Басты тақырып

Қарашаңырақтың ұлы тойы

     «Күлтөбенің басында күнде кеңес» емес, құтты орданың атаулы мерейтойы! Елдің жайы, жердің жайы, заман мен адам мәселесі осында айтылған соң, ығай мен сығайдың бәрі келіпті. Тек, Сығайдың Әшірбегі жоқ… Ол да осы қара шаңырақта қызмет еткен екен кезінде. Не шықса, Алаштың кіндігі Арқадан шығады… Әңгіме Қарағандыдағы қара шаңырақ – С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының 85 жылдық мерейтойы жөнінде екендігін көзі қарақты ел сезіп отырса керек!

Даңқты орданың думанды тойы делік. Қарағандыдағы қара шаңырақ, Арқадағы әйгілі орын Сәкен театры, ақын Серік Ақсұңқарұлыша айтсақ, Көкем театры болған соң келеді ғой бәрі. Сонда кімдер келіп, сөз сөйлеп, құттықтапты дейсіз ғой? Облыс әкімі Ерлан Қошанов бастап, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов пен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Есмұхан Обаев, тізе берсе, танымал мен атақтының бәрі жүр.

Басында той салтанатына сәйкес көңілашар әуен, мерекелік күй, бәрі ұйымдастырылды. Ақ тілек, алғыс пейіл деген болады ғой. Аймақ басшысы шақырылды ортаға. Айтқаны ай­дай, сөйлегені сезімдей төгіліп жатты.

«Бүгін – үлкен, айтулы мереке! Таңертең «Орталық Қазақстан» газетінің жаңа санын оқыдым. Онда осы Сәкен театрының мерейтойына орай материалдар топтастырылыпты.

Соның ішіндегі бір ауыз сөз есімде ерекше жатталып қалды. Ол – «Ұлттық рухтың ұлы дүбірі театрдан басталады» деген сөз. Осы сөзден асырып айту – қиын. Себебі, адамзат жанының бұлқынысы мен табиғаттағы ұлы дүбірді сіздердің қойылымдарыңыз арқылы сезініп, түйсінетініміз өтірік емес біздің.

Біз сахнаға күнде шығып жүрген өнер адамы емеспіз. Сондықтан, қазір сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеу оңайға тиіп тұрған жоқ»,– деп әкім кішіпейілділік танытып, бір қайырғанда, халықтың қошеметін көрсеңіз, құлақ тұнады.

«Белгілі талантты актер ағамыз Қайрат Кемаловтың мен алғаш осы облысқа әкім болып келіп, өнер қайраткерлерімен кездескенде айтқан сөзі бар еді: «Құрметті Ерлан Жақанұлы, сіз Елбасының сенімін арқалап келіп тұрсыз. Сол себепті, біз, өнер адамдары, сіздің оң қапталыңыздан да, сол қапталыңыздан да табыламыз» дегені есімде. Міне, мен бүгін сол сезімге оралған сертті осы сахнада сезініп тұрмын.

Бұл қарашаңырақ өзінің 85 жылдық тарихында осындай биік деңгейге жеткені – әуел баста театрды құрған айтулы тұлғалардың арқасы. Біз сол кісілерді ұмытпауымыз керек. Қандай азаппен, қандай жанкештілікпен, қандай қиындықпен бүгінге жетті театр. Мен мысалы үшін театр тарихына қатысты Мүлік Сүртібаевтың, Рахия Қойшыбаеваның, Жәмила Шашкинаның есімін білемін. Оқып шықтым. Сол 30 жылдары ақ қар, көк мұз, аяз-боран, күннің аптабына қарамай аш-жалаңаш жүріп, көрермендерге рухани ләззат, асқақ рух, биік сезім сыйлай алған тұлғаларға бүгін біз басымызды июге тиіспіз. Өйткені, ол кезде мынандай зәулім ғимарат болған жоқ, қазіргідей жылу жүйесі сияқты жағдайлар болған жоқ. Бірақ, соған қарамай ол кісілер елінің нағыз патриоты, ұлы өнердің жанашыры болып, соны ары қарай дамытты.

Бүгінде біз Елбасы тапсырмасымен салдырған зәулім сарайда отырмыз. Тәуелсіздік алғаннан кейін салынған еңселі театрлардың бірі – осы Сәкен театры. Бұл дегеніміз – Елбасының өнерге, елге, театрға деген құрметі деп түсінемін.

Кезінде театр алғаш құрылған кездегі рухани биіктікті ұстап тұру – бүгінгі ұжымның шығармашылық жетістігі деп білемін. Қазір біз Қарағандының өнерімен мақтанамыз. Арқа өнері мен мәдениеті дегенде, біздің есімізге бірден Сәкен театры түсетінін мойындауымыз керек. Өйткені, бұл – қарашаңырақ. Ендеше, осы қарашаңырағымызды шайқалтпай, жықпай ұстап отырған бүгінгі таңдағы өнер ұжымына көп-көп рахмет айтамын.

Режиссер, актер, драматургтер – сіздер, көзге түсіп, еленіп жүрген адамсыздар. Ал, енді көзге түспей қалып жататын суретшілер, грим жасаушылар, кастюмерлер – олардың да мәртебесі биік.

