Қарашаңырақта – Қуыршақ театры
Cәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры Түркияның Трабзон, Конья қалаларында өткен екі бірдей фестивальге қатысып, Еуропа жұртын Шерхан Мұртазаның «Текебұрқақ» қойылымымен тәнті етіп, лауреат атанып қайтты. Құрамында 21 музыканты бар театрдың өз оркестрі құрылды. «Музыкалық» мәртебесін алу үшін арнайы Қаулыны күтіп отыр. Бұдан бөлек, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде Сәкен театрының жанынан көптен күткен қуыршақ театры ресми түрде ашылды.
Бұл – қарағандылық бүлдіршіндер мен ата-аналардың көптен күткен арманы. Бұған дейін зиялы қауым өкілдері тарапынан аталған мәселе бірнеше рет көтерілген. «Ortalyq Qazaqstan» газеті де 2021 жылы наурыз айында «Қуыршақ театры бар, қазақ труппасы жоқ…» деп мақала жариялаған.
Осындай сұраныстан соң Сәкен театры бір жыл бұрын кішкентай көрермендерге арнап ертегілер мен қойылымдар сахналай бастады. Жыл бойына театрдың көркемдік жетекшісі А.Салбанның авторлығы һәм режиссерлігімен «Қуыршақтар оянғанда», «Күнделік», «Мұзды өлке» ертегілері және театрдың репертуарында бұрыннан бар балалар спектакльдері қазақ тіліндегі қойылымдарға сусаған балаларға тарту етілген.
Енді, міне, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қолдауымен 25 адамдық арнайы штат бекітіліп, театр жанынан аймағымыздағы тұңғыш Қуыршақ театры бүлдіршіндерге есігін айқара ашты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Рымбала Омарбекова, Қайрат Кемалов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков, Сәкен театрының басшысы Құрман Қалымов, театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбан, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының актер шеберлігі және режиссура кафедрасының ұстазы Маржан Есдәулетова қатысқан баспасөз мәслихатында өнер майталмандары журналистердің сауалына жауап берді.
– «23-ші Қаратеңіз халықаралық театр фестивалі мен түркітілдес мемлекеттер арасындағы «Мың тыныс – бір үн» театр фестиваліне бәсекелестік элемент болған жоқ. Екеуіне де қатысып, көрерменге рухани азық сыйлағанымыз үшін диплом алып, лауреат атандық. Ұйымдастырушылар шақыру жіберді. Бұл Түркияға алғашқы сапарымыз емес және осы жолы облыс басшылығының қолдауымен бардық. Біз «Текебұрқақты» таңдадық. Пластикалық морфоза – бұл жаңа, жас жанр. Ерекше әрі қызықты. Өйткені, мұнда актерлер музыкалық аспаптарда ойнайды, музыканың ырғағымен және қозғалыста жүріп диалогтарын көрерменге жеткізеді, – деп түсіндірді Құрман Өмірбекұлы.
Театрдың талантты актері Ахай Жұмамұрат Түркияда көрерменнің ықыласы ерекше болғанын айтады.
«Фестивальге Әзірбайжан, Болгария, Италия, Норвегия сияқты көптеген елдің театрлары барды. Ол жақта кино жақсы дамыған. Театр аз екен. Біздің сахна өнерімізге таңдай қақты. Қойылымның бәрі аншлагпен өтті. Тіпті, бір қыз бала «Мен қазақ тілін үйренемін» деді әсерленіп. Елге марқа-йып қайттық», – деді ол.
Әзірге театр шеберханасында әр түрлі 15 қуыршақ бар. Енді, қуыршақ жасауды әрі қарай дамыту міндеті тұр. Қарағандыда қуыршақ жасау технологиясын шебер меңгерген мамандар жоқтың қасы. Алайда, жұмыла жұмыс істеп, бәріне қол жеткізетінін айтады театр басшылығы.
Ал, Маржан Есдәулетова қуыршақ театрында жұмыс істеу қиын екенін айтады.
«Қуыршақ театрында жұмыс істеу оңай деп ойлайды. Өзім осы саланың маманы болғандықтан, жауапкершілігі мол сала екенін білемін. Өйткені, балаларға қуыршақтар арқылы көңіл күйді, сезімді жеткізуің керек. Дауыс, мәтін, қимыл, костюм бәрі маңызды. Биыл Т.Жүргенов академиясынан диплом алғалы тұрған 6 түлегін осында алып келдім. Олар енді Қарағанды қуыршақ театрында жұмыс істейді. Олар әлеуметтік жағынан толық қамтылған. Тағы бір айта кетерлігі, қуыршақ театрының қойылымдары бірте-бірте пісіп жетіледі. Сатылап дамиды. Дами түсіп, соңында адамдар көрінбей тек қуыршақтар көрінетін деңгейге жетеді. Сондықтан, үлкен еңбек күтіп тұр», – деді Маржан Мұратқызы.
Қуыршақ театрының тұсауы кесілген соң Ноэль Фришердің «Кішкентай құтан мен қарақшы» қуыршақ ертегісінің премьерасы болды. Мұны Маржан Мұратқызының жетекшілігімен Жүргеновтің алты түлегі Беглан Омаров, Шапағат Балтабай, Ділназ Уәлиева, Ұлан Тұрдығазы, Марат Серікхан, Бекзат Абай ойнап шықты.
Ертегі қанаты сынған кішкентай құтан мен егін күзететін қарақшының достығы хақында. Олар көп қиындыққа кезіксе де, бірлесе жүріп, жеңіп шығады.
Кейін жұрт назарына «Қуыршақ-думан» қойылымы ұсынылды.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz