Қара жолдағы қараусыз малды қайтеміз?
Бағымсыз жайылған мал – күрежол үстіндегі ең қауіпті кедергілердің бірі. Мәселен, жыл басынан бері өңірде 402 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның екеуі жолға малдың кенеттен шығуынан болған. Өкінішке қарай, бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш.

Қауіп қайдан?
Жол үстіндегі жануарға соқтығысу көбіне аяқ астынан, беймезгіл мезетте болады. Әсіресе, іңір мен түнде көлік жүргізушілеріне жайылымдағы малдың алыстан көзге шалынуы неғайбыл? Жол жүру ережесіне сай «Жануарлар өтуі мүмкін» деген белгілер тұрған тұста жылдамдықты міндетті түрде төмендетуді талап етеді. Ал, алысқа түсетін жарық жылқының көзін шағылыстырып, бағдарынан жаңылыстырады. Шамды дер кезінде ауыстырмау қауіп-қатерді еселейді.
Әкімшілік кодекстің 615-бабында малды қараусыз жіберуге тыйым салынады, ал, оқыстан апат туындаса, мал иесі Азаматтық кодекске сай материалдық шығынды өтеуге міндетті.
Аймақтағы ахуал: дерек пен дәйек
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл жайылым ережесін бұзғаны үшін 1083 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қауіптің нақты мысалдары да аз емес.
10 тамыз күні «Қарағанды-Қарқаралы» күрежолының Ащысу маңында «Toyota Fortuner» көлігі үш жылқыға соғылды. Өкшелеп келе жатқан «Hyundai Palisade» пен «Toyota Camry» жүргізушілері апаттан қашамыз деп, көлікке ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Салдарынан бірнеше жолаушы жарақат алып, Ботақара аудандық ауруханасына жеткізілді. Ал, 13 тамызға қараған түні «Астана-Алматы» бағыты бойынша республикалық маңызы бар «Қарағанды-Алматы» аралығындағы автожолының 640-шақырымында «Chevrolet Nexia» көлігі түйеге соғылып, артынша «Chevrolet Cobalt» та соқтығысқан. Бұл жолғы апатта бір адам оқиға орнында көз жұмып, тағы алты адам түрлі жарақат алған.
Жауапкершілік ортақ
Жергілікті жүргізушілердің айтуынша, мұндай жағдайлар «Қарағанды-Қарқаралы» бағытындағы күрежолда жиі тіркеледі. Ал, «Балқаш-Қарағанды» арасындағы автобанда мұндай оқиға біршама сирек екен. Себебі, жолдың екі жиегіне жаяу жүргіншілер жолы, қоршау салынып, біршама қауіптің алдын алған.
– Жол – бәрімізге ортақ. Жүргізушілер қауіпті учаскелерде жылдамдықты міндетті түрде төмендетуі, жарықты дер кезінде ауыстыруы керек. Мал иелері үшін басты талап – төрт түлікті қараусыз қалдырмау, жолға шығуын болдырмау. Біздің тарапымыздан рейдтер күшейтіліп, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, апатты азайтудың ең тиімді жолы – әр тараптың өз міндетіне адалдығы. Жүргізуші – қарапайым жол жүру ережесіне, мал иесі – өз мүлігіне, жергілікті атқарушы органдар – инфрақұрылым мен бақылауға жауапты болуы тиіс, – деді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Нұрбол Тоқжұманов.
Түйін
Жолдағы қауіптің алдын алу бір ғана жүргізушіге немесе мал иесіне жүктелмейді. Бұл – атқарушы органдар мен жергілікті халықтың ортақ міндеті. Қауіпті учаскелерге қосымша жол белгілерін орнату, жарықтандыруды күшейту, жол жиегін қоршау секілді инфрақұрылымдық іс-қимылдар – соның бір бөлігі ғана. Халық даналығы «Сақтықта қорлық жоқ» дейді. Жүргізуші сауысқандай сақ болып, түлік бағымында жауаптылық жауапты болса, жолдағы қауіптің дені азаяр еді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»