Жаңалықтар

Арамыздағы ардагерлер

Аспаннан оқ жауған, жерден от бүріккен қанды майданның батқан күнін көргендердің қатары жыл санап сиреп барады. Жарты әлемді жалмаған Ұлы Отан соғысының отты жылдарына биыл – 80 жыл. Бұл – тек күнтізбедегі дата емес. Ұрпақтың жүрегіне таңба болып, үлкен әріппен жазылған ұлы тарих. Сол тарихтың көзі тірі куәгерлері арамызда. Қарағанды облысында бүгінде небарі сегіз ардагер қалған.

Сұңғат Сәттіғұлов

Сұңғат Сәттіғұлов 1923 жылғы 1 қаңтарда Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. 1941 жылы желтоқсан айында Қызыл Армия қатарына шақырылды. Алматыдағы жаяу әскерлер училищесінде соғыс өнеріне даярланып, 1942 жылдың маусым айында Сталинград түбіндегі майданға қатысты. 1943 жылы жараланып, 1944 жылға дейін госпитальде емделген соң қатарға қосылып, Минск қаласын азат етуге қатысқан. 1947 жылы әскерден оралып, Алматы облысы Шамалған поселкесінде құрылыс техникумында оқыды. 1956 жылдан Қарағанды облысының ауылдық жерлерінде прораб, Қарағанды қаласының әртүрлі мекемелерінде инженер-құрылысшы болып жұмыс істеді. 1980-1984 жылдары «Сельхозхимия» мекемесінің бастығы ретінде қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан. Ұлы Жеңіске қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталды. Бірнеше мәрте мерейтойлық медальдарды иеленді. Қарағанды облысының Құрметті ардагері.

Анна Котова

Анна Котова 1924 жылғы 21 қаңтарда Воронеж облысы, Михайлов ауданы, Голос ауылында дүниеге келген. Соғыс басталысымен ол медбикелік курсқа оқуға кеткен.1942 жылы әскери комиссариатқа берген үшінші өтінішінен кейін майданға аттанды. ІІ Украина майданында аурухананың медбикесі болды.

1946 жылы демобилизацияланды. ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Украинаны фашистік басқыншылардан азат еткеніне 60 жыл», «Санитарлық қызметтің үздігі» медальдары мен өзге де мерейтойлық наградалары бар.

Мария Ефимовна

Мария Ефимовна 1925 жылғы 13 сәуірде Қарағанды облысының Ростовка ауылында дүниеге келген. 1944 жылғы 13 сәуірде Осакаров әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылды. Ол 1944 жылдың желтоқсанына дейін Мәскеудегі әйел мергендер мектебіне оқуға жіберілді. 1945 жылдың тамызына дейін ІІІ Беларусь және Украина майдандарында 220-шы атқыштар дивизиясының ІІ дәрежелі Суворов орденді 199-шы армян қосалқы атқыштар полкінің құрамында мерген болды. Жеңісті Прага қаласында қарсы алды.1945 жылы тамызда запасқа шығарылды. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі бірдей «Ерлігі үшін» медалімен, «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков», «Украинаны азат еткені үшін» медальдарымен, «Соғыс ардагері» белгісімен, Алғыс хаттармен, Үздік ұрыс қимылдары үшін грамотасымен марапатталған. Соғыстан кейін әртүрлі кәсіпорындар мен ұйымдарда кадр инспекторы, экономист болып жұмыс істеді. 1983 жылы облыстық Сауда басқармасынан зейнетке шықты.

Николай Куриленко

Николай Куриленко 1927 жылғы 21 сәуірде Брянщинада шаруа отбасында дүниеге келген. 1944 жылы желтоқсанда Кеңес Армиясының қатарына шақырылды.

Ол Батыс майданның әуе шабуылына қарсы қорғаныс зениттік артиллериясының әскери бөлімінің құрамында Шығыс Пруссияда ұрыс қимылдарына қатысты. Соғыстың соңына таман Польшадағы шайқас кезінде ол көзінен жараланып, көру қабілетінен айырылды. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Қарулы күштер мен Жеңіс күндеріне орайластырылған көптеген мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Демобилизациядан кейін 1951 жылы пойыз кондукторы болып жұмыс істеді, содан кейін шақырту бойынша «Қазақстандық Магниткаға» келді, энергетика шаруашылығында слесарь, шебер және учаске бастығы болып жұмыс істеді. Қарағанды облысының Құрметті ардагері.

