Әдебиет
Арал теңізі
Осы ма соры, татыры,
Тұз қалды қара көзіңде.
Атыңа лайық ақыры,
Арал боп шықтың өзің де.
Заманың жатса қарылып,
Бүтінім қайтсін сетілмей?..
Орыны жатыр жарылып,
Мыстан кемпірдің бетіндей.
Мен емес есерді айыптар,
Үзілді сауық, мерекең.
Кешегі кеме, қайықтар
Қай көлде жүзіп жүр екен?..
Сұраймын бәріңді адақтап,
Құтқарар қандай амал бар?
Сандарын соғып, шапақтап,
Күле ме котловандар…
Емізген елді – Негізім,
Өзегі өксік өңдім-ау.
Терең де текті теңізім,
Тексізге күлкі болдың-ау.
Келмеске кетті қызықтар,
Күдікті үміт жеңе ме?
Түбіңе жеткен – пысықтар,
Пысықтар жауап бере ме?
Балтабай Батталғазы.