Қараның ханы, Даланың заңы да – Өзі
Өткен апта соңында Қарағандыда Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Ұлттық руханият және Қаздауысты Қазыбек би мұрасы» атты республикалық конференция өтті. Онда еліміздің түпкір-түпкірінен белгілі ғалымдар мен зерттеушілер келіп, баяндамалар жасады.
Конференцияны Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған екен. Білуімізше, бұл – ел көлемінде тойлануы тиіс Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған тұңғыш шара. Қарағанды бірінші бастап отыр. Тағылымды жиынның ұйымдастырылуында кем жоқ. Еліміздің әр өңірінен 120-дан астам мақала келіп түссе керек. Солардың ішінен ғылыми сипаты бар таңдаулы 76 мақала топтастырылған жинақ қолымызға тиді. Бір қызығы, конференциядан Жамбыл Артықбаев пен Темірғали Аршабековтен басқа тарихшы ғалым көрмедік. Баяндама жасаған ғалымдардың дені филологтар мен тіл мамандары һәм философтар. Ғылыми мақалалар топтастырылған жинақта тарихшы ғалымдардан Ханкелді Әбжанов пен Темірғали Аршабековтің мақаласы ғана бар. Бұл – ұйымдастырушы тараптың кемшілігі емес, әрине. Анығында, Қазыбек би бабамыз тарихи тұлға емес пе еді? Қазіргіше айтса, мемлекет және қоғам қайраткері, оратор-шешен, теңдессіз мәмілегер тұлға ғана емес, философ десе болады. Әдеби мұрасы өз алдына бөлек әңгіме. Ол туралы филологтар айтқанымен, қарадан хан шыққан Қазыбек бабамыздың Қазақ хандығындағы орны жайлы нақты ғылыми тұжырым қайда? Тарихта (қазір де) хан мен хан, би мен би, көсем мен көсем ғана тең дәрежеде сөйлессе керек-ті. Осы тұрғыдан алғанда, қалмақтың ханы – қонтайшыны тұқыртып, Абылай ханды тұтқыннан босатып алған Қазыбек бидің бағасын бере алып жүрміз бе деген заңды сауал туады көкейде? Жоғарыда қараның ханы деуімнің бір сыры – сонда.
Республикалық деңгейдегі рухани шара қаладағы Қаздауысты Қазыбек би ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. «Нұр Отан» партиясы ғимаратындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияны Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев жүргізіп отырды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков алқа мәжілісінде алғашқы болып «Қаздауысты Қазыбек би және билер соты» тақырыбында баяндама жасады. Ол кісі: «Заң саласында «мемлекет және құқық» деген пән бар. Осы пәннің оқулығы бізде 90-100 беттік. Онда Қазақ хандығының «Жеті жарғы», Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы сияқты мемлекеттік заңдары жеке тақырып ретінде қамтылған. Ал, біз 1992 жылдары Түркияға барғанда, аталған пәннің оқулығы 900 беттей екен. Соның ішінде Түркі халықтарының заң-жарғылары деген тарауда әз Тәукенің басшылығымен Қазыбек, Төле, Әйтеке билер құрастырған «Жеті жарғы» заңдар жинағына тұтас бір бөлім арнап, 90-100 бет талдау жасаған», – дейді. Сондай-ақ, Нұрлан Орынбасарұлы бұрнағы жылдары осы Қарағанды ғалымдарының құрастыруымен «Болашақ» университеті Қазыбек бидің энциклопедиясын шығарғанын тілге тиек етті.
Алқа мәжілісінде Нұрлан Дулатбековпен қатар, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің «Қазақ мәдениеті тарихындағы Қаздауысты Қазыбек би тұлғасы», тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың «Қазақ хандығының басқару жүйесі және Қаздауысты Қазыбек би», филология ғылымдарының докторы, профессор Жантас Жақыповтың «Қаздауысты Қазыбек би сөзінің күші (тіл суггестиясын пайымдау)», филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұловтың «Қазақ би-шешендер мұрасының зерттелуі», филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рахымовтың «Қаздауысты Қазыбек бидің шешендік өнер шежіресі», Мұрат Нұрақышевтің «Ұлыс биі Қаздауысты Қазыбек және Арқада қалыптасқан билік жүйесі» атты баяндамалары тыңдалды. Осылардың ішінен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жантас Жақыповтың баяндамасына бөлек тоқталуға болады. Онда мынадай мәселелер қарастырылған:
«Қазыбек би туралы бір тарихи әңгімеде қалмақ ханы қонтажының қазақтардың талабын орындауы – бала Қазыбек сөзінің ықпалы екені айтылады: «Сөзді өңменімнен сұғып айтқан кезде, екі иығымнан екі аю аузынан от шашып «тыпыр етші, көрейін» деп тұрды. Мінеки, мен содан қатты сескендім. Сендерге көрінбегенмен, маған көрінді. Менің енді бұған айтар сөзім жоқ, мал мен жанын есептеп, алдына салып беріңдер», – деген шешімге келіпті қалмақ ханы. Яғни, мұнда қонтажы бітімге қаймыққаннан келген жоқ, елшілердің айтқанын істемеймін десе, оның әскери қуаты да, өзінің айбары мен ақылы да жетіп тұрған болатын. Оның сөзінен байқап тұрғанымыздай, бұл – сөз күшінің әсері, ықпалы. Сөздің мұндай қасиетін психолингвистиканың сөз қабылдау (восприятие речи) саласында сөз суггестиясы дейтін тармағы зерттейді. Жалпы тіл білімінде психолингвистика аясында кейінгі кезде зерттеле бастаған «суггестия» термині қазақ ұғымында сену, илану дегенді білдіреді. Сондықтан, суггестия – сананы билеуші, болмыстағы сенімді қалыптастыратын, реттейтін ұғым, адамның алдына мақсат қою жолына жетер биігі. Ал, тілдік суггестия осы сенім көздерін сөз арқылы бейнелеп, адамның өзін-өзі сендіруін, сөз құдіретіне табынуын білдіреді. Бір қарағанда, бұл аса маңызды құбылыс болып сезілмейді. Себебі, біздің көбіміз – материалиспіз. Оның сырын ұғу үшін терең түйсік керек. Суггестияға сөздің көркемдігі де қатты әсер етеді. Мәселен, Қазыбектің «Сен – темір де, біз – көмір, Еріткелі келгенбіз» дегенін «сен темір сияқтысың, мен көмір сияқтымын, мен жансам, сені ерітемін» десе ешқандай әсер болмаушы еді. Мұндағы әсер – метафора. Жай ғана көркемдеуіш құрал емес – бұл. Қазіргі ғылым концептуалды метафора – адамның танымына әсер ететінін дәлелдеп жатқанын білеміз. Сондықтан, Қазыбек би сөзінің күші суггестиясымен қатар, осындай көркемдігінде жатса керек.
Тарихшы Жамбыл Омарұлы бидің «Қаздауысты» аталуына орай бір жақсы айғақ келтіреді. «Қазақтың қалың ортасында мемлекет пен қоғам өмірінің маңызды деген мәселелері бүкіл ел басшылары мен қарулы азаматтар қатысқан жиында шешіледі. Осы ұлы нөпір жиынды «Қаз» деп атайды. Оның өткізілу салты да, шешетін мәселесі де кеңес пен жүгіністен бөлек. Міне, осындай жерде би-шешеннің шеберлігі, даусының күштілігі сынға түседі. Бүкіл қазақтың жиынын меңгеріп кету оңай емес. Сол себептен, Бұқар жырау Абылай ханды тоқтатқысы келсе:
«Ашуланба, Абылай,
Ашулансаң, Абылай,
Көтерермін, көрермін,
Көтеріп қазға салармын…», – дейді.
… Бабамыздың «Қаздауысты» атануына – ең алдымен, оның бүкіл қазақ қауымы жиналған ұлы дүбірлі жиындарды өзіне бағындырған шешендік қасиеті, ақылмандығы себеп.
Бүгінгі күнмен сабақтастырсақ, Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жаңғырудың негізі – ұлттық кодты сақтау деді. Ұлттық код қалай сақталады? Ұлттық код әуелі ұлттың тілі арқылы сақталады. Жоғарыдағы пікірлерді ескере келе, осы ұлттық кодымызды сақтауға әсер ететін бірден бір тұлға – Қаздауысты Қазыбек дер едім», – деді Жантас Алтайұлы.
Алқа мәжілісінен соң конференция жұмысы «Билер философиясы: ұлт дүниетанымы мен руханияты», «Шешендік өнер және тіл мәселесі», «Қаздауысты Қазыбек бидің мемлекет пен құқық тарихындағы орны» тақырыптары бойынша 3 секцияға бөлінді. Онда да алдын ала тағайындалған ғалымдардың жетекшілік етуімен зерттеушілер баяндамаларын қорғап, Қазыбек бидің бай мұрасын жан-жақты насихаттады.
Бұған дейін Түркістан қаласында Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың ескерткішін тұрғызу мақсатында есепшот ашылған болатын («Орталық Қазақстан», 6 сәуір, №37). Есепшот реквизиттерін назарларыңызға қайталап ұсынғанды жөн көрдік.
Жәнібек ӘЛИМАН
Есепшот номері |
Банк реквизиттері |
ИИК KZ6884906KZ001506370 БИН 170240002006 Код 18 КНП 119 |
«Нұрбанк» АҚ БИК: NURSKZKX БИН 001041002569 Шымкент қаласы, Асқаров көшесі, 41-б |
Байланыс телефоны: 8 (72-52) 56-39-31 (ішкі байланыс 126, 124,)
Айнұр, Әйгерім.