Виктор Шелудяков

Виктор Шелудяков 1925 жылғы 16 желтоқсанда дүниеге келген. Саратов облысы Ершов ауданы Перекопное ауылының тумасы. Қарағанды қаласында 1931 жылдан бері тұрады. 1943 жылы майданға шақырылған. 1944 жылдың мамырынан 1945 жылдың наурызына дейін ұрыс қимылдарына қатысты. Ол 4-ші Украин, 1-ші Балтық және 2-ші Белорус майдандарында радиобайланыс бөлімінің командирі болды. 1945 жылы Кенигсберг шаһарының түбіндегі шайқаста ауыр жарақат алды, 1945 жылдың қыркүйегіне дейін емделді. І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Беларусьті азат еткені үшін», «Украинаны азат еткені үшін» медальдарымен, көптеген мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды. 1945 жылы жараланғанына байланысты демобилизацияланды. 1949 жылдың ақпанынан 2007 жылдың желтоқсанына дейін Қарағанды «Союзшахтоосушение» құрылыс монтаж басқармасында түрлі лауазымдарда үздіксіз еңбек етті. «Еңбек ардагері» медалінің иегері.

Григорий Степенко

Григорий Степенко 1925 жылғы 10 сәуірде Воронеж облысының Нижние Новинки ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Павлодар облысының Лозов аудандық әскери комиссариатынан қызыл армия қатарына шақырылды. Алғашқы шайқасын ІІ Украина майданында пулеметші ретінде өткерді. Курск-Орлов доғасындағы шайқастарға, Белгород, Орел, Харьков, Курск, Кенигсберг, Варшава қалаларын азат етуге қатысты. Әскери өмір салдарынан контузияға да ұшырады. Днепр өзенінің бойындағы ұрыс қимылдарына қатысты. Забайкалье майданының 39-шы армиясының 56-шы атқыштар полкінің құрамында Қиыр Шығыстағы жапондарды талқандауға қатысты. ІІ дәрежелі Отан соғысы және ІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен, көптеген мерейтойлық төсбелгілермен марапатталған. 1951 жылы жолдама бойынша Қарағанды қаласына келген. «Шахтострой» басқармасы цемент зауытында, теміржол көлігінде жүк тасымалдаудың бас кондукторы болып жұмыс істеді. 1980 жылы зейнетке шықты.

Иван Скрипников

Иван Скрипников 1930 жылғы 14 қаңтарда Тюмень облысының Маслонен ауданында дүниеге келген. 1950 жылы Маслонен аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылды. Батыс Украинада бандалық құрылымдарды жою қимылдарына қатысты.

1953 жылы Украинада демобилизацияланды. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Қарағанды қаласында Ішкі істер министрлігі жүйесінде және Социалистік меншікті ұрлауға қарсы күрес бөлімінде жұмыс істеді. 1982 жылы зейнетке шықты.

Александр Балабас

Александр Балабас 1926 жылғы 24 наурызда Кировоград облысы Онуфриев ауданы Онуфриевка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы қарашада Полтава қалалық әскери комитеті тарапынан әскерге шақырылды. 1944 жылдың қазан айында ІІ Беларусь майданының 70-ші армиясы Брест дивизиясының 415-ші атқыштар полкіне пулемет бөлімшесінің командирі ретінде ұрыс қимылдарына қатысты. Екі рет жараланған. 1945 жылы мамырда 330-шы атқыштар полкінің құрамына Қиыр Шығысқа жіберілді. 1950 жылы демобилизацияланған. Жауынгерлік наградалары: «Қызыл Жұлдыз» және І дәрежелі Отан соғысы ордендері, «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медальдары, көптеген мерейтойлық медальдар.

Соғыстан кейінгі жылдары Қарағанды қаласында еңбек етті. «№1 Құрылыс басқармасында» жұмысшы, «Саранскпромстрой» басқармасының автокөлік кеңсесінде жүргізуші, облыстық клиникалық ауруханада бухгалтер, «Қарағандыкөмірсбыт» басқармасында экономист, кейін жоспарлау бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді.

P.S: Олар қан майданнан аман оралды. Әрқайсының жүрегі мәңгі майдан даласында қалып қойғандай. Әлі күнге дейін окоптың сызы, бомбаның дүрсілі, бәрі көз алдарында. Өмірдің, Жеңістің, бейбіт күннің құнын жақсы біледі. Олар жай ғана ардагер емес, ұлттың жады. Олар – ұрпақ пен ұлы тарихтың арасындағы алтын көпір.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button