Қара сөздің киесі қонған
Сіздер мына сөздердің байыбына барып, бір байқап көріңіздер: сетер, мейрамсу, айтабан, абаш, ғалисан, т.б. жүздеген сөздерді жазушы Төрехан Майбастың кітабын оқып отырсаңыз, көзіңіз шалады. Иә, жазушы Төрехан Майбас…
III курстың қысқы сессиясынан кейін біздің группа тағы бір студентпен толықты. «Академнен» келді, осы Төреханымыз. Менің сол кезде «марксизм-ленинизм» ауруына біржола шалдыққан кезім, сессиядан сессияға «төртке» еш ұрынбай, ылғи «беспен» шауып отырған озат студентпін.
Сонда ғой осы Төреханның: «Аға, бір шаршамайды екенсіз. Түбі қараң қалатын нәрсеге несіне шаншыласыз да жатасыз…» деді.
Мен: «Тәйт, былшылдама!» – дейтінмін.
Сөйтсем, Ақшатаудың Кернейі көріпкелдің өзі болып шықты.
Жә, кітабына үңілейікші!
«Мен бала кезімнен ескі әңгімеге үйір болдым. Сол себептен нағашы атамды да аз әурелегем жоқ. Менің бір жаман әдетім бір нәрсе туралы сұрап қоймаймын. Содан да үлкендердің маған әңгіме айтқысы жоқ.
Нағашыларымның түп атасы Шаң болады. Содан мен сұрамаймын ба, «Неге Шаң, неге Тозаң емес?» деп.
– «Топырақ» деп атаса да, менің бабама жарасып тұрар еді, – деп нағашым кеңк-кеңк күлер еді. Алайда, мен күле алмаймын.
– Топырақ болғанда қарасы ма? – деп шақ ете қаламын…
Міне, Төреханым бала кезінен қандай «аурумен» ауырған. Есіме лекциялар елестейді. Группаның старостасы болғандықтан кейде артыма бір қарап, бақылап қоятыным бар. Сонда ғой кейде осы Төрехан дәптерден бас көтермей, бірдеңе жазатын да жататын. Шабыттың шары екен-ау! Кім білген?
Кейін осы «құпияны» Советханмен (ол да жорналшы) телефонмен бір хабарласқанда анықтадық. Советхан соны жайып салған. Екеуміз Төреханды мақтадық. Бізге «академнен» жиырма үш жасында келіп қосылған Төрехан өзінің әйгілі «Керат» хикаятын жиырма жасында еңсеріпті. «Кератты» оқып әкесі еңкілдеп жылаған. Әке өмірін баласы сөзбен әдіптеген. Өзі жазушылығына сенген. Оралхан (Бөкей) ағасы да сенген. Сенгені аз – жоғары баға берген. Бірақ Ғафаң жаратпапты. Оралхан Төреханды жетектеп, «Жұлдызға» апармай ма? «Қазақ прозасына екінші Оралханның керегі жоқ…» деп бір-ақ кесіпті Ғафаң. Сол кездегі «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, ақын Ғафу Қайырбеков Оралхан жалғыз болса, Төреханның да жалғыз екенін аңғармаған-ау шамасы. Аңғармағаны анық, енді…
Төреханды оқып отырмын… 2000 жылдың көктемінде Қарағандыға жолым түсті. «Орталықтағы» Төреханға кіріп шығуым керек. Манап келіннің қайтыс болғанын естігенмін. Стипендия алғанда мені арқадан қағып, ескі қаладағы «ұңғыш» ауылындағы пәтеріне апарар еді. Манап келіннің қолынан талай дәм таттым…
Төреханның «Орталықтағы» жұмыс бөлмесінде отырмыз. Сол жолы Серік ақынмен ұшырастым. Кезінде Шерағаң қадірлеген «Қасқырдың монологы» деген бір өлеңі үшін-ақ Мемлекеттік сыйлыққа лайық Серік Ақсұңқарұлы дәл сол кезде елуге толып жатты. «Орталықта» жарық көрген Төреханның «Поэзия жылап тұр» деген жазбасын оқып отыр едім, ақынның өзі кіріп келді. «Жылқы кісінескенше» деген сондай-ақ болар, ақынмен әп-сәтте тіл табысып кеттік. Ақынның «Тілеке, жазатын мылжыңнан жазбайтын ақын артық, сол сізсіз!» деген сөзі әлі жадымда.
Студенттік өмірдің кейбір өзіндік ерекшеліктері де бар. Баяғы заманның сал-серілерінше емін-еркін көсіліп жүретін өзінің бір уақыты болады.
Ақшатаудың бір қара шалы – Төреханның әкесі Әкімжан ағаның ақ дастарханынан «Қабылдың адал келіні» – Қуаныш тәтенің қолынан да дәм татқаным бар. Дегенмен, Әкімжан ағамен арада қандай әңгіме өрбігені есімде жоқ.
Оқу бітірген соң екеуміз Сарыарқаның екі пұшпағында тұрып жаттық. Мен өзімнің Қорғалжынымда болдым.
Алпысыма толған жылы Төрехан «құтты болсын!» айтып, бір келіп кеткен….
Сол жағалаудағы Ұлттық академиялық кітапханадан Бауыржан Момышұлының кітабын іздеп, сөредегі «М» әрпін түгендеп жатқанымда, кенет көзім кітап қырындағы «Төрехан Майбас» деген жазуға түскені. Сенерімді, не сенбесімді білмей, сәл-пәл тұрып қалдым. Сонау студенттік жылдар елесі тізбектеле бастады. Семинар сабақтарындағы Төрехан жауабындағы оғаш ойларды байқаушы едім. Тек оның оқудан екі рет шығып қалу тарихынан бейхабар болдым.
Бізге III курстың қысында Алматыдан лекция оқуға келген айтулы ғалым ағамыз Мекемтас Мырзахметовпен шүйіркілесіп жүретін Төреханға абайлап қарайтыным рас-ты.
Біртіндеп кітаптарын оқи бастадым. Өзімен хабарласудың да сәті түсті. Мына тәжвирустың алдында елордаға арнайы келіп кетті. Қолында екі бумасы бар.
1961 жылы әкей марқұм әйгілі «Абай жолының» екі томын үйдегі шағын кітап сөресіне әкеліп қойды. Төрехан өз редакторлығымен эпопеяның төрт кітабын бір томға біріктіріп, менің шағын кітапханама сыйлады. Арада елу сегіз жыл еткен…
Бір өкініштісі, жаңа нұсқада Тоғжан қыздың суреті жоқ. Баяғы он бес жасар мен бірінші шығарылымындағы Тоғжан қыздың суретіне қайта-қайта жалықпай қарай беретінмін. Сол Тоғжанға мен де ғашық болдым…
Тұп-тура отыз жыл өткенде Төреханның ескерусіз қалған «Кераты» «Қазақ әдебиеті» жариялаған Марат Қабанбай атындағы бәйгеде топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Мен Төреханның қолыма түскен шығармаларынан өзімше тізім түздім. Негізі, менің іні-досым сөздің киесімен ауырған. Осыған көзім анық жетті. Анық жеткен соң да Төрехан туралы жазуға мәжбүр болдым. Анығы – осы.
Тәжвирус бізді дегенімізге жеткізбеді. Қырық жылдық атаусыз қалды. Университет бітірген тойымыз еді…
Тілеубек ЫСҚАҚОВ,
ҚР оқу ағарту ісінің үздігі.