үйде жөндеу жұмыстары басталып та кеткен.
– Екі үйді қалыпқа келтіру жұмыстарымен «Райс kz» ЖШС айналысып жатыр. Жоспар бойынша 60 пәтер жалға беріледі деп күтілуде. Жылумен толық қамтамасыз ету үшін модульдік қазандықты кеңейтуге конкурс жарияланды. Жылу құбырларын, жарық пен су тартамыз,– деді Доскей ауылдық округінің әкімі Ерболат Тоқмырза.
Бұқар жырау ауданында 1 031 адам баспана кезегінде тұр. Оның 154-і – Доскей ауылдық округінде. Үйге жөндеу жұмыстары толық біткен соң пәтер кілті әуелі кезекте тұрған жандарға табысталады. Сонымен қатар, аула да абаттандырылып, ойын алаңдары, жарықшамдар орнатылмақ. Аулаға кіреберіс жолдарға да толық асфальт төселеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz