Қарағандылық мұғалім Science on Stage Europe фестиваліне жолдама жеңіп алды
Қарағанды қаласы Оқушылар сарайындағы «Кәусар» STEM-зертханасының педагогі Наталья Колчева «Science on Stage Kazakhstan 2025» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, қазақстандық жеті үздік ұстаздың қатарынан табылды. Байқауға қарапайым әрі қызықты жоба ұсынған ұстаз республикалық іріктеуден өтіп, халықаралық Science on Stage Europe фестивалінде ел намысын қорғайды.

Наталья Колчеваның жобасы «Лэпбуктер» деп аталады. Бұл – матамен қапталып, қанық түстермен әрленген үлкен форматтағы картон «кітаптар». Мұнда белгілі бір тақырыптарға арналған ақпараттық материалдар, тапсырмалар мен жаттығулар салынған қалташалар, дорбашалар мен қыстырмалар бар.
– Бәрі үйімде жиналып қалған тұрмыстық техниканың картон қораптарынан басталды. Оларды жай ғана тастауға қимай, пайдаға жаратқым келді. Осылайша лэпбук жасау идеясы пайда болды. Ағылшын тілінен аударғанда лэпбук «тізедегі кітап» дегенді білдіреді. Біз балалармен бірге оларды бояп, қиып, матамен қаптап, қалташалар тіктік. Ақпарат пен тапсырмалар жазылған карточкалар әзірледік. Нәтижесінде жаңа тақырыптарды меңгеріп, білім мен дағдыларды бекітуге арналған тамаша құрал шықты, – дейді Наталья Колчева.
Мұндай лэпбуктер STEAM-форматтағы оқытуға жатады. Бұл тәсіл ғылым, техника, инженерия, өнер және математика секілді бес бағытты қамтиды. Педагогтің айтуынша, материалдардың шектеулі болуы балалардың шығармашылық ойлауын дамытып, қиялын ұштайды.
– «Science on Stage Kazakhstan» байқауында жобаларды бағалаудың басты талабы – кез келген елдің мектептерінде, тіпті, ең қарапайым ауылдық білім ошағында да оны жүзеге асыру мүмкіндігінде. Қарапайымдылығы әрі қолжетімділігі ескерілді, байқауда қымбат жабдықты немесе заманауи 3D-принтерді қажет ететін жобалар іріктеуден өтпей қалды. Өйткені мұндай жағдай барлық жерде жасала бермейді, – деді ол.
Қазір Наталья 2026 жылдың мамыр айында Литваның Клайпеда қаласында өтетін халықаралық Science on Stage Europe фестиваліне дайындалуда. Мұнда әр елдің үздік ұстаздары өз жобаларын ұсынып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасады. Фестивальда жеңімпаздар мен жеңілгендер болмайды. Басты мақсат – білім саласындағы тәжірибені бөлісу және STEM мен STEAM стандарттарын түрлі елдердің оқу жүйесіне енгізу.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»