Қаракөк (Ақын Абзал Бөкенге)
Абзал Бөкен, дегенде, Абзал Бөкен,
Ақындардың ішінде абзал көкем.
Қырандардың ішінде ақ шәулісің,
Бөрілердің ішінде көкжал ма екен?!
Болады өмірде сәт бақ жанатын,
Қара өлең қара түнді қақ жаратын,
Жазумен келе жатқан құйындатып,
Келіпті жетпіс беске Абзал ақын.
Әр сөзі тамшысындай тамған көктің,
Заулайды шабыттанса, алғанда екпін.
Келеді Қаракөкпен желдей есіп,
Ауылында туған ақын Нарманбеттің.
Тамыры «Ақтоғай!» деп солқылдады,
Өлеңі найзағайдай жарқылдады.
Жыры боп төгілді оның көз алдында,
Толқыған Тоқырауын толқындары.
Көрдім мен көкірегіңді ән кернеуін,
Құйылған өлеңдері көркем, керім.
Өзіңмен таныстырған Алматыда,
– Ағаң! – деп, Дәуітәлі, Дәукем менің.
«Арқадан келген осы Ағаң», – деді.
Қырық жыл өтіп кетті содан бері.
Одақта «Шыт көйлекті» оқығанда,
Қазақтың қайран қалды қаламгері.
Бата алдың Әбу, Хамит, Сырағамнан,
Жұмекен, Ғафу, Қадыр, Тұмағамнан.
Сол бір кеш түседі еске сені көрсем,
Сол бір сәт көз алдымда тұра қалған.
Куәсі болып енді қос ғасырдың,
Талайын төгіп бердің досқа сырдың.
Көрсетіп келесің сен жырларыңмен,
Ақынның әлемменен астасуын.
Шашасың жанарыңнан шұғылаңды,
Бұл күнде «Төрге» өлеңің шығып алды.
Алтыннан «Тәж» де кидің жырларыңмен,
Шыңды да көргендейсің шыңырауды.
Санамда қалып қойған сан өлеңі,
Жандауа – Сарыарқаның самалы еді.
Тоқтатпа шабысыңды жүзге дейін,
Жүйтки бер, қара өлеңнің Қаракөгі.
Бауыржан ЖАҚЫП,
ақын