Бас тақырыпТаным

Қараңғыда жанған шырақ

Кеңестік дәуірде ұлт тұтастығын сақтауға, оның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып, жарқын болашақ үшін жан аямай еңбек еткен біртуар тұлғалар аз емес. Солардың бірі һәм бірегейі туғанына 125 жыл толып отырған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері – Нығмет НҰРМАҚОВ. Оның халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмыс-бітімін, ана тілін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін және тағы да басқа асыл құндылықтарын сақтап қалу жолындағы табандылығы мен ерен еңбегі тарих шежіресінде алтын әріптермен таңбаланып тұр.

Кез келген адамның тұлға ретінде қалыптасып, ізгілік жолында еңбек етіп, тағылымды ғұмыр кешуіне оның өмір жолында кездескен адамдардың айтарлықтай ықпалы бар. Бұл туралы хакім Абайдың «Адамның жеке тұлға болып қалыптасуына оның ата­-анасы, достары һәм ұстазы әсер етеді. Егер біреуі дұрыс болмаса, тәрбиесі шала болады» деген мағынадағы тағылымды сөзі бар. Осы аталған үш талаптың да Нығмет ағамыздың өмірінде түгел болғанын оның өмір тарихынан жақсы білеміз.

Болашақ қайраткер Қазыбек бидей алыпты туғызған киелі өлкеде дүние есігін ашып, әкесі Нұрмақ ақсақалдың тәрбиесін көріп, ауылдың аузы дуалы ақсақалдарының әңгімелерін тыңдап өседі. Нұрмақ ақсақал алдына «Қайтсем де, осы баламды еліне қызмет ететін азамат қылып тәрбиелеймін» деп мақсат қойған екен. Ал, енді, ұстаздары Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынов сынды алыптар болса, үзеңгілестері мен замандастары – Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, Тұрар Рысқұлов секілді біртуар тұлғалар. Осы тұрғыда, қай жағынан алып қарасақ та, Нығмет атамыздың осал болуға хақысы жоқ еді.

Ұлттық тәрбие қайнарына бойлап, асыл қасиеттерді санасына сіңіріп өскен ол ғұмырының соңына дейін бастапқы бағытынан тайған жоқ. Оның өте ізденімпаз, алғыр, талапты, жан­-жақты сауатты, кең жүректі, елім десе емешегі үзіліп тұратын «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болғаны аян.

Нығмет 1911 жылы Романовтар әулетінің патша тағына отырғанына 300 жыл толуына орай, Омбыда өткен ауыл шаруашылығы көрмесіне Қу болысының атақты байы Ақайдың Қасенінің хатшысы әрі ұлттық дәстүрдің қыр­сырын түсіндіретін аудармашы ретінде барады. Сол жолы Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потанинмен, Омбыдағы мұғалімдер семинариясының қызметкері, халықшыл­-демократ Александр Седельниковпен танысып, кейін олар оның Омбы семинариясына түсуіне көмектеседі.

Семинарияда оқып жүргенде С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ә.Досов сияқты қайраткерлермен жақын араласып, бәрі бірге «Бірлік» атты мәдени­ағарту ұйымын құрады. Ұйым мүшелері Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы үгіт­насихат жұмысын жүргізіп, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатында түрлі шаралар өткізуді қолға алады. Оның көшбасшылық қасиеттері айқындалып, саяси көзқарасы қалыптасады әрі нығая түседі. Сол кездерден елдегі бетке ұстар тұлғалармен етене араласып, иық тіресе жүріп еңбек еткен.

1920 жылдан бастап Қарқаралыда, содан соң Семейде уездік, губерниялық атқару комитеттерінде бірқатар жауапты қызметтерде істеген. Баспасөзде де батыл еңбек етіп, «Қазақ тілі» газетінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болды.

1922 жылы Орынбордағы Қазақ өлкелік партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, осы жылы қазан айында өткен бүкілқазақтық кеңестердің ІІІ съезінде Қазақ Атқару комитеті төралқасының құрамына сайланып, өзіне жүктелген Жоғары Революциялық трибуналды басқару міндетін абыроймен атқарған. Қазақ трибуналы 1923 жылғы 19 ақпанда РКФСР Жоғарғы сотының қазақ бөлімі болып құрылған тұста төрағалыққа тағы да Н.Нұрмақов бекітіледі.

Енді, Жоғары Революциялық трибунал жұмысының қаншалықты жауапты екеніне қысқаша тоқталайық. КСРО көлеміндегі революциялық күрделі кезеңде тергеу ісі, прокуратура қызметі және сот міндетін осы трибунал ұйымы жеке­дара атқарған. Оны басқару үш органның да салалық қызмет ерекшеліктерін жетік білетін Нығмет Нұрмақовтың маңдайына жазылған еді.

Ол 1923 жылдың мамыр айында Қазақ АКСР Әділет комиссары қызметіне тағайындалады және сол жылдың күзіне дейін Сот төрағасы қызметін қоса атқарады.

1924 жылдан өлкелік партия комитеті үгіт­-насихат бөлімінің меңгерушісі, Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Сол жылдары орындалуға жіберілген мемлекеттік маңызды құжаттардың бәрінде Н.Нұрмақовтың қолы болды.

Осы жылдары Қазақстанның халық шаруашылығы өсіп, өндірісі қарыштап дамыды. Ол Қазақстан Үкіметінің басшысы ретінде құрғақшылық зардаптарына қарсы күрес, оқу­ағарту және мәдени даму, қазақтарды басқару ісіне тарту, ауыл шаруашылығын дамыту секілді маңызды міндеттерді ұтымды орындап, түрлі салалардың ілгерілеуіне үлкен еңбек сіңірді.

1924 жылы Қазақ АКСР­і астанасын Орынбордан Қызылордаға, ал 1929 жылы Алматыға көшіру, еліміздің тұңғыш Конституциясының жобасын әзірлеу, қазақ әліпбиін құрастыру, алғашқы қазақ драма театрын ашу сынды өзекті мәселелердің басы­-қасында жүріп, орнықты орындалуын тікелей қадағалап отырды.

Кейін Н.Нұрмақов Ф.Голощекиннің оспадар саясатына ашық қарсы шығып, араларындағы пікір қайшылығы өршуіне байланысты Үкімет басшысы қызметінен босатылып, Мәскеуге БК(Б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі.

С.Сейфуллин Үкімет басшылығынан кетерде, орнына Н.Нұрмақовты ұсынуы, әрине, оның қарым-қабілетіне деген селкеусіз сенімінің айғағы болса керек.

Қайраткер азамат бүкілодақтық Атқару Комитеті хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі болған тұста да, сол саланың дамуына үлкен үлес қосты.

Саяси қуғын­сүргін жылдары «тұзаққа» алғашқылардың бірі болып ілінген боздақ 1937 жылы, 3 маусымда Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, сол жылы 27 қыркүйекте 42 жасында атылды. «Айыбын мойнына алды» деп көрсетіліп, «үштік» үкімінің құрбаны болған қайран ердің тағдыры бар болғаны 15 минутта шешіліпті. Н.Нұрмақов 1958 жылы, 11 тамыз да КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды.

Біртуар тұлғаның 125 жылдық мерейтойына орай, облыста бірқатар шаралар жоспарланып отыр. Атап айтар болсақ, өмірі мен қызметіне арналған облыстық онлайн ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, деректі фильм түсіру, салтанатты жиын мен мерекелік концерт ұйымдастыру, Қарқаралыдағы Н.Нұрмақов атындағы көшені абаттандыру, өнегелі өмір жолы туралы баяндайтын кітап шығару, Н.Нұрмақов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған маман дандырылған мектеп­интернат ғимаратының алдына мүсінін орнату, қалалар мен аудандарда тақырыптық кездесулер, дөңгелек үстелдер, конкурстар, семинарлар және басқа да түрлі форматтағы ісшаралар ұйымдастыру көзделуде. Сонымен қатар, БАҚ­-та тұрақты айдарлар ашу және 125 жылдығы аясында өткізілетін іс­шаралар туралы жарияланымдар ұйымдастыру, мұражайлар мен кітапханаларда кітап көрмелерін, арнайы экспозициялар ашу, «Нығметтану» марафоны сияқты көптеген маңызды іс-шаралар өткізілмекші.

Бұл міндеттерді жалпы қоғамдастықпен бірлесе атқаруға күш салатын боламыз. Ел мүддесіне өлшеусіз еңбек сіңірген Нығмет Нұрмақовтың жарқын істері мен есімі ел жадында мәңгі қалары сөзсіз. Өйткені, ол – күрделі кезеңде өмір сүргеніне қарамастан, өзіне сеніп тапсырылған жоғары лауазымды қызметтердегі мүмкіндігін тек халық игілігіне бағыттай білген, туған халқы үшін қараңғыда жанған шырақтай болған қайраткер тұлға.

Ерлан ҚҰСАЙЫН,

Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Басқа материалдар

Back to top button