Қарасазда қара үзді
Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында Мұқағали Мақатаев оқуларының республикалық кезеңі өтті. Өнер һәм білім сайысына еліміздің түпкір-түпкірінен қалалық, облыстық кезеңдерінен үздік шыққан 51 оқушы қатысып, бақ сынасты. Кеншілер өлкесінің намысын 4 оқушы қорғап, лайықты өнер көрсетті.
Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Жұмабай Тәшенов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері болып, қатысушылардың өнерін бағалады.
Сайыс үш түрлі аталымда өрбіді. «Айтып өткен ақында арман бар ма?» аталымында қатысушылар Мұқаңның өлеңдерін жатқа оқыса, «Жыр эстафетасы» номинациясында мұзбалақ ақынның «Райымбек! Райымбек!», «Алтай-Атырау», «Аққулар ұйықтағанда» поэмаларының кез келген жерінен сұраса, мүдірмей оқуы тиіс болды. Ал, «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» аталымында қатысушылар өз шығармашылығының әлеуетін аңғартты.
Қарағанды қаласы, Әлихан Бөкейхан ауданындағы №61 жалпы білім беретін орта мектептің 9 сынып оқушысы Нұрғасыр Изат басқа қарсыластарынан оза шауып, бас жүлдені иеленді және 100 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал, аталған мектептің оқушысы Әлина Наурызбаева Мұқағалидың поэмаларын мүдірмей оқып, жүлделі бірінші орынның биігінен көрінді және 70 мың теңгенің сертификатын иеленді.
– Былтыр «Жыр эстафетасынан» бас жүлде алып едік. Биыл керісінше болды. Қуанып, толқып тұрмын. Нұрғасыр Мұқаңның 327 өлеңін жатқа біледі. Еш мүдірген жоқ. Нұрғасыр осымен республикалық кезеңнен 11 рет, Әлина 5 рет жүлде әкеліп отыр. Ал, бұл – менің қоржынымдағы республикалық деңгейдегі 41 жүлде. Сайыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Құрбан айтпен тұспа-тұс келген шара сәтімен өтті, – дейді ұлағатты ұстаз Дидар Төрекелдина.
Дидар Қарсыбекқызы бұған дейін де бірқатар озат оқушыларды тәрбиелеп шығарған. Олар бүгінде ҰБТ-дан да жақсы нәтиже көрсетіп, қазір жоғары оқу орнында білім алуда. Атап айтсақ, Ділназ Мұрат ҰБТ-дан 126 балл жинап, әл-Фараби атындағы Ұлттық университетке грантқа түссе, Жанар Жұмабекова 120 балл алып, Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне грантқа түскен.
Жерлестерімізді кезекті жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz