Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарашаңырақ Қарсақбайда – торқалы той

Қазақстанда алғашқы мыс балқымасының алынуының 90 жылдық мерейтойы елдегі металлургия өндірісінің қарашаңырағы Қарсақбай кентінде кең көлемде аталып өтілді. Облыс әкімдігінің қолдауы негізінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС мен Ұлытау ауданының әкімдігі бірлесе ұйымдастырған іргелі іс-шараға облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, байырғы металлургтер мен жұртшылық өкілдері қатысты.

Мерейі өскен металлургтер қауымын Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ақжарыла құттықтады. Өзінің құттықтау лебізінде аймақ басшысы Қарсақбай зауытының өндіріс ісінде алар орны мен маңыздылығын айрықша атап өтті. – Осыдан 90 жыл бұрын Қарсақбайда Қазақстандағы алғашқы мысты балқыту оқиғасы орын алды. Тарих үшін бұл керемет ұзақ уақыт емес, дегенмен осынау мерзім аралығында ел үшін елеулі жайттар жүзеге асырылды. Дүние жүзін мойындатқан дара бітімді ғалым, ұлттың біртуар ұлы Қаныш Сәтбаевтың ғылыми қызметі де осы жерден бастау алған, мұнда біздің еліміздің алғашқы металлургтері еңбек еткен. Сондықтан, тек аймағымыз үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін зауыттың өз жұмысын жалғастырғаны маңызды, себебі, ол – тарих, біздің металлургиямыздың бастауы. Қарсақбайдағы мыс балқыту зауыты – Қазақстандағы тұңғыш өндіріс ошағы. Мұнда химиялық құрамы ерекше жезқазғандық мыс кенін өңдеудің жаңа технологиялары игерілген. Кейіннен ол технология Оралдағы және Балқаштағы зауыттарды жобалау кезінде пайдаланылған, – деді облыс әкімі.

Дәуірлеген шағында Қарсақбай тек сапалы мыспен ғана емес, сонымен қатар, білікті мамандары, іскер қызметкерлерімен де өте танымал болған. Мұнда тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Кеңес Одағының атақты металлургтері өздерінің еңбек жолдарын бастаған. – Біздің мыс жоғары сапасымен ерекшеленеді, онда қоспалар үлесі аз. Қарсақбай мысы Кеңес Одағында ең үздік болатын. Мүмкін сондықтан болар, кен орны металлургия саласындағы көптеген дағдарыстарды басынан өткерсе де, зауыт осы күнге дейін жұмысын тоқтатпай келеді, – дейді металлургия саласында 57 жыл қызмет еткен Қарсақбай кен орнының ардагер металлургі Виктор Лавецкий. Бұрынғы әріптесінің сөзін ардагер-металлург Нығмет Ілиясовтың «1954 жылы мені жас маман ретінде Қарсақбай мыс балқыту зауытына бағыттады. Осы кәсіпорында 50 жыл жұмыс істедім. Сол кезде зауыттың өнімділігі жылына бес мың тоннаны құраған болатын. Ал, мен зейнеткерлікке шығарда ол көрсеткіш бірнеше есе ұлғайған еді. Біз осындай тарихи кәсіпорынды дамытуға өз үлесімізді қосқанымызды мақтан тұтамыз», – деген пікірі барынша байыта түседі. Бүгінгі таңда зауыттың негізгі қызмет түрі «Kazakhmys Holding» ЖШС кәсіпорындары үшін шойыннан құйылған бұйымдарды дайындау болып табылады. Зауыт компанияның кеніштері, фабрикалар мен зауыттары пайдаланатын құрылғылардың қосалқы бөлшектері секілді шамамен 80-ге жуық өнімдерді жасап шығарады. Тарихы тағылымды кәсіпорында 200-ден астам адам еңбек етеді. Кент тұрғындары мен мекемелерді ауызсумен, жылумен және жарықпен қамтамасыз ету жауапкершілігін зауыт өз мойнына алған. Аймақ басшысы және мереке қонақтары академик Қаныш Сәтбаевтың қайта қалпына келтіріліп, жаңғыртудан өткізілген музей-үйінде болды. Бұл үйде ғалым тек отбасымен тұрып қана қоймай, Қазақстандағы алғашқы геологиялық-барлау кеңсесін ашқан. Бұл туралы деректер арнайы орнатылған естелік тақтада көрініс тауыпты. Ғимарат 1969 жылдан бастап келушілер үшін есігін айқара ашты. Қазіргі күні музей-үй қорында 3 мыңға жуық жәдігер бар. Мерейтойға арналған салтанатты жиын барысында облыс әкімі үздік металлургтер мен сала ардагерлеріне Алғыс хаттар табыс етті.

Аймақ басшысының ақжарма тілегін «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарушы кеңесінің Бас директоры Бақтияр Қырықпышев жарасымды жалғастырды.

– Қарсақбай зауыты – Қазақстан металлургиясының даму бастауында тұрған көпжылдық тарихы бар кәсіпорын. Еліміздің металлургия кешенінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан өндіріс ардагерлеріне үлкен алғысымды білдіремін. Бүгінде металлургия – Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне қызмет етуші сала. «Қазақмыс» металлургтері көп жылдан бері ауыр және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Күнделікті еңбектің нәтижесі – ғаламшардың барлық құрлықтарында сұранысқа ие жоғары сапалы мыс өнімі, – деді алып компанияның басшысы.

Қарсақбай зауытында өнімді еңбек етіп, ел ырысын еселеген бір шоғыр ардагерлер мен іс үстіндегі еңбеккер-қызметкерлерге «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан жасалған толымды сый – «Нива» жеңіл автокөліктерінің тапсырылуы болды.

Сол күні біріне бірі үзіліссіз жалғасқан бағдарламалар легі мейлінше мол болды. Зауыт қабырғасында ардагер-металлургтердің қатысуымен өткен мерекелік шойын балқымасын құю салтанаты – солардың бірі.

Шойын балқымасын құю рәсімінен соң Қарсақбай зауытын ұзақ жылдар басқарып, тынысының кеңейе түсуіне дәнекерлік еткен тұлға Қадыр Мәткеновтың атындағы жаңғыртылған көше бойына қайраткер тұлға құрметіне жаңадан орнатылған мүсіннің ашылу рәсімі өтті. Онда жұртшылықты аудан әкімі Әнуар Омар, «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС атқарушы директоры Сайран Әменов, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпей, сондай-ақ, кәсіпорын ардагері Айтқали Мәменов құттықтады. Өздері есімін ерекше қастерлейтін атпал азамат рухына облыс әкімдігі мен корпорация басшылығы тарапынан көрсетілген құрметке қарсақбайлық ағайынның ризашылығы арнасынан асып жатты.

 Бабалар дәстүрі бойынша ұлы дүбір, той-думанда білекті азаматтар аударыспақта сынға түсері, сәйгүліктер жарыс жолына шығып, балуандар белдесуі өткізілуі – заңдылық. Сол үрдіс бұл жолы да үзілген жоқ. Елдің әр аумағынан келген жүйріктер дала төсін дүбірлетсе, сайыпқыран жігіттер боз кілемнің шаңын аспанға шығарды. Аламанда алдымен келген сәйгүлік пен топ бәйгеде топ жарған жүйріктің иелерінің тақымына «Нива» автокөліктері тисе, аударыспақ пен қазақ күресі бәсекесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қомақты қаржылай жүлделер табысталды. Түйе балуандар сынында жаңаарқалық белгілі балуан Асыл Бәрменов қарсыластарын қирата жығып, жеңімпаз атанды.

Қазақстанның алғашқы мыс балқымасының алынуы мерейтойы қарсаңында мерекелік шараларды ұйымдастырушы «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС облыс аумағындағы бұқаралық ақпарат құралдарының қазақ тілінде жазып, хабар тарататын журналистері арасында шығармашылық байқау жариялаған болатын. Мерекелік бағдарлама аясында сол байқаудың қортындысы жария етілді. Нәтижесінде басты сыйлық 700 000 теңгені Қарағанды облыстық «SARYARQA» телеарнасының редакторы Әшімхан Жампейісов жеңіп алды. Бірінші орынды (500 000 теңге) Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасы директорының орынбасары Төлеш Асантегі еншілесе, екінші (200 000 теңге) және үшінші (100 000 теңге) орындардың жүлделерін, тиісінше, Жезқазған қалалық «Сарыарқа» газетінің тілшісі, ардагер журналист Амандық Рахұлы мен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Әлібек Әбдіраш өзара бөлісті. Екі ынталандыру сыйлығы (65 000 теңгеден) Сәтбаев қалалық «Шарайна» басылымының тілшісі Мейрамгүл Саяжанқызы мен Сәтбаев қалалық «СТА» теларнасының тілшісі Алтын Төлегеноваға бұйырды.

Кенттегі жаңаша түрге енгізілген мәдениет және демалыс саябағында ақшаңқан киіз үйлер қалашығы бой көтеріп, орталық алаңқайда думаны мол мәдени іс-шаралар өткізілді. Сол жерде орнатылған үлкен сахна төрінен Роза Рымбаева, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина бастаған қазақстандық өнер жұлдыздары жергілікті тұрғындар мен мерейтой меймандарының назарына тартымды концерттік бағдарламасын ұсынды.

Келісті іс-шаралар Қарсақбайдың түнгі аспанын алау-нұрға бөлеген мерекелік отшашумен түйінделді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button