Білім

«Қараңғы бөлменің» жарығы

Облыста ерекше қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау үшін мол мүмкіндіктер қарастырылуда. Атап айтсақ, облыстық №1 мамандандырылған мектеп-интернатында тастай қараңғыда, еш бағдарсыз-ақ, жүріп-тұрып, өмірдің мәнін сезінуге болады. Өйткені, мұнда білім ошағының қызметкерлері оқушыларды бейімдеу мен әлеуметтендіруге арналған көптеген қызықты жоба ойлап тауып, мұражай ашты. Мәселен, «Қараңғы бөлме» жобасы туралы естіп пе едіңіз?

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Қазір №1 мектеп-интернатта көру қабілеті бұзылған 112 ба­ла білім алып жатыр. Мұнда бі­лім алуға, емделуге және оңал­туға қажетті жағдайлар жаса­лып, балалар қолжетімді ортамен қамтылған. Оқушылардың жай-күйімен танысуға Халықтың әлеу­меттік жа­ғынан осал санаттары­ның құ­қытары жөніндегі өкілі Кенже­ғұл Сейтжан арнайы келді.

Әсіресе, «Қараңғы бөлме» жо­басы ерекше назар аудартады. Бұл – кеңістік қана емес, барлық іс-әрекет тас қараңғыда орын ала­тын эксперименттік квест. Ке­лушілер тапсырмаларды есту, се­зіну, дәм және иіс сезу арқылы ғана орындайды. Бөлме алты аймаққа бөлінген. Олардың әрқайсысында ерекше тапсырма ұсынылады. Бағдарлы таяқпен көпірден өту, көзіңмен көрмей баланы мектепке жинау, екінші адамға дастарқан жаю, иістерге бағдарланған «супермаркетте» сауда жасау және тағы басқа.

– «Қараңғы бөлме» көру қабілеті бұзылған балаларға өз мүм­кіндіктерін ашуға көмектесу­мен қатар, көру қабілеті нашар жан­дардың қандай қиындықтармен бетпе-бет келетінін жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Бұл – педагогтер, дефектологтар және ата-аналар үшін аса маңызды тәжірибе, – дейді нұсқаушы Екатерина Әбішева.

Аталған жобаға әрбір келуші қараңғыға батып, өз шамасын әдеттен тыс жағдайларда сынап көруге, зағип жандардың әлемін жақсы түсінуге және жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік алады.

Бұл көру қабілеті бұзылған балалармен жұмыс істеуге дайындалып жатқан дефектолог студенттерді оқыту алаңы екенін атап өткен жөн.

Мектепте «Қараңғы бөлмеден» басқа, «Мектептің мақтанышы» аталатын ағаш пішініндегі фотостенд те жасалды. Оған түлектердің фотосуреттері жеміс ретінде ілінді.

Сонымен қатар, әлеуметтік бейімделу кеңістігін кеңейте отырып, оқушылардың ынтасын арттыру үшін құрылып, әлемді өзгертуге үлес қосқан «Ұлы тұлғалар мұражайы» да ашылған.

– Экспозиция тарихта із қалдырған зағип жандар журналист Джозеф Пулитцер, көрнекті жазушы Хелен Адамс Келлер, әлемдегі жалғыз соқыр альпинист, Эверестті бағындырған Эрика Вайхенмайер және екі рет Олимпиада ойындарына қатысқан соқыр жеңіл атлет Марла Раньян туралы кеңірек баяндайды. Көру қабілеті бұзылғандар үшін бейімделген (Брайль қарпі, аудио-экскурсиялары бар QR-кодтар) материалдар үш тілде қолжетімді, – деп атап өтті Кенжеғұл Сейтжан.

– Мектебіміздің оқушылары – талантты әрі талапты. Олардың әрқайсысы осы мұражайға келгенде өзі еліктейтін, құрмет тұтатын тұлғаны таңдайды. Бір кездері бұл ұлы адамдар да жай ғана шәкірт болған. Кейін талантын дамытып, тынымсыз еңбек етіп, әлем мойындаған тұлғаға айналған. Бұл – балаларға күш береді, жігерлендіреді, – деп есептейді мектеп директоры Айман Тілегенова.

Аталған мектеп-интернаттың ерекше жобалары балалардың бейімделуіне көмектесіп қана қоймай, көру қабілеті шектеулі жандарға деген қоғамның көзқарасын да өзгертетінін атап өткен жөн.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button