Қарамұрын ауылында жаңа медициналық пункт ашылды
Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Қарамұрын ауылында жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Нысан Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында салынды.


Жаңа медициналық пункт ауылдың 200-ден астам тұрғынына қызмет көрсетеді. Ғимарат қолданыстағы стандарттарға сай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда дәрігерге дейінгі қабылдау, қарау және емшара кабинеттері, сондай-ақ науқастарды қабылдау бөлмесі қарастырылған. Мекеме бір ауысымда 25 адамға дейін қабылдай алады.

Аталған медициналық нысанның ашылуы ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттырып, қарапайым медициналық қызметтер алу үшін аудан орталығына бару қажеттілігін азайтады.

Краснополян ауылдық округінің әкімі Жайдар Абдуллаевичтің айтуынша, жаңа медициналық пункт ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаның бір бөлігі болып табылады.
– Қарамұрын ауылында жаңа медициналық пункт ғимараты бой көтеріп, салтанатты түрде ашылды. Мекеме тұрғындарға сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсету жұмысын жалғастырады. Қазіргі таңда мұнда жас маман – медициналық мейірбике қызметін бастап кетті. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді ол.
Айта кетейік, ауылдық медициналық инфрақұрылымды дамыту — азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан медициналық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА



