Қарашада қара өлең әнге айналып…
«Қарашада өмір тұр…». Қарашада Қарағандының күнделікті күйбең тірлігі көркем кейіпке енеді. Сазгердің әнінде, ақынның жырында ұлпадай қалықтап, адам жанын рухани ләззатқа бөлейді. Дәл осы айда жыл сайын жаңа Майқұдықтың мәдениет үйінде «Қарашада өмір тұр…» атты поэтикалық мюзиклі өтеді. Биыл да дәстүр бұзылған жоқ. Сәкен театрының актерлері Арқа ақындарының өлеңдерін оқып, әндерін шырқап, жұртқа жан азығын тарту етті.
Жол жөндеу, тазалау, үй құрылысы, коммуналдық қызмет, тағысын тағы. Таң атпай басталатын күйбең һәм жегі тірліктің ырғағына түскен көп пенде үшін әкімдік тек осыларға ғана жауапты секілді болып көрінетіндей. Бірақ, дүниеде тәніңді емес, жаныңды қуаттайтын бұлардан әлдеқайда маңызды міндеттер бар екенін ұмытып кетіп жатамыз. Ондай әлемнің барын білмейді деуден аулақпыз. Біледі. Ұмыттырады… Қарағанды қаласының әкімдігі шаһар тұрғындарын жан азығымен қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етіп келеді. Сол азықты өндірушілерге, яғни, өнерпазына да шама-шарқы келгенше қамқорлық жасауда. Көктемде «Қарағанды көктемі» деген әдеби-сазды кеш дүркіреп өтеді. Сонда сахнаға шыққан ақынының, әншісінің, күйшісінің дүбірі бүтін Қазақстанға тарайды. Әлеуметтік желіде «Қарағандыға көктем келді» деп жарыса жазады жан-жақтағы ағайын. Жаз айында орталық саябақтың сахнасында түрлі әдеби-сазды кештер өтеді. Кинодағы Еуропа шаһарларының сырлы кештері секілді. Жанды музыка, жанды дауыс саябаққа серуендеуге шыққан адамның жанын самалдай аймалайды. Ал, күзде «Қарашада өмір тұр…» деп, жүрегі шөлдегендерді Майқұдықтағы мәдениет үйіне шақырады.
Ұйымдастырушылары – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Жанат Жаңқашұлы мен «Jayauman» жобасының авторы Асхат Қажытай. Жанат Жаңқашұлы мұндай кештердің мақсаты мен міндетіне тоқталды.
– Қарағандыда облыстағы таланттардың басы қосылады. Әрқайсына мүмкіндік берсеңіз, жұртты жалт қарата алады. Солардың басын қосу, өздерін көрсетуге жол ашу – біздің міндетіміз деп есептеймін. Біз де рухани азық бергіміз келеді. Бүгінде «Қарағандыда не болып жатыр екен?» деп елеңдеп отыратындар көп. Бұл – біз үшін айтарлықтай жетістік деп ойлаймын, – деді Жанат Жаңқашұлы.
Поэтикалық мюзиклдың шымылдығын дәстүр бойынша Алаштың аяулы ақыны, Абай атындағы Мемлекеттің сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы ашып берді.
– Дүлдүлдердің дүбірі қалған Қарағанды – бұл. Қарағандым өз биігінен түспей келеді. Осындай кештер жалғасын таба берсе, келешекте де түспеуі керек. Ақынын аялаған шаһар жасасын! – деді Серік Ақсұңқарұлы.
Содан кейін бүгінде мерейлі 60 жасқа толып жатқан ақын Қойлыбай Асанның иығына Қарағанды ақындарының атынан шапан жабылды.
Серік Ақсұңқарұлының «Өмір деген – Күнді айналу…» деген мәшһүр өлеңіне жазылған атақты бард Табылды Досымовтың әні орындалды. Сәкен театрының актерлері Арқа ақындарының өлеңдерін оқыды. Поэтикалық мюзикл сахнасында ақын Сәттібай Жүнісов ән әуелеткен еді. Бақиға аттанған сүйікті ақынын оқырман еске алды. Сол бір аяулы һәм келмеске кеткен сәт…
Кеште оқылған өлең, шырқалған ән «Қайтып келмес, қайтып бермес күндерді бағала! Өмірде махаббат бар, сүю мен күю бар!» деген дауысты жеткізгендей болды.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz