Қарағандыда оқушылар Абай мұрасын насихаттады
Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Адамзаттың Абайы» атты XIX Абай оқулары облыстық байқауы жоғары ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақтың бас ақыны, жазба әдебиетіміздің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының қара сөздерін жатқа, мәнерлеп оқуы тиіс болды.
Облыс көлеміндегі 15 пен 21 жас аралығындағы жастарды қамтыған бұл байқауға барлығы 40 үміткер қатысты. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттау, жастардың көркем сөз оқу шеберлігін арттыру, олардың әдебиетке деген қызығушылығын оятуды мақсат тұтты.
Байқаудың ашылу рәсімінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Салтанат Кеңесбекова сөз сөйлеп, Абай мұрасын жастарға терең меңгеру қажеттігін атап өтті. Ол жас буынды хакімнің асыл сөздері мен терең философиясын жүрекпен түсініп, болашақ өмірлеріне азық етуге шақырды.
Қазылар алқасы құрамында академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті филология факультетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Ерқанат Кеңесбекұлы сынды аға буын өкілдері болды.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдеге Қарағанды қаласындағы №4 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Ақгүл Абдигаликова ие болды.
І дәрежелі дипломмен №66 мектеп-лицейінің оқушысы Юсуп Әдемі мен №14 мектеп-гимназиясының оқушысы Маратбек Кәусар марапатталды. ІІ дәрежелі дипломға Қарағанды медицина университетінің студенті Сәкен Түбекбайұлы мен Қарағанды жоғары «Болашақ» колледжінің студенті Айша Сарсенқұлова лайық деп танылды. Ал, ІІІ орын биігінен әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Қорабай Назерке мен Әлихан Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы Тастемір Аяулым көрінді.
Сонымен қатар, ынталандыру сыйлығымен Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Аманбек Қымбат пен Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Болат Ералы марапатталды.
Марапаттау рәсімінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бағдат Мүбәрак сөз алып, байқау жеңімпаздарын құттықтап, Абай мұрасын бүгінгі жас ұрпақтың жүрегіне жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Жеңімпаздарға Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атынан арнайы диплом мен сыйлық берілді.
«Адамзаттың Абайы» атты Абай оқулары – жастардың рухани дүниесін байытып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыратын тағылымы мол шара. Бұл байқау жас буынның ұлы ақын шығармалары арқылы ой-өрісін кеңейтіп, тіл байлығын дамытып, көркемдік талғамын шыңдауға үлкен мүмкіндік береді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»