Сонымен қатар, қазір Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жүзеге асып жатыр. Оның негізгі идеясы – біздің төл мәдениетіміз бен өнерімізді жаңғырту, жаңарту. Ал, өнерді жаңғырту – театрсыз болмайды. Сондықтан да, біз, жергілікті билік, Елбасының тапсырмасы бойынша сіздерге барлық жағдайды жасауға дайынбыз. Жасаймыз да! Соның бір көрінісі – театрда жүріп жатқан жөндеу жұмыстары, қосымша бір автобус керек депсіздер. Оны да таяу арада шешуге уәде беремін. Ал, сіздерге қойылар талап – көрерменнің көңілінен шығу. Егер шенеуніктер театрға көбірек келсе, олар соғұрлым сезімтал, халықтың мұң-мұқтажына жақын болады. Біз сіздерге сенеміз!»,– деді облыс басшысы Ерлан Қошанов. Сізге өтірік, маған шын, елдің ықыласы ерекше шықты.

Осы сәтте сахнада бірқатар әртістер облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Олар: Асылзада Ахметқалиева, Зылиха Әбдіхалықова, Батырхан Бәкіжанов және Мадияр Қойшығарин, Дина Заитова, Қарлығаш Жарылғаповаға Алғыс хаттар табысталды.

Театрды тойымен құттықтай келген Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековтің де сөзі құнарлы шықты. Соған орай, әдетте, мерейтойларда сөзден шаршайтын халықтың қошеметі қалың болды.

«Киелі қарашаңырақты 85 жылдық мерейтойымен құттықтау мәртебесіне ие болғаныма қуаныштымын. Бұл – Қазақстанда ғана емес, Орта Азияда беделі бар театр. Біз бірінші курста оқып жүргенде, Шекспирдің «Медеясы» сахналанып, оның авторы Евней Бөкетов залдағы адамдарға қарап «әне, жастар отыр» деп қатты қуанғанын көргенмін. Кейін білдім, сонда жанында отырған – Жайық Бектұров екен.

Осында қойылған «Өліара» спектаклі әлі есімде. Ленин рөлін сомдаған Кеңес ағамыз форма киіп алып, обком партиясына кіріп барғанда, астындағы сақшылардың барлығы құлап қалған. Мұндай да тарих болған», – дегенде ел күлкіден ду етіп барып, шапалақ соқты.

Сахнаға Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның халық әртісі, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Есмұхан Обаев пен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов көтеріліп, сөз сөйледі.

«Бүгінде бұл шаңырақ – облыстық театрлар ішінде Мемлекеттік сыйлыққа ие болған жалғыз театр. Ұлы шаңырақ! Неге десеңіз, осы ел, осы жер, осы орта – Сарыарқа қазақ өнерінің бренді деуге әбден болады. Осынау залда Рымбала Кенжебалақызы отыр. Міне, сол кісінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында облыс мәдениетінің гүлденгенін айту керек. Ұлдары түгілі, қыздары осындай қасиетке ие елдің өнері өркендемей қалуы мүмкін емес. Қазіргі қазақ театрларының ішіндегі бұл өнер ордасын өте бір ауқымды, басты шаңырақтың бірі деп айтар едім» деген Есмұхан Несіпбайұлы Алматыдағы Әуезов театрының құттықтау хатын Сәкен театрының директоры Сансызбай Бекболатовқа ұсынды.

Ал, Тұңғышбай ағамыз болса, былай деді:

«Жаңа Ес-ағаң айтқандай, бұл театр – қазақ өнеріндегі үлкен театрлардың бірі. Ерлан Жақанұлы айтқаннан кейін мұндағы шенеуніктер осында келе бастайды деп ойлаймын. Өйткені, қасиетті актерлардың тері сіңген ұлы сахнадан халықтың мұң-мұқтажы, ой-арманы айтылады. Осыдан артық қандай қасиет болуы мүмкін? Егер, елдің, ұлттың тағдыры мен арманын, мұңын, тағы басқа жақсылықтарын айтатын шаңырақ қасиетті болмағанда, басқа не қасиетті болғандай…

Мен бұл театрды ертеден білемін. Біздің Әуезов театрындағы атақтылардың біразы осы жерден қанат қағып, түлеп ұшқан»,– деп Қазақстан театр қайраткерлері одағының құттықтау хатын тапсырды.

Халық әртістерінің сөзін ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы өлеңмен қорытындылады.

Бұдан кейін сахна төріне осы театр әртіс­тері шығып, көңіл көтеретін мерекелік бір сәттік көріністер қойып, халықтың қошеметіне бөленді. Онда театр репертуарындағы спектакльдердің ең сәтті деген тұстарынан үзінділер қойылды. Сондай-ақ, театрға еңбегі сіңген бұрынғы өнерпаздардың да есімі атаусыз қалмады һәм Ұлы Отан соғысында шейіт болған әртістер үшін бір сәтке үнсіздік жарияланды. Ал, облыстағы басқа да өнер ордаларының ішінен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұжымы мен Станиславский атындағы орыс драма театры құттықтау ретінде музыкалық сәлем жолдап, театр өміріне қатысты көңілашар көрініс қойды.

Театрдың тарихынан сыр шертетін жинақтың тұсауы кесілды.

Сахнаға облыс әкімі Ерлан Қошановтың ықылас гүлі қойылды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button